IBM акциялары Meta мен Nvidia-ны басып озды. Неліктен ол әлі де бағаланбай отыр

Ақпараттық технологиялар шешімдерін ұсынатын ірі компаниялардың бірі — IBM акциялары жыл басынан бері 32%-ға өсті. Өсу қарқыны бойынша олар «Ғажайып жетеуліктің» барлық өкілдерінен озды: Alphabet (-8%), Meta (+23%), Microsoft (+18%), Amazon (+1%), Apple (-16%), Tesla (-25%) және Nvidia (+19%). Жасанды интеллект пен геосаяси шиеленістің күшеюі аясында кейбір сарапшылар, әсіресе, басқа бағдарламалық жасақтама әзірлеушілерімен салыстырғанда, неліктен IBM-нің өсу әлеуеті әлі де бар деп санайды.
Сарапшылардың ұстанымы
— IBM-нің бағдарламалық жасақтама саласындағы бизнесі жоғары тұрақтылыққа және «жабысқақтығына» ие — клиенттер бұрын енгізілген шешімдерден сирек бас тартады, деп жазды Melius Research сарапшылары 7 шілдедегі MarketWatch келтірген жазбасында.
Adobe, Salesforce және Workday сияқты бағдарламалық жасақтама әзірлеушілерінің өсу қарқыны баяулайды, бұл олардың ЖИ-ден пайда табу қабілетіне инвесторлардың көңілі қалуына алып келеді, деп ескертеді Melius сарапшылары. Олардың пікірінше нарықта сенімділік бере алатын бағдарламалық шешім шығаратын компаниялар азайып келеді. Melius Research командасы IBM акцияларын сатып алуға кеңес береді, олардың мақсатты бағасы $350 — бұл 8 шілдедегі жабылу бағасынан 20% жоғары.
— Wedbush Securities сарапшылары IBM үшін «нарықтан жоғары» деген рейтингін растады және мақсатты бағаны $300-ден $325-ке көтерді, бұл соңғы жабылу деңгейінен 12% жоғары. Олардың бағалауынша IBM бұлтты технологиялар мен жасанды интеллектке бағытталған бағдарламалық қамту саласында негізгі ойыншылардың бірі болып қала береді.
«2025 жылы акциялар серпіні әсерлі болғанымен, біз IBM әлі де бағаланбаған және өсу жолының ерте кезеңінде тұр деп санаймыз. Бұл өсімнің басты қозғаушы күші — жасанды интеллект», – дейді Wedbush сарапшылары.
Wedbush сарапшылары IBM-нің генеративті жасанды интеллект бағытындағы бизнесі қазірдің өзінде 6 миллиард доллардан асатынын, ал компания сату, қаржы және маркетинг салаларын қамтитын 70-тен астам ЖИ процесін ұсынатынын атап өтеді. Сонымен қатар, Wedbush мәліметінше IBM кванттық есептеулер саласында ұзақмерзімді өсуге дайындалып жатыр: алдағы жылдары компания 200 логикалық кубиті бар кең ауқымды Quantum Starling кванттық компьютерін шығаруды жоспарлап отыр, ал биыл Quantum Nighthawk чипі жарық көреді деп күтілуде — ол нақты кванттық қолданбалар үшін сапаны едәуір жақсартуы тиіс. Wedbush пікірінше, бұл бастамалар IBM-нің қарқынды дамып келе жатқан, миллиардтаған доллар тұратын кванттық технологиялар нарығындағы орнын нығайтуды көздейді.
— Bank of America сарапшылары да 18 маусымда «сатып алуға» деген ұсынысын сақтап қалды және IBM акциялары бойынша мақсатты бағаны $290-нан $320-ға көтерді, бұл 10,3% өсуге мүмкіндік береді.
Bank of America есебінде Арвинд Кришна (бас директор) мен Джим Кэваноуэрдің (қаржы директоры) басшылығымен IBM компаниясының трансформациясы жоғары бағаланады. Соңғы бес жыл ішінде олар компания стратегиясын түбегейлі өзгертіп, оны бұлтты технологиялар мен корпоративтік ЖИ салаларында сенімді орынға шығарды. Сарапшылардың айтуынша жаңа басшылық компанияны келешегі жоқ әрі қымбат бағыттардан жүйелі түрде арылтып, Apptio, Turbonomic, HashiCorp сияқты ойластырылған сатып алулар арқылы IT-оңтайландыру, ресурстарды басқару және DevOps құралдары саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтті. Бұл өнімдерді нарыққа шығару уақытын қысқартып, операциялық тиімділікті арттырып, жабдық, бағдарламалық жасақтама және консалтингті біріктіретін толық циклды платформа құруға мүмкіндік берді.
«Жуырдағы раллиге қарамастан, IBM құрылымдық тұрғыдан әлі де бағаланбаған және портфельдерде үлесі аз», — деп жазады BofA сарапшылары.








