Қазір нарықта түзету жасауға жақсы кезең — JPMorgan

АҚШ-тың қор нарығындағы түзету қазір «пайдалы» әрі жаңа раллиге негіз қалар еді, деп есептейді JPMorgan. Банк котировкалар төмендеген жағдайда ірі инвесторлар осы мүмкіндікті пайдаланып, өз позицияларын құрады деп күтеді. Бірқатар сарапшылар да қысқа мерзімде нарық түзетілуі мүмкін деп ескертеді, бірақ ұзақ мерзімде оптимизмді сақтап отыр.
Егжей-тегжейлі
JPMorgan стратегия жөніндегі сарапшысы Дубравко Лейкостың пікірінше, АҚШ қор нарығы үшін котировкалардың аздап төмендеуі пайдалы болуы мүмкін. Оның айтуынша, «Түзету нарықтағы шамадан тыс қызуды азайтып, келесі раллиге жол ашады». Лейкос индекстер төмендеген жағдайда сәуірден бері белсенділік танытпай отырған ірі институционалдық инвесторлар корпорациялармен және жеке инвесторлармен бірге осы мүмкіндікті пайдаланып, сатып алу әрекетін күшейтеді деп болжайды.
Лейкос сондай-ақ, қысқа мерзімді перспективада инвесторларға абай болуға кеңес берді, өйткені компаниялар акцияларды кері сатып алуға тыйым салынған маусымға кіріп жатыр. Ал ұзақ мерзімді перспективада ол оң болжамын сақтап, келесі жылдың басына қарай S&P 500 индексі 7000 пунктке дейін өседі деп есептейді — бұл 17 қазан, жұма күнгі жабылудан шамамен 5% жоғары.
JPMorgan басшысы Джейми Даймон қазан айының басында қор нарығында елеулі түзету болу ықтималдығын 30% деп бағалады — бұл нарық қатысушыларының орташа болжамынан үш есе жоғары. Ол нақты мерзімді атаған жоқ, бірақ бұл алты ай мен екі жыл аралығында болуы мүмкін екенін болжады. Даймон ең үлкен қауіп ретінде жаһандық геосаяси тұрақсыздықты атады. Оның айтуынша, әлем геосаяси шиеленіс, мемлекеттік шығынның өсуі және ремилитаризация аясында жоғары белгісіздік кезеңіне аяқ басты.
Басқалар не дейді?
Morgan Stanley стратегия жөніндегі сарапшысы Майкл Уилсон да қысқа мерзімді перспективада инвесторларға сақ болуды ескертеді. Оның айтуынша, акцияларға әзірге «жасыл жарық» беруге ерте, себебі нарықта АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарына және компаниялардың пайда болжамдарын қайта қараудың баяулауына байланысты шешілмеген тәуекелдер сақталып отыр.
«Сауда қатынастарының бәсеңдеуін, акцияға шаққандағы пайда болжамдарының тұрақтануын және өтімділіктің жақсаруын айқынырақ көру қажет, сонда ғана қысқа мерзімді түзету тәуекелдері артта қалды деуге болады», — деп атап өтті Уилсон Bloomberg келтірген жазбасында. Өткен аптада ол, егер АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қайшылықтары қарашаға дейін шешілмесе, америкалық акциялар шамамен 11% төмендеуі мүмкін екенін айтты. Дегенмен, алдағы айларда ол экономика қалпына келуінің 6–12 айлық перспективада оң қарқынмен жалғасатынына сенімді екенін жеткізді.
Oppenheimer компаниясының бас инвестициялық стратегия жөніндегі сарапшысы Джон Столцфус үшінші тоқсанның есеп беру маусымының алғашқы нәтижелері үміт күттіретінін атап өтті: S&P 500 индексіне кіретін және есептерін жариялаған компаниялардың пайдасы орта есеппен 16% өскен, ал болжам 12% болған. Столцфустың айтуынша, сыртқы тәуекелдерге қарамастан америкалық бизнестің болжамнан жоғары нәтиже көрсетуі «нарықтың әрі қарай өсуін жалғастыруға жеткілікті тұрақтылық бар екенін» дәлелдейді.
Нарық ахуалы
20 қазан күнгі саудада АҚШ-тың үш негізгі индексі — S&P 500, Nasdaq Composite және Dow Jones — шамамен 1–1,5% аралығында өсті. Бұған себеп, Дональд Трамптың Қытай мен АҚШ арасындағы сауда дауы реттелетініне сенім білдіруі, дейді Bloomberg. Трамп алдағы Бейжіңмен өтетін келіссөздердің негізгі тақырыптары ретінде сирек жер металдарын, фентанилді және сояны атады.
Өткен аптада АҚШ нарығы екі ірі экономиканың сауда қайшылықтарының ушығуы мен аймақтық банктердегі нашар несиелерге қатысты алаңдаушылық әсерінен қысымға ұшырады. Deutsche Bank дерегінше, соңғы аптада инвесторлардың портфеліндегі акциялардың жиынтық үлесі сәуір айынан бергі ең жоғары қарқынмен азайған.








