БастыReview
Бөлісу

«Қазатомөнеркәсіп» акциялары: ураннан табыс табудың мүмкіндіктері

Алдияр Ануарбеков

Алдияр Ануарбеков

аналитик
«Қазатомөнеркәсіп» акциялары: ураннан табыс табудың мүмкіндіктері

Әлемдік уран индустриясы 2025 жылы бір жарым жылға созылған ұзақ дағдарыстан кейін қайта қалпына келуде. Наурыздағы минимумдардан бері уранның споттық бағасы 20%-ға өсіп, фунты шамамен $75-қа жетті.

Уран бағасының өсуіне геосаяси факторлар түрткі болып отыр — 2024 жылғы мамырда АҚШ Ресейден төмен байытылған уранды импорттауға тыйым салды. Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс те уран бағасының көтерілуіне әкелді — бұл жеткізілімдерге және мұнай бағасының өсуіне қатысты алаңдаушылықты арттырды.

Сонымен қатар, ядролық отынға сұраныс та арту үстінде. Энергетика саласындағы Thunder Said Energy консалтингтік компаниясының болжауынша сұраныс 2023 жылғы 165 млн фунттан 2030 жылға қарай 230 млн фунтқа дейін ұлғаяды.

Мұндай өсімнің негізгі себептерінің бірі — жасанды интеллект (AI) революциясы. Деректерді өңдеу орталықтарына тұрақты энергия көзі қажет — бұл жағдайда атом электр станциялары ұтса керек. Сонымен қатар, көміртегі аз атом энергетикасына деген «саяси бетбұрыс» та байқалуда — үкіметтер мен даму банктері бұл саланы дамытуға белсендірек қолдау білдіріп отыр. Халықаралық энергетика агенттігінің қаңтардағы баяндамасында қуаты 70 гигаваттан асатын 63 реактор салынып жатқаны жайлы айтылды — бұл 1990 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Инвесторлар тарапынан физикалық уранға деген қызығушылық та артып келеді. Мысалы, Sprott активтерді басқару компаниясы өзінің SPUT трасты үшін $200 млн-ға 2,67 млн фунт уран сатып алуды жоспарлап отыр — бұл 2025 жылға болжанған әлемдік сұраныстың 1,33%-ы. Спот нарығы, әсіресе энергетикаға қатысы жоқ ойыншы үшін бұл елеулі көлем. Мұндай сатып алулар бағаға айтарлықтай әсер етеді және ұсыныстағы тапшылықты күшейтеді.

Осы жылы уран жеткізу тапшылығы шамамен 7%-ды құрайды, ал 2030 жылға дейін сұраныс ұсыныстан орта есеппен 5%-ға артық болады деп болжайды Thunder Said Energy. Бұл жеткізілімдерде ешқандай үзіліс болмаса ғана мүмкін.

Ұсыныстың шектеулі болуының себебі жылдар бойы бұл салаға жеткіліксіз инвестиция салынуы және негізгі өндірушілердің нарықтағы сұраныс пен ұсынысты теңестіру мақсатында әдейі «тапшылық» жасауы. Мысалы, канадалық Cameco компаниясы 2018 жылдың қаңтарында әлемдегі ең ірі уран кен орны McArthur River мен Key Lake өңдеу зауытындағы өндірісті 2022 жылға дейін тоқтатты, себебі нарық жағдайы әлсіз және ұсыныс артық болды.

Уран нарығында қалай табыс табуға болады?

Бұл нарықтағы негізгі ойыншылардың бірі — Қазақстанның ұлттық атом компаниясы «Қазатомөнеркәсіп». Қазақстан 2009 жылдан бері табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында, ал компания — уран өндіру көлемі бойынша әлемдегі ең ірі оператор.

2024 жылы оның үлесіне әлемдік уран өндірісінің шамамен бестен бірі (20%) тиді. Компания барлық кен орындарын жерасты сілтісіздендіру әдісімен игереді — бұл оған өндірістің ақшалай өзіндік құнын төмен деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша C1 өзіндік құны (тек операциялық шығындарды қамтиды) фунтына $16,59 құрады.

TradeTech деректері бойынша әлемдік саладағы уран өндірісінің орташа C3 өзіндік құны (өндірістің толық өзіндік құны) 2024 жылдың соңында фунтына шамамен $58,4 болды.

«Қазатомөнеркәсіп» акциялары құнды қағаздар мен өсім қағаздарының қасиеттерін қатар үйлестіреді. Бір жағынан, компанияның тұрақты бизнесі бар, шығындары төмен және ақша ағыны жоғары, дивидендтер де жақсы төлейді. Екінші жағынан, уран нарығы нығайған сайын өндіру және табыс өсімінің айтарлықтай әлеуеті бар.

2025 жылдың бірінші тоқсанында компанияның уран өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда шамамен 9%-ға өсіп, 2,96 мың тоннаны құрады — бұл жылдық жоспардың 22%-ы. Алайда осы кезеңдегі сату көлемі жылдық жоспардың 17–18%-ын ғана құрады — бұл келісімшарттар бойынша жеткізу кестесіне байланысты кейінге қалды.

Бірінші тоқсанда компания 214 млрд теңге ($419,3 млн) табыс тапты — бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға артық. Есептік кезеңдегі орташа сату бағасы фунтына шамамен $55 болды — бұл споттық нарықтағы орташа бағадан 20%-ға төмен. Себебі компания өнімін бұрын жасалған ұзақмерзімді келісімшарттар арқылы, уранның споттық бағасына байланған бағамен жеткізуде. Дегенмен, компания алдағы тоқсандарда сату көлемі теңеледі деп күтеді, ал келісімшарттағы ұзақмерзімді бағалар спот нарығының серпініне қарай фунтына $80 шамасында сақталады.

