Интернет пен ЖИ инфрақұрылымды ұғынуға деген көзқарасты өзгертті

Диана Койл — Кембридж университетінің мемлекеттік саясат профессоры. Мақала Project Syndicate үшін дайындалған.
Жаңа шынайылық
Әлемдегі ең көне жерасты көлік жүйесі саналатын Лондон метросы 1863 жылы ашылды. Осы кезеңде инженер Джозеф Базэлджет 1858 жылғы «Ұлы сасықтықтан» кейін Лондонның заманауи кәріз жүйесін жобалады. Сол жылы күннің ыстығынан Темзаға төгілген лас сулардың иісі күшейіп, парламент жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Болашақты ойлаған Базэлджет 150 жылға жететін жүйе салды. Бұл жүйе тек қазіргі уақытта ғана Thames Tideway жобасы аясында кеңейтіліп жатыр.
Ұлыбританияның кез келген ірі қаласында, мысалы, Лондоннан Глазгоға, Белфасттан Бристольге дейін серуендесеңіз, виктория дәуірінен қалған инфрақұрылымның әлі де қолданылып жүргенін байқайсыз. Бұл жағдай сол заманда құрылыс жұмыстары ерте басталып, ұзақ мерзімге жоспарланғанымен байланысты. Көп елдердегідей, Ұлыбритания инфрақұрылымы палимпсест секілді: жаңа қабаттар ескі құрылымның үстіне салынады.
Қазіргі уақытта да ұқсас үрдіс жүріп жатыр. Жаңа технологиялар күнделікті өмір мен экономикалық өсімнің ажырамас бөлігіне айналды. Кең жолақты интернет, мобильді желілер мен деректер орталықтары бүгінгі күннің жолдары мен электр желілеріне айналды.
Сонымен бірге, әлемдік саясаткерлер ортасында әлеуметтік инфрақұрылым ұғымының маңызы артып келеді. Мысалы, Ұлыбританияның инфрақұрылым жөніндегі жаңа он жылдық стратегиясы денсаулық сақтау, білім беру және әділ сот салаларында бірлесу мүмкіндігіне, өнімділік пен тиімділікті арттыруға, кеңістіктік және стратегиялық жоспарлаудың артықшылықтарына басымдық береді. Бұл — әлеуметтік инфрақұрылым Ұлыбритания үкіметінің ұлттық стратегиясына алғаш рет енгізілген жағдай. Құжатта басты назар осы қызметтерді қолдайтын физикалық нысандарға аударылғанымен, инфрақұрылым ұғымының кеңейгені байқалады.
Дегенмен, бұл көзқарастың өзі әлі де тар. Экономиканың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жүйелердің сипаттарына назар аударайық: ұзақ қызмет ету мерзімі, тұрақты жоғары шығындар, шекті шығындардың төмендігі және кең қолжетімділік. Бірақ олардың құндылығы физикалық нысанның өзінен емес, сол арқылы жүзеге асатын экономикалық әрекеттен туындайды. Электр желісіндегі сымдар мен байланыс арналары емес, жеткізілетін жарық, жылу және мазмұн құнды.
Цифрлық дәуір талаптарына сай инфрақұрылым туралы түсінігімізді кеңейтуіміз керек. Үкіметтер инфрақұрылымды көбіне деректер орталықтары мен олардың энергия мен су тұтынуы тұрғысынан қарайды. Алайда кешенді көзқарасқа материалдық емес активтер — бағдарламалық жасақтама мен деректер де кіруі тиіс.
Бұл идея тым теориялық болып көрінуі мүмкін. Бірақ 2020–2021 жылдардағы пандемия кезіндегі локдаун цифрлық платформалардың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Zoom сияқты видеоқызметтер жұмыс, білім беру және мемлекеттік қызмет көрсету үшін соншалықты маңызды болды, бүгінде онсыз өмірді елестету қиын.
