Meta мен Constellation келісімінен ұтатын 10 атом энергетикасы акциясы

Constellation акциялары ең табысты болуы мүмкін қағаздар тізіміне енген жоқ. Сарапшылардың ортақ болжамына сүйенсек, олардың өсу әлеуеті қазірдің өзінде таусылған.
Meta Platforms технологиялық алыбы мен АҚШ-тағы атом электр станцияларының ең ірі операторы Constellation Energy арасындағы келісім энергетикалық компаниялардың акцияларының өсуіне себеп болды. Инвесторлар жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қосымша энергия көздерін қажет етеді деп болжауда. Осы сәтті тиімді пайдаланып табыс тапқысы келетіндер үшін MarketWatch алдағы 12 айда 17%-дан 94%-ға дейін табыс әкелуі мүмкін он акцияны іріктеп алды.
Тізім қалай жасалды?
Бұл рейтинг ядролық энергетика, жабдық өндірісі мен қызмет көрсету саласына инвестиция салатын төрт биржалық қордың (ETF) негізінде жасалды: Global X Uranium ETF, VanEck Uranium & Nuclear ETF, Range Nuclear Renaissance Index ETF және Uranium & Nuclear ETF. Бұл қорлар 91 акцияны қамтиды. MarketWatch тек кемінде тоғыз сарапшы рейтинг берген акцияларды ғана қарастырған. Іріктеуге сатып алуға кеңес берілген және өсу әлеуеті жоғары акциялар енді. Мәліметтер 2025 жылғы 2 маусымдағы сауда жабылу бағасы негізінде есептелді.
Тізімге енгендер:
– Бірінші орында — канадалық уран өндіруші Denison Mines Corp. Сарапшылар оның акциялары тағы 94%-ға қымбаттауы мүмкін дейді.
– Екінші орында — тағы бір канадалық уран өндіруші NexGen Energy Ltd. Оның акцияларының өсу әлеуеті — 56%.
– Үздік үштікті жапондық Fuji Electric Co. Ltd түйіндейді. Компания энергетикаға арналған жабдықтар, автоматтандыру және жүйелермен айналысады. Сарапшылар оның нарықтық бағасы 36%-ға өсуі мүмкін деп болжайды.
– Тізімдегі келесі — австралиялық уран өндіруші Paladin Energy Ltd. Оның акциялары алдағы 12 айда 30%-ға өсуі ықтимал.
– Бесінші орында — АҚШ-тың ең ірі энергетикалық компанияларының бірі PG&E Corp. Оның акциялары 27%-ға көтерілуі мүмкін.
– Одан кейін — Flowserve Corp. Бұл америкалық компания ядролық энергетика, мұнай, газ, химия және су саласына арналған жабдықтар шығарады. Оның қағаздары 26%-ға өсуі мүмкін.
– Сол деңгейдегі әлеуетке ие — қазақстандық табиғи уран өндіруші «Қазатомпром». Оның депозитарлық қолхаттары Лондон қор биржасында саудаланады.
– Жетінші орында — Samsung C&T Corp, Samsung Group құрамындағы көпсалалы оңтүстіккореялық компания. Оның активтері құрылыс, энергетика, өнеркәсіп және инвестиция салаларында шоғырланған. Қағаздарының өсу мүмкіндігі — 19%.
– Қытайдағы ең ірі атом станциялары операторы CGN Power Co. Ltd акциялары 18%-ға өсуі мүмкін.
– Ондықты жапондық көпсалалы Hitachi Ltd корпорациясы аяқтайды. Оның акциялары 17%-ға дейін қымбаттауы мүмкін.
Контекст
Meta Platforms компаниясы 3 маусым күні АҚШ-тағы ең ірі АЭС операторы Constellation Energy компаниясымен электр энергиясын сатып алу жөнінде келісімге қол қойды. Бұл — Meta компаниясының қолданыстағы реактор операторымен жасасқан ең ауқымды энергетикалық келісімі. Сарапшылардың айтуынша, бұл мәміле ядролық энергетика саласына жаңа серпін беруі мүмкін. Бұған дейін бұл сектордан инвесторлар алшақ жүрген еді, бірақ жасанды интеллект жарысының шиеленісуі жағдайды түбегейлі өзгертті. Қазір технологиялық алпауыттарға ірі дата-орталықтарды қамтамасыз ету үшін мол электр қуаты қажет, ал ядролық энергетика ЖИ-дің дамуы аясында басты бенефициарлардың біріне айналуда.
Constellation Energy акцияларын 19 сарапшының 14-і сатып алуға кеңес берсе де, бұл қағаздар MarketWatch тізіміне енбеді. Себебі олардың қазіргі нарықтық бағасы сарапшылардың орташа бағалауынан шамамен 2%-ға жоғары, яғни өсу әлеуеті таусылды деген сөз.








