Қытай қор индексі он жылдағы шыңына жетті. Бұның артында не тұр?

Қытайдың Shanghai Composite қор индексі кейінгі он жылдағы ең жоғарғы деңгейіне көтерілді. Көктемгі құлдыраудан кейін, сауда соғысы жарияланған кезде, ол 20%-ға өсті. Бұған АҚШ-пен сауда қатынастарындағы шиеленістің бәсеңдеуі, жеке инвесторлардың облигациялардан акцияларға ауысуы және сақтандыру қорларының банк секторына инвестицияны арттыруы әсер етті.
Егжей-тегжейі
Дүйсенбі күні Шанхай қор биржасының индексі он жылдағы ең жоғары деңгейде жабылды — 0,9%-ға өсіп, 3728 пунктке жетті. Осылайша, ол сәуірдегі құлдыраудан кейін 20%-ға көтерілді. Ол кезде АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген баж салығы әлемдік нарықтарда дүрбелең туғызған еді, деп жазады Bloomberg. Өткен аптада Трамп Қытаймен сауда бітімін ұзартқан болатын.
Жыл басынан бері Шанхай индексі 11%-ға өсті. Шанхай және Шэньчжэнь қор биржаларындағы ең қымбат компанияларды қамтитын CSI 300 индексі осы кезеңде шамамен 8%-ға өсті. Shanghai Composite индексінің жақсы көрсеткіші негізінен сақтандыру қорлары белсенді сатып алып жатқан банктік акциялардың үлесінің көптігімен байланысты, деп түсіндіреді Bloomberg.
Сонымен қатар, индекс әлі де 2015 жылғы шыңнан алыс. Ол кезде несиелік құралдармен жасалған алыпсатарлық сатып алулар оның 5166 пунктке дейін көтерілуіне себеп болған, бірақ көп ұзамай «көпіршік» жарылып кеткен еді, деп еске салады агенттік.
Қытай нарығының өсуіне не көмектесті
Bloomberg-тің түсіндіруінше, ралли шағын инвесторлар арасындағы өсіп келе жатқан оптимизмді көрсетеді. Олар облигациялардан акцияларға көбірек ауысып жатыр, себебі ақша-несие саясатының жаңа жұмсаруы күтілмейді және Пекиннің мемлекеттік облигациялар мен қаржы ұйымдарының қағаздары бойынша пайыздық табысқа салықты қайтару шешіміне реакция білдіруде.
Дүйсенбі күні Қытайдың 10 жылдық облигацияларының табыстылығы 4 базистік пунктке өсіп, 1,78%-ды құрады. 30 жылдық облигациялардың табыстылығы шамамен 6 пунктке көтеріліп, 2,11%-ға жетті, ал осы қағаздарға арналған фьючерстер наурыздан бергі ең ірі құлдырауды көрсетті.
Bloomberg дерегінше, 18 тамыз, дүйсенбі күні Қытайдың құрлықтағы биржаларындағы сауда көлемі 2,7 трлн юаньнан (376 млрд $) асты. Бұл тарихтағы екінші көрсеткіш. Бұған дейінгі 15 тамыздағы сессияда құрлықтық трейдерлер Гонконгта рекордтық 35,9 млрд гонконг долларына (4,6 млрд $) акция сатып алды. Сонымен қатар, акция сатып алу үшін берілетін қарыздар көлемінің өсуі байқалады. Бұл инвесторлардың раллиге қатысу үшін несиелік қаражатты белсенді пайдаланып жатқанын білдіреді. Өткен аптада маржиналдық қарыз көлемі 2015 жылдан бергі ең жоғарғы деңгейге жетіп, рекордтан небәрі 10%-ға төмен болды.
Алдағы уақыт
Осыдан он жыл бұрын жеке инвесторлар нарықтың күрт құлдырауынан зардап шеккен болатын. Ол кезде Пекин баға белгілеуді қолдау үшін мемлекеттік қорларды пайдалануға мәжбүр болған еді, деп еске салады Bloomberg. Содан бері нарық бірнеше рет жалған қалпына келу белгілерін көрсеткен, бірақ кейінгі онжылдықта Қытайдың құрлықтық биржаларындағы акциялар АҚШ, Азия және тіпті Еуропа индекстерінен артта қалып отырды. Енді Қытайдағы қор менеджерлері қазіргі раллидің жеткілікті қолдау факторлары бар деп үміттенеді.
«Біз қазіргі раллидің мықты негізі бар екеніне сенімдіміз», — дейді Shanghai Zige Investment Management қорының менеджері Ван Хуань. Оның айтуынша, оптимизмді жоғары өтімділік, биліктің баға соғыстарын тежеу әрекеттері және Қытай экономикасының түбіне жеткеніне деген сенім арттырып отыр.
Контекст
Қазіргі ралли жаһандық акциялар өсімінің бір бөлігіне айналды: өткен аптада АҚШ пен Индонезия нарықтары жаңа рекордтарға жетті. Бұл ФРЖ мөлшерлемелерінің жақын арада төмендеуіне сенімнің артуы, сауда шиеленісінің бәсеңдеуі және күткеннен де мықты корпоративтік есептілік маусымының арқасында болды. Бұл MSCI Global Equities индексіне де тарихи максимумды жаңартуға көмектесті, деп атап өтеді Bloomberg.








