Ірі криптобиржалардың бірі IPO-ға дайындалуда. Бағалауы $20 млрд

Әлемдегі ең ірі криптобиржалардың бірі — Kraken, 19 қарашада АҚШ-тың Құнды қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) акцияларды алғашқы жария орналастыру (IPO) бойынша құпия түрде өтініш бергенін хабарлады. Ұсынылатын акциялар көлемі мен баға диапазоны әзірге белгіленбеген, деп мәлімдеді криптоплатформа.
Бұл жаңалық Kraken соңғы капитал тарту раундында компания бағалауы $20 млрд-қа жетті деп мәлімдегеннен кейін бір күн өткен соң шықты. Бұл — екі айға жетпейтін уақытта 33% өсім.
Kraken криптобиржасы 2011 жылы құрылған. Оның клиенттері 450-ден астам цифрлық активпен, фиат валюталарымен және дәстүрлі қаржы құралдарымен операция жасай алады, деп жазды Reuters.
Агенттік криптовалютамен байланысты компаниялар АҚШ-тағы биржаға 2026 жылғы аралық Конгресс сайлауына дейін шығуға ұмтылып жатқанын атап өтеді. 2025 жылы стейблкоин USDC эмитенті Circle және Gemini биржасы IPO өткізді. Қазір Circle акциясы маусымдағы орналастыру бағасынан шамамен 1% төмен саудаланып жатыр, ал соңғы айда олардың құны 46% құлдырады. Gemini қағазы қыркүйектегі листингтен кейін шамамен 70% төмендеп кеткен.
Сонымен қатар, криптовалюталарға бағытталған активтерді басқарушы Grayscale және цифрлық активтерді сақтау бойынша қызмет көрсететін BitGo стартапы да IPO жоспарлап отыр, деп хабарлады Reuters.