Физикалық нысандардан материалдық емес активтерге қарай
Бүгінде көптеген елдер цифрлық қоғамдық инфрақұрылым деп аталатын жүйелерді әзірлеуде. Іс жүзінде олар мемлекеттік және жекеменшік қызметтердің үйлесімінен тұрады.
Мысалы, 2020 жылы Бразилияның орталық банкі Pix деп аталатын нақты уақыттағы төлем жүйесін іске қосты. Бұл жүйе қолма-қол ақшамен есеп айырысуды іс жүзінде алмастырды. Сол сияқты, Үндістандағы биометрикалық сәйкестендіру жүйесі Aadhaar мемлекеттік қызметтер мен цифрлық төлемдердің платформасына айналды. Эстонияның X-Road атты дерек алмасу жүйесі көптеген электронды мемлекеттік басқару компоненттерінің негізі болып отыр.
Мұндай цифрлық жүйелер ескі инфрақұрылымы аз елдерде тезірек енгізіледі. Ал АҚШ пен Ұлыбританияда бұрыннан қалыптасқан төлем жүйелерінде банк карталарын шығаратын жекеменшік компаниялар басым. Бұл мемлекеттік баламалардың дамуын қиындатады.
Экономикалық маңызы өсіп келе жатқан бұл салада үкіметтер бағдарламалық жасақтама мен деректерге, яғни цифрлық жолдар мен электр желілеріне стратегиялық актив ретінде қарауды бастауы керек. Мұндағы басты қиындық — инфрақұрылымға деген сұраныс жанама сипатта. Оның құрамдас бөліктері бір-бірімен тығыз байланысты жүйе құрайды. Сол себепті жекелеген жобалардың нақты әсерін бағалау оңай емес.
Бұл әсіресе материалдық емес активтерге қатысты. Шектеулі бюджетпен жұмыс істейтін үкіметтер әдетте деректер мен бағдарламалық жасақтамаға жеткілікті инвестиция салмайды. Ал жеке инвесторлар мұндай инвестицияларды тәуекелі жоғары деп есептейді. Дегенмен, тұрақты әрі сапалы цифрлық негіздің болмауы экономикалық өсімді тежеуі мүмкін.
Болашақ — цифрлық егемендікте
Цифрлық инфрақұрылымға инвестиция салудың тағы бір себебі — ұлттық егемендік. Соңғы жылдары әлем елдеріндегі көптеген саясаткер бұлтты технологиялар саласында америкалық компаниялардың үстемдігіне байланысты ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатер туралы алаңдаушылық білдіріп келеді.
Бұл алаңдаушылық Microsoft компаниясы Трамп әкімшілігінің талабымен Халықаралық қылмыстық соттың бас прокуроры Карим Ханның пошталық аккаунтын бұғаттағаннан кейін күшейе түсті.
Сондықтан уақытша мәселелермен шектеліп қалмай, болашаққа көз тігу Үкіметтер үшін негізгі тұжырымға айналыуы тиіс. Инфрақұрылым — қандай инвестициялар қажет, оларды кім жүзеге асыруы керек және бұл инвестицияларды тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін қалай реттеу қажет екенін түсінуге мүмкіндік беретін тиімді ұғым.
Мұнда сот жүйесінің тиімділігі де өте маңызды. Бұл тек ғимараттар мен кеңселердің сапасына емес, сонымен қатар заңның әділ, уақытылы және болжамды орындалуына байланысты.
Сол сияқты, қолданушыларды аутентификациялауға, бұлтты сервистерге қолжетімділікті жеңілдетуге және жаңа цифрлық бизнес түрлерін дамытуға мүмкіндік беретін үйлесімді бағдарламалық қамтамасыз етуі бар сапалы деректер де қажет.
Виктория дәуірінің қала құрылысын болжай білетін инженерлері қалдырған мұра әлі де кәдеге жарап отыр. Біз де бүгінгі инфрақұрылымдық мәселелерге дәл сондай көзқараспен қарауымыз керек.
Copyright: Project Syndicate, 2025.
www.project-syndicate.org








