IPO WhiteFiber: ЖИ-ге арналған дата-орталықтар операторының акциясымен сауда басталды

АҚШ-тағы Bit Digital биткоин майнерінің еншілес компаниясы WhiteFiber акцияларының алдын ала саудасы Freedom клиенттеріне арналған сауда-саттық жүйесінде басталды. WhiteFiber дата-орталықтарды басқарып, жасанды интеллект қосымшалары мен машиналық оқыту жүйелерін әзірлеушілерге есептеу қуаттылықтарын жалға береді. Компания қағаздары WYFI тикерімен қолжетімді. Кейінірек бейсенбі күні олар Nasdaq биржасында пайда болады.
Егжей-тегжейлі
WhiteFiber Nasdaq биржасында $159,4 млн тартты. Жоғары сұраныс компанияға биржаға ұсынылатын акциялар санын 7,8 млн-нан 9,4 млн данаға дейін ұлғайтуға және оларды жарияланған баға диапазонының жоғарғы шегі — бір қағазға $17 бағамен орналастыруға мүмкіндік берді. Bloomberg есептеуінше, дата-орталықтар операторының листингтен кейінгі нарықтық капитализациясы $619 млн-ды құрады. WhiteFiber акциялары Nasdaq биржасында WYFI тикерімен саудаланады.
Листингті ұйымдастырушылар ретінде B. Riley Securities, Needham & Co. және Macquarie Capital компаниялары шықты. Bloomberg мәліметінше, букбилдинг барысында сұраныс ұсынылған көлемнен бірнеше есе асып түскен.
Компания несімен қызық?
WhiteFiber компаниясының тарихы 2023 жылғы қазан айында басталды. Сол кезде Bit Digital өзінің ЖИ бөлімшесін іске қосып, бұлтты сервистердің алғашқы клиентімен келісімшартқа отырған. Қазіргі таңда компания бірнеше дата-орталықты басқарады, онда Nvidia чиптері орнатылған серверлер жұмыс істейді. Оның клиенттері — жасанды интеллект қосымшалары мен машиналық оқыту жүйелерін әзірлеушілер.
Bit Digital — биткоин өндіруден түсетін сыйақы азайғаннан кейін дата-орталықтарға ауысқан майнингтік компаниялардың бірі. Майнинг операцияларын қысқарту аясында ол $30 млн-ға биткоин сатып, орнына басқа криптовалюта — Ethereum сатып алған, деп жазады Bloomberg. 2025 жылғы шілденің ортасындағы жағдай бойынша Bit Digital 120,3 мың Ethereum токеніне иелік еткен (ағымдағы бағам бойынша шамамен $458 млн).
WhiteFiber-дің IPO-сы — жай ғана капитал тарту емес, ол Bit Digital стратегиясының өзгерісін көрсетеді, деп жазады AInvest инвестициялық платформасы. Бас компания Ethereum-ды сақтауға көшсе, WhiteFiber инвесторлар ерекше қызығушылық танытып жатқан ЖИ инфрақұрылымы сегментіне шоғырлануға еркіндік алды, делінген жарияланымда.
WhiteFiber IPO-ға берген өтінімінде 2025 жылдың бірінші тоқсанында таза пайдасы 1,7 есеге артып, $1,4 млн-ға жеткенін көрсетті. Тоқсандық табыс екі есеге өсіп, $16,8 млн болды. Өткен жылы компания $46 млн-ға канадалық дата-орталық операторы Enovum-ды сатып алды, ал 2025 жылы Солтүстік Каролинада деректерді өңдеу орталығын салу жоспарын жариялады, деп еске салады Renaissance Capital.
Freedom-ның акциялар туралы ойы
Freedom Broker сарапшысы Әлем Бектеміров WhiteFiber акцияларына қатысты «Сатып алу» (Buy) ұсынымын берді. Оның болжамынша, компанияның табысы 2024 жылғы $48 млн-нан 2034 жылға қарай $2,5 млрд-қа дейін өседі. Компанияның маржиналдылығы жақсарып келеді — 2024 жылы 1% болған EBIT-маржа (операциялық пайда мен табыс арақатынасы) 2025 жылдың бірінші тоқсанында 11%-ға жетті. Бектеміровтің консервативті болжамы бойынша бұл көрсеткіш 20%-ға дейін өседі. Барлық қаржылық болжамдар мен IPO-дан түскен қаражатты есепке ала отырып, сарапшы WhiteFiber-дің әділ бағасы $787 млн деп санайды, ал акцияның мақсатты бағасы — $21,8. Бұл 12 айлық перспективада 28%-дан астам өсу әлеуетін білдіреді.
WhiteFiber үшін негізгі тәуекелдер ретінде Freedom сарапшысы деректерді өңдеу орталықтары мен ЖИ инфрақұрылымы нарығындағы жоғары бәсекені атап өтті — компания Equinix, Digital Realty және CoreWeave сияқты ірі провайдерлермен бәсекеге түсуі керек. Бұдан бөлек, операциялық тәуекел де бар: егер WhiteFiber клиенттердің есептеу ресурстарына деген сұранысын уақытында қанағаттандыра алмаса немесе келісімшарттар шарттарын орындамаса, алдын ала төленген қаражатты қайтаруға мәжбүр болуы мүмкін, деп ескертті Бектеміров.
Басқа да сарапшылар пікірі
WhiteFiber – нақты келісімшарттары мен өршіл даму жоспары бар инфрақұрылымдық ЖИ-бизнеске қызықты инвестициялық мүмкіндік ретінде қарастырылады. Дегенмен, компанияның бағасын ақтау үшін тұрақты кіріс өсімі мен клиенттер базасының кеңеюін көрсету қажет. Сол уақытқа дейін инвесторларға күту позициясын ұстанған жөн, деп кеңес береді AInvest.
WhiteFiber-ге орныққан бұлтты провайдерлермен және бастапқыда жасанды интеллект міндеттеріне бейімделген инфрақұрылымдық платформалармен күрделі бәсекеге түсуге тура келеді, деп атап өтті BitcoinMiningStock шолушысы, майнинг саласында тәжірибесі бар Синди Фэн. Компания жылдық табысты әр мегаваттқа шаққанда $1,6 млн деңгейінде, ал EBITDA маржасын 75% деп жобалап отыр. Алайда бұл көрсеткіштер жаңа нысандар іске қосылып, клиенттер тарапынан ресурс тұтыну артқанға дейін тек теориялық күйде қалады, деп ескертті сарапшы.
«Мен әлі де ұстамды оптимизмдемін. Бірақ жобалар тұрақты әрі әртараптандырылған табыс көзіне айналғанға дейін, тек қол жеткізілген нақты нәтижелерге сүйенемін», – деді ол.
Freedom клиенттері Figma акцияларына негізгі биржалық сессия ашылғанға дейін қол жеткізе алады. Сауда-саттықта АҚШ биржалары ашылмастан 2–3 сағат бұрын, Астана уақыты бойынша 15:30–16:30 аралығында ерте премаркетте басталады. Қатысу үшін WYFI.US тикерін басу жеткілікті.