2024 жылы компанияның таза пайдасы екі есеге жуық артып, 1,13 трлн теңгеге ($2,4 млрд) жетті. Бұл — операциялық маржаның өсуі және жаңа актив — «Буденовское» кәсіпорнының (компанияның еншілес ұйымы және «Росатомның» Степногор химиялық-тау-кен комбинаты) консолидациясының нәтижесі. Компанияның табыстылығы жоғары: таза пайда табыстың 30%-дан астамын, ал ROE шамамен 35%-ды құрайды.

Компания дәстүрлі түрде бос ақша ағынының кемінде 75%-ын дивидендке бағыттайды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша директорлар кеңесі шамамен 328 млрд теңге немесе бір акцияға 1,26 мың теңге дивиденд төлеуді ұсынды.

Инвесторлар компанияны қалай бағалап отыр?

Мұндай көрсеткіштер «Қазатомөнеркәсіпті» Орталық Азиядағы ең табысты компаниялардың қатарына қосады. Сонымен қатар, ол тек уран нарығында жұмыс істейтіндіктен инвесторларға атом энергетикасының өсуіне тікелей қатысуға сирек мүмкіндік береді.

18 маусымда Лондон биржасында оның акциялары $43,55 деңгейінде жабылды — бұл жылдық максимумға жақын. Жыл басынан бері олар 15%-дан астамға қымбаттады.

Алайда компания капиталдық құнының әрі қарай өсу әлеуеті уран нарығындағы оң болжамдардың іске асуына байланысты болмақ.

Компанияға мультипликаторлары бойынша біржақты баға беру қиын. Бір жағынан, оның нарықтық капиталдық құны активтерінің баланстық құнынан 3,8 есе жоғары — бұл инвесторлар компанияның ерекше ресурстары мен табыстылығына айтарлықтай сыйлықақы (премия) қосқанын көрсетеді.

Екінші жағынан, JPMorgan компанияны 5–5,5 есе болжамды EV/EBITDA мультипликаторымен бағалайды. Бұл мультипликатор — нарықтың компанияны пайыз, салық және амортизацияға дейінгі пайдаға қатысты қалай бағалайтынын көрсетеді. Салыстыру үшін: LSEG деректері бойынша уран саласындағы 12 компанияның (Қазатомөнеркәсіпсіз) орташа EV/EBITDA мультипликаторы — 20,7.

Мұндай дисконттың бір себебі — елдік ерекшеліктер: бұл — Қазақстан эмитенті, оның өтімділігі батыстық аналогтарға қарағанда төмен, әрі инвесторлар үшін тәуекелдер көбірек көрінуі мүмкін.

Инвестор қандай тәуекелдерді ескеруі керек?

Кез келген шикізаттық компания сияқты, «Қазатомөнеркәсіп» те инвесторлар ескеруі тиіс бірқатар маңызды тәуекелдерге тап болуы мүмкін.

— Компанияның табыстылығы уран нарығының жағдайына толық тәуелді. Уран бағасының төмендеуі табыс пен ақша ағынын едәуір қысқартады. Ең төмен шығындар болған күннің өзінде бағаның ұзақмерзімді құлдырауы пайда мен дивидендтерді шектеуі мүмкін.

— Компания тобындағы табыстың шамамен 80%-ы доллармен есептеледі, ал шығындарының 70%-дан астамы теңгемен жүреді. Теңгенің нығаюы немесе валюта бағамының күрт ауытқуы маржаға және қаржылық нәтижелерге кері әсер етуі мүмкін (дегенмен, компанияда долларлық табыс пен қарыз есебінен валюталық тәуекелден сақтандыру бар).

— «Қазатомөнеркәсіптің» 63% акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Мемлекет мажоритар ретінде компанияның стратегиясы мен пайда үлестіріміне ұлттық экономиканың мүддесі үшін ықпал ете алады. Сондықтан миноритарлы инвесторлардың табыс пен капиталды көбейту мүддесі кейде мемлекет мүддесімен (мысалы, әлеуметтік жобаларды қаржыландыру қажеттілігі) сәйкес келмеуі мүмкін.

— Компанияның «Росатоммен» бірнеше бірлескен кәсіпорны бар — олар компанияның атрибутталған өндірісінің 30%-дан астамын қамтамасыз етеді. JPMorgan банкінің ескертуінше Ресей мен АҚШ арасындағы геосаяси шиеленіс бұл бағыттағы қызметке жанама түрде әсер етуі мүмкін. Бұған қоса, экспорттың едәуір бөлігі бұрын Ресей аумағы арқылы транзитпен жүзеге асатын. Қазір компания баламалы маршруттарды дамытуда (мысалы, Каспий теңізі арқылы), әрі екі бағыт та пайдаланылуда. 2021 жылы балама жолмен 14% жеткізілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 64%-ға жеткен.

— Жерасты сілтісіздендіру әдісіне байланысты компания тұрақты күкірт қышқылы жеткізіліміне тәуелді. Реагенттер жеткізілімі үзілсе, өндірістік процесс баяулауы мүмкін. Бұндай оқиға 2021–2022 жылдары болған.

Алайда, егер «Қазатомөнеркәсіп» операциялық тиімділікті сақтап, миноритарийлер мүддесін ескеріп жұмыс істесе, нарық оның акцияларындағы дисконтты қайта қарастыруы мүмкін. Әлемдік биржаларда уранға тікелей экспозиция беретін ашық компаниялар көп емес — «Қазатомөнеркәсіптен» бөлек, бұл — канадалық Cameco, қытайлық CGN, бірнеше кішігірім және жобалық компаниялар ғана.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары