J.P. Morgan: АҚШ акциялары қымбат, бірақ оларды сатып алуға әлі де негіз бар

АҚШ-тың акциялар нарығы шын мәнінде қымбат көрінуі мүмкін, алайда бұл америкалық компаниялардың қағаздарына инвестицияны азайту керек дегенді білдірмейді. Бұл туралы J.P. Morgan Private Bank банкісінің EMEA (Еуропа, Таяу Шығыс және Африка) аймағы бойынша акциялар стратегиясы бөлімінің жетекшісі әрі атқарушы директоры Наталия Липихина Bloomberg подкастында мәлімдеді. Оның айтуынша тіпті нарықтың қазіргі жоғары бағасына қарамастан, америкалық акцияларды портфельде жоғары үлесте ұстауға негіз болатын салмақты факторлар бар — олардың бірі жасанды интеллект (AI) технологиясы.
Егжей-тегжейлі
Липихинаның пікірінше «S&P индексінде жоғары үлеске ие болу әлі де орынды». Мұның басты себебі — жасанды интеллектті жедел енгізу процесі: бұл компаниялардың тиімділігін арттырып, жалпы маржиналдық көрсеткіштердің жақсаруына ықпал етеді.
Сарапшы инвесторларға акцияларға арналған портфельдің 60–70%-ын америкалық қағаздарға арнауды ұсынды. Ал қалған бөлігін еуропалық акцияларға (әсіресе, өнеркәсіп пен қорғаныс саласындағы компаниялар), сондай-ақ Үндістан нарығына, хедж-қорларға, инфрақұрылымдық жобаларға және алтынға бағыттауға кеңес берді.
Ұлыбританияның акциялар нарысына қатысты Липихина скептикалық көзқараста екенін жеткізді. Ол британдық акциялардың қазіргі уақытта арзан бағаланып отырғанын мойындайды, алайда олардың құнын әділ деңгейге дейін көтеретін нақты факторларды көріп тұрған жоқ.
Контекст
S&P 500 индексі сәуір айынан бері 25%-ға өсті — инвесторлар Дональд Трамптың баж салығы әлемдегі ең ірі экономиканы рецессияға ұшыратады деген қауіптен бас тартты. 17 шілдеде Reuters LSEG Datastream деректеріне сілтеме жасап хабарлағандай, маусымның соңынан бері АҚШ-тың негізгі қор индексі алдағы 12 айда күтілетін табыстың 22 еселік көрсеткішінен жоғары деңгейде саудаланып жатыр (P/E көрсеткіші бойынша). Соңғы 40 жылда америкалық акциялар мұндай жоғары бағамен тек шамамен 7% уақыт қана саудаланған, деп жазды агенттік.
Сонымен қатар, 2025 жылы Nasdaq Composite индексі S&P 500-ден озып келе жатыр — бұған жасанды интеллектке байланысты басталған серпіліс себеп болды. Алайда қазірдің өзінде оптимистік көзқарастағы сарапшылардың өзі Nasdaq-тағы қазіргі раллидің 1990 жылдар соңындағы доткомдар дәуіріндегі нарықтық көпіршікті еске сала бастағанын мойындайды. 17 шілдеде Apollo Global Management компаниясының бас экономисі Торстен Слек клиенттеріне жолдаған жазбасында: «1990-жылдардағы IT-көпіршігі мен қазіргі ЖИ-көпіршігінің арасындағы айырмашылық — қазіргі таңда S&P 500 индексіндегі ең ірі 10 компания бұрынғыдан да қатты бағаланып отыр», — деп жазды. Оның айтуынша, 2000 жылдардың басында бұл 10 компанияның форвардтық P/E көрсеткіші шамамен 25 болған, ал соңғы жылдары бұл көрсеткіш 30-ға жақындаған.
Дегенмен, АҚШ акциялары қазіргі кезде қымбат көрінгенімен, бұл нарық көпіршігіне айналды деген сөз емес, дейді Societe Generale компаниясының америкалық қор нарығы бойынша стратегия бөлімінің басшысы Маниш Кабра. Оның есептеуінше, қазіргі уақытта АҚШ-тағы акциялар бойынша тәуекелге шаққандағы сыйақы мөлшері 3,3%-ды құрап отыр — бұл тарихи орташа деңгейден (4,2%) төмен. Бұл инвесторлардың табыс өсіміне және экономиканың беріктігіне деген сенімі сақталып отырғанын көрсетеді. Кабраның сөзінше, S&P 500 индексі 7500 пунктке — қазіргі деңгейден 20%-ға жоғары көрсеткішке жетпейінше, нарық көпіршік аймағына кірмейді.








