Intel мен Apple арасындағы ықтимал келісім туралы Уолл-стрит не дейді?

Intel-ді АҚШ-тағы негізгі чип өндіруші ретінде нығайта алатын «үлкен серпіліс» пе, әлде билікке ұнамды болу үшін Apple-дың «ізгі ниет қадамы» ма? Уолл-стрит сарапшылары Apple мен Intel арасындағы ықтимал келісім жайлы әртүрлі пікірде. 24 қыркүйек, сәрсенбі күні Bloomberg дереккөздері Intel iPhone өндірушісіне инвестиция салуды ұсынғанын, бірақ келіссөздер бастапқы кезеңде тұрғанын және мәміле жасалмауы да мүмкін екенін хабарлады.
Intel акциялары бейсенбідегі саудада шамамен 6%-ға өсті, ал Apple қағаздары 0,5%-ға жуық қосты.
Сарапшылар не дейді?
— DA Davidson сарапшысы Гил Лурияның айтуынша, Apple инвестициясының тартылуы болашақта Intel-ді АҚШ-тағы негізгі чип өндіруші ретінде бекіте алар еді. Бұған дейін компания АҚШ үкіметі мен Nvidia-ның қолдауына ие болған. Оның сөзінше, билік араласқанға дейін Intel-де болашақ 14A техпроцессіне бірде-бір «тірек» клиент болмаған, бұл компанияның келешегін күмәнді еткен. «Енді Intel-де Nvidia бар, ал егер оған Apple қосылса, америкалық өндірісті қолдайтын екі ірі жартылай өткізгіш клиенті болады», — деді Лурия MarketWatch келтірген жазбасында.
— Zacks Investment аға портфельдік менеджері Брайан Малберри онша оптимистік көзқараста емес. Ол ықтимал серіктестікті «ізгі ниет қадамы» деп бағалауға болатынын айта отырып, әзірге бұл перспективаға күмәнмен қарайды. Малберри Intel мен Apple бұрын да серіктес болғанын, алайда 2020 жылы Apple өз чиптерін шығара бастағанын еске салды. «Менің күмәнім туындайтын жер — Intel бір кездері Apple компьютерлерінің сұранысына ілесе алмаған еді», — деп атап өтті ол. Сонымен бірге, Apple үшін бұл серіктестіктің пайдасы болуы мүмкін: өндірістің бір бөлігін АҚШ-қа көшіру арқылы баж салығынан құтылу.
— Gabelli Funds портфельдік менеджері Хенди Суссанто MarketWatch-қа берген пікірінде: «Apple-ды инвестор әрі ірі клиент ретінде тарту — елеулі серпіліс болады» деді. Оның ойынша, Intel үшін 14A бойынша клиенттер мен жобалық міндеттемелерді қамтамасыз ету өте маңызды. «Бұл тек өз жоспарын орындай алатынын дәлелдеу үшін ғана емес, сонымен қатар литейлік бизнеске ірі тапсырыс берушілерді тартып, өндіріс ауқымын құру үшін қажет. Сол ауқым экономикалық тұрғыдан өміршеңдікке жеткізеді», — деді Суссанто.
— Gabelli Funds-тың тағы бір сарапшысы Рюта Макиноның пікірінше, Apple Intel-дің чип архитектурасы x86-ға емес, дәл литейлік бизнесіне, яғни өндірістік қуаттарына қызығушылық танытуы мүмкін. «Бұл қадамды саяси тұрғыдан қарастыруға болады: Apple АҚШ-тағы өндірістерге салынған инвестицияға үлкен мән беріп отыр», — деді ол. Zacks-тағы әріптесі сияқты Макино да мұны iPhone өндірушісінің «үкімет тарапынан қосымша қолдау алуға тырысқан амалы» деп бағалады.
— Seaport Research сарапшысы Джей Голдберг те тым оптимизмге берілмеу керек деп санайды, дегенмен Intel акцияларының рейтингін «сатудан» «бейтарапқа» дейін көтерді, деп хабарлайды Barron’s. «Біз Intel-дің қате бағытта кетіп бара жатқанын, фабрикаларын құтқарып қалуға уақыты азайып бара жатқанын ойлаймыз. Дегенмен, жақын арада компания акцияларының динамикасы жаңа инвестициялар мен фабрикаларға уақытша шешімдерге байланысты болады», — деді ол жазбасында. Голдбергтің айтуынша, Intel үшін TSMC секілді саланың көшбасшысымен бәсекелесуге тырысудан гөрі ең оңай жол — өндірісті сату немесе жабу. Сонымен бірге, Apple сияқты ірі технологиялық компаниялардың қолдауына сүйенуге тырысқанына қарамастан, Intel-де жасанды интеллект саласында айқын стратегиясы жоқ, маржиналдылық мәселесі шешілмеген және ақшалай ағын шектеулі болып тұр. «Уақыт өте келе осы әлсіз тұстар айқынырақ байқалады, бірақ қысқа мерзімде оларды жаңа сыртқы инвесторлардың келуі көлегейлеуі мүмкін», — деп қосты сарапшы.








