JPMorgan алдағы 10 жылда АҚШ-тың стратегиялық салаларына $1,5 трлн инвестиция құймақ

АҚШ-тағы ең ірі банк JPMorgan елдің «ұлттық экономикалық қауіпсіздігі мен тұрақтылығы» үшін маңызды салаларға $1,5 трлн инвестиция салуды көздейтін он жылдық стратегиясын іске қосты. Банк минералдар өндіру, қорғаныс технологиялары, аккумуляторлар, сондай-ақ жасанды интеллект пен кванттық технологиялармен айналысатын компанияларға $10 млрд-қа дейін қаржы құюды жоспарлап отыр. Бұл бастама экономикадағы түрлі секторлар компанияларының акцияларында ралли туғызды. Бұдан кімдер ұтуы мүмкін?
Егжей-тегжейлі
JPMorgan негізінен АҚШ-тағы орта және ірі капитализациялы компанияларға инвестиция салып, «экономикалық өсімді жеделдету, инновацияны ынталандыру және стратегиялық өндірісті күшейтуді» мақсат етеді, делінген банктің хабарламасында.
JPMorgan Chase директорлар кеңесінің төрағасы және бас директоры Джейми Даймон атап өткендей: «АҚШ өзіне қажетті маңызды минералдар мен өнімдер бойынша сенімсіз көздерге тым тәуелді болып қалғаны айқын байқалды. Бұл – ұлттық қауіпсіздігіміз үшін өте қауіпті».
Банк алдағы 10 жылда шамамен $1 трлн инвестиция салуды жоспарлап, қосымша ресурстар мен капитал есебінен бұл соманы $1,5 трлн-ға дейін жеткізуді көздеп отыр.
Инвестицияның төрт негізгі бағыты
— Қорғаныс және аэроғарыш. Қорғаныс технологиялары, автономды жүйелер, дрондар, жаңа буындағы байланыс және қорғалған коммуникациялар.
— Энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылық. Аккумуляторлар, энергетикалық желілердің сенімділігі және үлестірілген энергия көздері.
— Озық және стратегиялық технологиялар. Жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, кванттық есептеу жүйелері.
— Жеткізу тізбегі және жоғары технологиялық өндіріс. Маңызды минералдар, фармацевтикалық салаға арналған прекурсорлар және робототехника.
JPMorgan бұл төрт бағытты 27 ішкі секторға бөліп, уақыт өте келе оларды қайта қарастыруға ниетті.
Қай акциялар өсті
JPMorgan Chase кванттық технологиялар секторын басым бағыттардың бірі деп жариялағаннан кейін осы саладағы бірқатар компания акциялары күрт қымбаттады.
Мысалы:
Arqit Quantum — +20%
D-Wave Quantum — +23%
Rigetti Computing — +25%
IONQ — +16%
Quantum Computing — +13%
Сонымен қатар MarketWatch дерегінше сирек жер металдары мен литий өндіруші компаниялардың акциялары да көтерілді:
USA Rare Earth — +18%
MP Materials — +21%
Lithium Americas — +12%
Albemarle — +7%
Ramaco Resources — +11%
Әр бағытқа арналған ETF-тер
Қорғаныс: iShares Dow Jones US Aerospace & Defense ETF (ITA). Негізгі позициялар: General Electric, RTX Corporation, Boeing.
Энергетика: VanEck Uranium & Nuclear ETF (NLR); iShares Energy Storage & Materials ETF (IBAT); Invesco Solar ETF (TAN). Негізгі позициялар: Constellation Energy, Bloom Energy, Nextracker, Oklo, First Solar.
Инновациялар: Roundhill Generative AI & Technology ETF (CHAT). Негізгі позициялар: Nvidia, Alphabet, Oracle.
Жеткізу тізбегі: TCW Transform Supply Chain ETF (SUPP). Негізгі позициялар: Nvidia, Waste Connections, Martin Marietta.
Контекст
Financial Times атап өткендей, JPMorgan жоспары Дональд Трамптың «Америка бәрінен жоғары» (America First) саясатының жалғасы іспетті.
Алайда Джейми Даймон бұл бастама толық коммерциялық сипатқа ие екенін және ақ Үйдің жобасы емес, JPMorgan-ның жеке стратегиясы екенін айтты, деп хабарлайды Reuters.
Соңғы айда кванттық компаниялардың акцияларының бағасы мықты өсім көрсетті: мысалы, Rigetti — +175%, D-Wave — +130%.
Google, Microsoft және Amazon сияқты технологиялық алыптар да кванттық есептеу саласына қызығушылық танытып отыр.
Биылғы ақпанда Microsoft өзінің алғашқы кванттық чипін — Majorana 1-ді таныстырды, ал Google өткен жылдың соңында өзінің кванттық жетістігі — Willow чипін жариялады.








