Қымбат металдар нарығындағы сарапшылар алтынға инвестицияны тиімді санайды

Соңғы күндері алтын бағасының күрт төмендеуі — бұл уақытша құбылыс, ал жалпы тренд өзгерген жоқ деп есептейді MarketWatch-қа пікір білдірген сарапшылар. Олар бұл төмендеуді АҚШ Федералды резервінің ақша саясатын жұмсартуымен байланыстырып, тиімді сатып алу мүмкіндігі ретінде қарастырады. Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік қарыздың өсуі және орталық банктердің алтын сатып алуы сияқты құрылымдық факторлар ұзақ мерзімде бағаның өсуін жалғастырады. Бірақ егер алтын бағасы $3920 деңгейінен төмен түсіп кетсе, бұл жаңа сатылым толқынын тудыруы мүмкін.
Егжей-тегжейі
MarketWatch келтірген сарапшылар алтын бағасының түсуін уақытша құбылыс деп бағалап, оны сатып алу үшін тиімді сәт деп отыр. АҚШ-тың пайыздық мөлшерлемені төмендетуі алтын үшін жақсы жағдай жасап отыр: алтын пайыздық табыс әкелмесе де, «арзан ақша» жағдайында оның тартымдылығы артады. Сарапшылар инвесторларға портфельдің 5–20 % көлемінде алтын ұстауды ұсынады. Бұл алтынды физикалық түрде де, биржалық қорлар (ETF) арқылы да жүзеге асыруға болады.
— State Street Investment Management компаниясынан Аакаш Доши алтын бағасының соңғы төмендеуін «уақытша, жаңа сатып алу мүмкіндігі бар сәт» деп сипаттады. Ол алтынның базалық бағасы енді жоғары деңгейде қалыптасқанын және болашақта баға $5000/унцияға дейін жетуі мүмкін екенін айтады. «Бұл — әсіресе Батыс елдері үшін бағаланбай отырған, өтімді балама актив», — дейді ол.
— Sprott компаниясынан Райан МакИнтайр: «бағаның кейде шегінуі қалыпты, бірақ алтын ұзақ мерзімде өсуге бейім» дейді. Әлемдегі сенім деңгейінің төмендеуі алтын сияқты тәуелсіз активтерге сұранысты арттырып отыр. АҚШ-тағы бюджеттік тұрақсыздық, жоғары дефицит және мемлекеттік қарыз да алтын бағасын ұстап тұруы мүмкін. Ол физикалық алтынға портфельдің 10 %-ын арнауға кеңес беріп, оны тұрақты түрде қайта қарап отыруды ұсынады.
— Money Metals Exchange басшысы Стефан Глисон әлем доллардан әлі де тым тәуелді, ал алтынға — аз тәуелді дейді. Оның пікірінше, пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі алтын үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Ол алтын бағасы барлық фиат валюталар бойынша өсуді жалғастырады деп күтеді.
— Oversea-Chinese Banking валюталық стратегы Кристофер Вонг ескертеді: «алтын портфельді бюджеттік және саяси белгісіздіктен сақтандыру құралы ретіндегі рөлі өзгерген жоқ, дегенмен қысқа мерзімді қызығушылық басылып, тұрақтану кезеңі басталды». Егер алтын $3920–4020 аралығында тұрақтаса, келесі өсу толқыны басталуы мүмкін. Бірақ осы деңгейден төмен сырғыса, ірі сатылымдар орын алуы ықтимал.
Алтын бағасы не болып жатыр?
29 қазанда алтын бағасы үш күндік 4 %-дан аса құлдыраудан кейін шамамен $3950 деңгейінде тұрақтады. Инвесторлар алдағы пайыздық мөлшерлемені төмендету қарсаңында құнсызданған алтынды сатып ала бастады, деп жазады Bloomberg.
Бұған дейін алтын бағасы бір аптаның ішінде күрт көтеріліп, $4380 деңгейінен асып кеткен болатын. Техникалық көрсеткіштер бұл өсімнің тым жылдам болғанын көрсетті. Сонымен қатар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарындағы жылымық қорғаныс активтерге сұранысты азайтты.
Дегенмен, осы шегінуден кейін де алтын бағасы биыл шамамен 50 %-ға өскен. Бұған орталық банктердің сатып алуы және ұлттық валюталар әлсіреуінен қорыққан инвесторлардың алтынға бет бұруы әсер еткен.








