JPMorgan мен Goldman: Еуропа акцияларының жыл соңында өсуі мүмкін

Уолл-стриттің ірі екі инвестбанкі 2025 жылдың соңғы айларында Еуропа акциялары қымбаттайды деп болжауда. JPMorgan мен Goldman Sachs сарапшыларының пікірінше, өңірдің экономикалық жағдайының жақсаруы бағалардың көтерілуіне ықпал етеді.
Егжей-тегжейі
Goldman Sachs Stoxx Europe 600 индексі 2025 жылдың соңына қарай тағы 2%-ға өсіп, шамамен 560 пунктке жетеді деп есептейді (Bloomberg дерегі). Банк Еуропа нарығы салыстырмалы түрде арзан әрі инвесторлар тарапынан белсенділік төмен екенін атап өтті. Макроэкономикалық жағдайдың жақсаруы капитал тартуға және бағаның өсуіне мүмкіндік береді.
Шэрон Белл бастаған Goldman Sachs талдаушылары инвесторлардың АҚШ-қа тәуелділікті азайтып, активтерді әртараптандыруға ұмтылып отырғанын айтты. Бұл — әлсіреген доллар мен технологиялық сектордағы шоғырлануға байланысты. Беллдің болжауынша, 2026 жылы Еуропаның негізгі акциялар индексі тағы 5%-ға көтеріледі.
JPMorgan стратегi Мислав Матейка «жақында Еуропа акцияларын сатып алатын уақыт келеді» деп жазды. Ол Қытай нарығының соңғы айларда қалпына келуін мысалға келтірді. Қытай — Еуропаның тау-кен, автокөлік және люкс саласы үшін маңызды нарық. Матейка алдағы айларда Франциядағы саяси дағдарысқа қарамастан Еуропа акциялары АҚШ-тікінен табыстырақ болуы мүмкін деп санайды.
Stoxx 600 индексі жыл басынан бері 8,6%-ға өсті. Ол АҚШ-тың S&P 500 индексінен аздап қалып қойды (S&P 500 биыл 9,8%-ға көтерілді).
Нарықтағы басқа пікірлер
La Financiere de l’Echiquier трейдері Давид Крук Франциядағы жағдай Еуропа нарығындағы раллиді тоқтатпайтынын айтады. Керісінше, бұл түзетулер кезінде сатып алуды күшейтуі мүмкін.
BNP Paribas Asset Management компаниясының портфель менеджері Софи Юнь Еуропа акцияларынан «тиімді кіру нүктелерін» күтуде. Оның айтуынша, наурыздан бері пайда болжамдарының төмендеуі енді керісінше, оң түзетулерге жол ашады.
Жаңа Зеландияның NZ Super Fund зейнетақы қоры (активтері 44 млрд $) да Еуропа акциялары алдағы онжылдықта Нью-Йорктегі бәсекелестерінен озады деп күтеді. Бұл қор Еуропа нарығын негізгі тактикалық бағыттардың бірі ретінде таңдады.
Контекст
2025 жылы Goldman Sachs пен JPMorgan сарапшылары Еуропа нарығы бойынша жасаған болжамдарында бірнеше рет дұрыс шықты. Мамырда Белл екінші тоқсанда Еуропа акцияларының АҚШ-тан оза алмайтынын дәл айтты. Ал шілдеде Матейка нарықтың тұрақтану кезеңіне өтетінін болжаған еді, бұл да расталды.








