«Көгілдір фишка» статусынан айырылған Porsche — акциясымен не істейміз?

Неміс премиум автокөлік өндіруші Porsche үш жылдан бері алғаш рет Германияның басты қор индексі DAX-тен шығарылмақ. Бұл компания акциясының ұзақ уақыт құлауынан кейін болды, оған АҚШ енгізген баж салығынан келген залал мен Қытай автонарығындағы қиындықтар әсер етті. Компания басшылығы жақын арада индекс қатарына қайта ораламыз деп үміттенеді, ал сарапшылар акцияны негізінен сақтықпен бағалап отыр.
Егжей-тегжейлі
Porsche AG (тикер P911) 22 қыркүйектен бастап Германияның «көгілдір фишкалар» индексі саналатын DAX-тен шығарылады, деп хабарлайды индекстің операторы STOXX. Бұл индекс Франкфурт биржасында сауда жасайтын Германияның ең ірі 40 компаниясын біріктіреді. Компания үш жылдан бері алғаш рет DAX-тен кетіп отыр: ол 2022 жылы IPO өткізгеннен кейін бірден осы индекс қатарына қосылған еді.
Porsche-мен бірге фармацевтикалық компания Sartorius та индекстен шығарылады. Олардың орнын цифрлық компания Scout24 пен азық-түлік өнеркәсібіне арналған жабдық өндіруші GEA Group басады. Бұл екі компания орта капитализациялы компаниялар индексі MDAX-тен көтеріліп, DAX құрамына енбек.
Porsche неге DAX-тен шығады?
Германияның басты қор индексінен шығарылу люкс-класс автокөлік өндіруші акциясының ұзақ уақыт құлауынан кейін орын алды, деп жазады CNBC. 2025 жылы Porsche AG-нің котировкасы немістің Xetra биржасында 24%, ал соңғы 12 айда 34% түсті.
Биыл Porsche АҚШ-тың баж салығынан және Қытай автонарығындағы қиындықтардан зардап шекті. Бұл акция бағасына әсер етті, деп түсіндіреді The Wall Street Journal. CNBC пікірінше, импорттық алымдар әсіресе Porsche-ге қатты соққы болды. Мәселелер компанияны бірнеше рет өз болжамдарын қысқартуға мәжбүр еткендіктен, инвесторларды қуантпады.
Дегенмен Porsche басшылығы индекс құрамынан шығарылғаннан кейін де оптимизмін жоғалтқан жоқ. Компания DAX-қа қайта оралуды ниетті, деді бас директор Оливер Блюме немістің FAZ газетіне. Оның айтуынша, компанияны индекстен шығару негізінен техникалық критериймен байланысты.
«Deutsche Börse ережесі бойынша (Германияның жетекші қор нарығы операторы. — OnInvest) DAX индексін қалыптастыруда тек еркін айналымдағы акциялар (free float) ескеріледі. Ал Porsche AG-де бұл үлес салыстырмалы түрде аз — бар-жоғы 12% шамасында. Сондықтан индексте нарықтық капитализациясы төменірек, бірақ еркін айналымдағы акциясы әлдеқайда көп компаниямен бәсекелесуге тура келеді», — деді Блюме. Оның сөзінше, капитализация мен Porsche брендінің «салмағын» ескерсек, компания Германиядағы ең ірі ойыншылардың бірі болып қала береді.
Porsche акциясымен не істейміз?
Porsche AG инвесторлары компанияның DAX индексінен шығарылуына салыстырмалы түрде сабырлы қарады: бейсенбі күнгі саудада Xetra биржасындағы котировка шамамен 0,6% төмендеп, €44,3 болды.
Тамыз айында бірнеше сарапшы акцияға қатысты бағаларын қайта қарады. Мысалы, RBC сарапшысы Том Нараян бейтарап рейтингін сақтап, мақсатты бағасын €45-тен €43-ке түсірді. Бұл 3 қыркүйектегі жабылу деңгейімен салыстырғанда тағы 5% төмендеуді болжайды.
Warburg Research те тамызда бейтарап көзқарасын сақтап, мақсатты бағасын €41 деңгейінде қалдырды. Бұл котировкаға 8,5%-дық құлдырау ықтималдығын көрсетеді. Сарапшы Фабио Хельшераның айтуынша, спорткар өндірушінің стратегиясы он жылдық табыстан кейін жаңа қиындықтарға тап болды. Стратегияны қайта құру процесі компанияның өсу қарқынын және табыстылығын ұзақ уақытқа шектеуі мүмкін. Оның ұзақтығы әзірге белгісіз және көбіне геосаяси факторларға тәуелді.
MarketWatch дерегіне сәйкес, Porsche акцияларына 24 сарапшы рейтинг берген. Көбі — 14 сарапшы бейтарап көзқараста және қағазды портфельде ұстауға кеңес береді (Hold). Бір ай бұрын мұндай ұсыныс 11 ғана болған. Ал төртеуі сатып алуға (Buy), алтауы сатуға (Underweight және Sell) кеңес береді.








