Intel-дің акциялары шарықтады: SoftBank оған 2 млрд доллар инвестиция салды

Ұзақ дағдарыста тұрған Intel акциялары 18 тамызда Нью-Йорктегі негізгі сауда жабылғаннан кейінгі кешкі сессияда күрт қымбаттады. Себебі жапондық SoftBank — әлемдегі ең ірі процессор жобалаушылардың бірі Arm компаниясының негізгі иесі — күтпеген жерден Intel-ге шамамен $2 млрд инвестиция салатынын мәлімдеді. Компания акциялары нарықтық бағасына жақын — $23 шамасында сатып алынады. Осы мәміледен кейін SoftBank Intel-дің ең ірі 10 акционері қатарына кіріп, шамамен 2% үлеске ие болмақ, деп хабарлады Reuters Intel өкілі мен LSEG деректеріне сілтеме жасап.
Сол күні бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Intel акцияларының 10%-ын сатып алу туралы келіссөздер жүргізгені белгілі болды. Мұндай пакет құны компанияның Чиптер туралы заң (Chips and Science Act) аясында Ақ үйден алған қолдаумен шамалас. Осы жаңалықтан кейін Intel акциялары негізгі сессияда 3,7%-ға арзандаған еді. Бірақ SoftBank-тың инвестиция туралы хабары шыққаннан кейінгі қосымша саудада бағалар керісінше 5,4%-ға өсті.
Ал SoftBank акциялары 19 тамызда Токиода таңғы саудада 5%-дан астам төмендеп, түске қарай құлдырауы 2%-ға дейін қысқарды.
Intel үшін бұл не білдіреді?
Intel технологиялық көшбасшы мәртебесін қайта дәлелдеуге ұмтылуда. Соңғы жылдары ол контракттық чип өндірісінде TSMC-ге, ал жасанды интеллектке арналған чиптерде Nvidia-ға жол берген болатын. Ал SoftBank өз кезегінде OpenAI, Oracle және арабтық MGX қорының қатысуымен АҚШ-та ІЖ (AI) дата-орталықтарын салуға жүздеген миллиард доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Сондықтан SoftBank-тың Intel-ге қаржы құюы — дағдарыстан шығуға талпынып жатқан америкалық алыпқа сенімнің үлкен белгісі, деп жазады Bloomberg.
Инвесторлар үшін не білдіреді?
Investor’s Business Daily атап өткендей, Intel акциялары бағасының құбылмалылығы жоғары күйде қалып отыр. Өткен аптада олардың салыстырмалы күш индексі (RS Rating) 25-тен 72-ге көтерілді. Бұл — бағалардың серпінділігінің айқын жақсарғанын көрсетеді. Екі апта бұрын Intel акциялары нарықтағы қағаздардың 75%-ынан әлсіз болса, соңғы аптада олар 72%-ын басып озды.
MarketWatch-тың дерегінше сарапшылар бұл аптада Intel бойынша мақсатты баға немесе инвестициялық рейтингтерді әлі қайта қараған жоқ. Бір апта бұрын Bernstein компаниясы Intel үшін $21 мақсатты бағаны растаған еді (бейтарап рейтингпен). FactSet мәліметтері бойынша, қазір 43 сарапшының 37-сі Intel акцияларын «Hold» деп бағалайды. Тек екеуі «сатып алуға» (Buy, Overweight), төртеуі «сатуға» (Sell, Underweight) кеңес береді.








