Сауда соғысы аясында сирек жер металдары қымбаттады, бұдан кімдер ұтуда

АҚШ пен Қытай арасындағы жаңа сауда дауы сирек жер металдарын өндіретін компаниялардың акцияларын күрт өсірді. Пекин бұл стратегиялық шикізатқа экспорттық бақылауды күшейтіп, құрамында тіпті аз ғана мөлшерде сирек жер элементтері бар тауарларды шетелге шығару үшін лицензия талап ете бастады. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп Қытай импортына қосымша 100%-дық баж енгізу қаупін төндірген соң, инвесторлар қытайлық жеткізілімдердің орнын баса алатын өндірушілердің акцияларын белсенді сатып алуға кірісті.
Егжей-тегжейлі
CNBC-дің хабарлауынша Пекиннің экспорттық бақылауды қатайтуы және Трамптың жаңа баж салығын енгізу туралы мәлімдемесінен кейін сирек жер металдарын өндірушілердің акциялары бірден өсті.
Bloomberg деректеріне сәйкес австралиялық тау-кен компаниялары биылғы жылдың үздіктері қатарында. Arafura Rare Earths акциялары 13 қазанда 27%-ға өсіп, соңғы екі жылдағы ең жоғары деңгейіне жетті. Lynas Rare Earths – 8,5%-ға, Iluka Resources – 6,3%-ға, ал Australian Strategic Materials – рекордтық 42%-ға көтерілді.
АҚШ-та да сирек жер металдарын өндіретін компаниялар өсім көрсетті: USA Rare Earth акциялары 15%-дан астам, Critical Metals – 18%-ға, Energy Fuels – 11%-ға, ал MP Materials шамамен 8%-ға қымбаттады.
Сауда шиеленісінің жаңа кезеңі АҚШ, Австралия және олардың одақтастарын электромобильдер, аккумуляторлар, жартылай өткізгіштер мен қару-жарақ өндірісіне қажет сирек жер металдарының баламалы жеткізу тізбегін құруға итермелеп отыр. MarketWatch мәліметінше, Қытай қазір бұл элементтердің әлемдік өндіру және өңдеу көлемінің 70%-дан астамын бақылайды. Австралия үкіметі АҚШ-пен келісім аясында құны 1,2 млрд австралиялық доллар (782 млн доллар) болатын стратегиялық қор құру мүмкіндігін қарастыруда, деп жазады The Age.
Қытай компанияларының акциялары да жалпы нарықтағы төмендеу аясында дүйсенбі күні көтерілді. JL Mag Rare-Earth 17%-ға, China Northern Rare Earth Group High-Tech – 10%-ға жуық, ал China Rare Earth Resources and Technology – 8,7%-ға өсті.
Контекст
АҚШ пен Қытай қайтадан сауда соғысының табалдырығында тұр. Дональд Трамп Қытайдың экспорттық бақылауды күшейтуіне жауап ретінде қомақты жаңа баж салығын енгізетінін мәлімдеп, Қытайды «әлемді кепілде ұстап отыр» деп айыптады және «қаржылық қарсы шаралар» қолданатынын айтты, деп жазады CNBC.
Жаңа ережелерге сәйкес құрамында сирек жер элементтері жалпы құнының 0,1%-ы және одан көп болатын кез келген тауарды экспорттау үшін лицензия қажет. Сондай-ақ қытайлық технологияларды пайдаланып өндіріс немесе өңдеу жүргізетін компаниялар да рұқсат алуға міндетті. Бұл шаралар сәуір айындағы алғашқы шектеулердің кеңейтілген нұсқасы болып табылады — сол кезде Қытай жеті түрлі сирек жер металын және оларды қамтитын өнімдердің экспортын шектеу арқылы әлемдік өнеркәсіптік тізбектерге қысым жасаған еді.








