ХВҚ әлемдік ЖІӨ болжамын жақсартты, бірақ «мұңды перспектива» туралы неге ескертті?

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мәліметінше, 2025 жылы әлемдік экономика 3,2% өседі. Осылайша ұйым өз болжамын жақсартты: шілдеде ХВҚ өсімді 3% деңгейінде болжаған еді. Алайда, алда әлемді «мұңды перспектива» күтіп тұр, деп ескертті.
Егжей-тегжейлі
ХВҚ-ның World Economic Outlook есебінде, 2025 жылғы әлемдік ЖІӨ өсімін қайта қарауға АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген баж салығы себеп болғаны айтылған. Бағаның өсуінен бұрын компаниялар мен үй шаруашылықтарының тауар сатып алуға ұмтылуы іскерлік белсенділіктің артуына ықпал еткен. Сондай-ақ, қордың мәліметінше, болжамның 3%-дан 3,2%-ға көтерілуіне жаһандық сауданы доллардың әлсіреуі түрткі болған.
Алайда, ХВҚ бұл факторлардың уақытша сипатта дейді. Сондықтан келесі жылы өсім 3,1% дейін баяулауы мүмкін. Есепте көрсетілгендей, қысқа және ұзақ мерзімді болжамдар «мұңды перспективаға» нұсқайды.
Bloomberg таратқан мәліметке сәйкес, ХВҚ бас экономисі Пьер-Оливье Гуринша былай деді: «Жағдай біз күткендей жаман емес, бірақ бір жыл бұрын үміттенгенімізден де, бізге қажет деңгейден де нашар. Тәуекелдер әлі де теріс бағытта».
Гуринша 2025 жылдың алғашқы жартысындағы баж салығының әсерін жұмсартуға көмектескен факторлардың бірі ретінде жасанды интеллект саласындағы инвестициялық бумды атады. Оның айтуынша, Қытай жоғары баж салығының соққысын азайта алды — ол экспортты Азия мен Еуропа нарықтарына қайта бағыттап, бюджеттік қолдау шараларын іске асырған. Сонымен қатар, Германиядағы фискалдық ынталандыру еуроаймақтың басқа бөліктеріне де оң әсерін тигізді.
«Өтемдік факторлар болғанымен, баж салығының соққысы әлсіз болып тұрған өсу перспективасын одан әрі нашарлата түсті. Біз ағымдағы жылдың екінші жартысында баяулау, ал 2026 жылы тек ішінара қалпына келуді күтеміз», — деп жазды Гуринша.
Аймақтық болжамдар
ХВҚ дерегінше, АҚШ экономикасының өсу қарқыны 2025 жылы 2% баяулайды, бұл 2024 жылғы 2,8%-дық көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай төмендеу. Ал 2026 жылы өсім қарқыны 2,1% деңгейінде тұрақталады, деп болжайды қор.
Еуроаймақта ЖІӨ өсімінің жеделдеуі күтілуде: 2024 жылы — 0,7%, 2025 жылы — 1,2%, ал 2026 жылы — 1,1% болады деп болжанған.
Ал Қытай экономикасы, керісінше, қарқынын жоғалтуды жалғастырады: 2025 жылы болжам бойынша 4,8%, ал 2026 жылы 4,2% деңгейінде болады, деп есептейді ХВҚ.
ХВҚ неге алаңдайды?
Есепте атап өтілгендей, жоғары баж салығының әсері байқала бастады: атап айтқанда, АҚШ-та инфляцияның негізгі көрсеткіші өсіп, жұмыссыздық деңгейі сәл артқан. Басқа елдерде инфляция орталық банктердің мақсатты деңгейінен жоғары тұрақтанып, өсу перспективасы белгісіз күйінде қалуда, бұл ақша-несие саясатын жүргізетін реттеушілердің жұмысын қиындатады.
Қосымша тәуекел факторларының қатарында ХВҚ қарыз алудың артуын атап өтеді. Қордың пікірінше, үкіметтерге, әсіресе Еуропада, демографиялық өзгерістер, әскери бюджеттердің ұлғаюы және энергетикалық қауіпсіздікке инвестициялардың көбеюін ескере отырып, мемлекеттік шығындарды қысқарту жолдарын іздеуге тура келеді.
«Пандемиядан кейінгі кезеңде мемлекеттік қарыздың тұрақтылығын сақтау қиындай түсті. Бұған қарыздың жоғары деңгейі, бюджеттердің нашарлауы, пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуі және экономикалық өсімнің баяулауы себеп», — делінген ХВҚ шолуында.
ХВҚ ескертуінше, банктік емес қаржы ұйымдары (мысалы, зейнетақы қоры, сақтандыру және инвестициялық компания) қарқынды өсіп келе жатқан секторда қиындықтарға тап болса, бұл банктерге қауіп төндіріп, қаржылық дағдарыстарды басқаруды күрделендіруі мүмкін. Есепте атап өтілгендей, мұндай құрылымдар қаржы жүйесіне қауіп төндіруі ықтимал, себебі тікелей несие беру қоры, жылжымайтын мүлік нарығы және криптовалюта сияқты бірнеше арна арқылы әсер етеді. ХВҚ дерегінше, қазіргі таңда бұл ұйымдар әлемдегі барлық қаржы активтерінің шамамен жартысын басқарып, валюта нарығындағы күнделікті айналымның 50%-ына дейінгі үлесті қамтамасыз етіп отыр. Мұндай банктік емес ортада рейтингі төмендегенде немесе кепіл мүлкі құнсызданғанда, банктердің капиталы мен өтімділігіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін, делінген баяндамада.
ХВҚ қадағалауды күшейтуді, инвестициялық қорларда өтімділікті басқару құралдарының жеткілікті болуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ тікелей несие беру нарығына көбірек назар аударуды ұсынды.








