«Қарастыру керек»: Трамп Маскты депортациялау туралы сұраққа анық жауап бермеді

Дональд Трамп Tesla компаниясының бас директоры Илон Маскты депортациялау туралы сұраққа «қарастыру керек» деп жауап берді. Маск Оңтүстік Африкада туып, АҚШ азаматтығын ересек кезінде алған. АҚШ президентінің бұл мәлімдемесі Трамп пен миллиардердің арасында «үлкен әрі керемет» салық-бюджет заң жобасына байланысты шиеленіс күшейгеннен кейін айтылды. 2024 жылы The Washington Post Маск АҚШ-тағы мансабын заңсыз жұмыс істеуден бастағанын жазған еді.
Егжей-тегжейлі
АҚШ президенті Дональд Трамп журналистердің Tesla бас директоры Илон Маскты депортациялау ойы бар ма деген сұрағына: «Білмеймін. Қарастыру керек», — деп жауап берді.
Трамп сөзін жалғастырып: «Бәлкім, Илонға үкіметтің тиімділік департаменті — DOGE-ті бағыттауымызға тура келетін шығар. DOGE — қайта келіп, Илонды “жеп қоюы” мүмкін құбыжық. Бұл қорқынышты болар еді, солай емес пе?» — деді ол. Маск осы департаменттің құрылуына өзі бастамашы болып, бірнеше ай басқарған, бірақ мамырда басшылықтан кеткен.
Маск 1971 жылы Оңтүстік Африкада дүниеге келген, анасы арқылы Канада азаматтығын алған. Ол 1992 жылы АҚШ-қа келіп, он жылдан кейін Америка азаматтығын алған, деп CNN Масктың өмірбаянына сілтеме жасап жазды. The Washington Post 2024 жылдың қазанында Маск АҚШ-та мансабын заңсыз жұмыс істеп бастағанын хабарлаған. Газет мәліметінше, Масктың алғашқы компаниясы — Zip2-ның инвесторлары «негізін қалаушыны депортациялау» қаупінен қорқып, Маск пен оның ағасы Кимбалға ресми жұмыс істеуге мүмкіндік беретін мәртебені тезірек алуды талап еткен.
Кейін Маск өзі «АҚШ-та жұмыс істеуге құқығым болды» деп мәлімдеген.
Конфликттің мәні неде?
Трамптың мәлімдемелері оның Маскпен арадағы жанжалын жаңа деңгейге көтерді. Маск «үлкен әрі керемет» деп аталған салық-бюджет заң жобасын сынаған еді. 30 маусымда бірнеше апта үнсіздіктен кейін Маск Трамп ұсынған бұл құжатты қайтадан ашық сынады. Бұған жауап ретінде Трамп Tesla мен SpaceX басшысын америкалық бюджеттен бөлінетін субсидияларға тым тәуелді деп айыптап, мемлекеттік қаржыландыруды тоқтатамын деп сес көрсетті.
«Илон тарихтағы кез келген адамнан көп субсидия алған шығар. Сол субсидиялар болмаса, оған бизнесті жауып, Оңтүстік Африкаға қайтуға тура келер еді [...] Мүмкін, DOGE осы мәселені мұқият қарап шығуы керек шығар? ҮЛКЕН ҚАРЖЫНЫ ҮНЕМДЕУ!!!» — деп жазды Трамп сейсенбі күні Truth Social желісінде.
Трамп Масктың заң жобасына қарсы шығуын субсидиялардың тоқтатылуымен байланыстырды, өйткені олар Масктың көптеген жобаларына пайда әкеліп келген. Атап айтқанда, жаңа заң электромобиль сатып алушыларға берілетін салықтық жеңілдіктерді жояды, ал олар электромобиль сатылымдарын арттыруға көмектірген, дейді Bloomberg.
Трамптың электромобильдер мен ғарыштық жобаларға субсидияны тоқтатамын деген қаупіне жауап ретінде Маск X платформасында: «Мен ашық түрде айтып отырмын — БӘРІН ЖОЙЫҢДАР. Қазірдің өзінде», — деп жазды.
Акциялардың жай-күйі
1 шілдеде сауда ашылғаннан кейін Tesla акциялары бірден 8%-ға жуық құлдырады, бірақ кейін құлдырау баяулап, шамамен 5% деңгейінде тұрақтады. Трамп пен Маск арасындағы алғашқы жанжалдан кейін Argus сарапшылары бұл жағдайға және электромобильдерге берілетін салықтық жеңілдіктердің мерзімі аяқталуына алаңдаушылық білдірді. Baird сарапшысы Бен Каллоның айтуынша, Трамп пен Маск арасындағы шиеленіс Tesla-ның болашағына қатысты белгісіздікті күшейтіп, брендке зиян келтіру қаупін арттыруы мүмкін. Сол кезде Argus пен Baird Tesla акцияларының рейтингін төмендеткен еді.
30 маусымда Deutsche Bank Tesla акциялары бойынша «сатып алу» (Buy) ұсынымын растады және мақсатты бағаны бір акцияға $345 деп белгіледі. Ал JPMorgan керісінше, «сату» (Sell) кеңесін беріп, мақсатты бағаны $115 деп көрсетті. Соңғы айларда электромобиль өндірушісінің консенсус-инвестициялық рейтингі бейтарап (Hold) күйінде қалды. Орташа мақсатты баға $311 болып, алдағы бір жылда акция бағасының 2% төмендеуін болжап отыр.








