Трамп Қытайға қатысты кедендік баж салығын арттыру мерзімін 90 күнге ұзартты

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан импортталатын тауарларға кедендік баж салығын арттыру мерзімін 9 қарашаға дейін ұзартатын жарлыққа қол қойды, деп хабарлады The Wall Street Journal мен The Washington Post Ақ үй өкіліне сілтеме жасап.
Баж салығын арттыру шарасы бастапқыда 12 тамыз, сейсенбі күні күшіне енуі тиіс еді. Алайда президенттің жаңа жарлығы бұл қадамды тағы 90 күнге кейінге қалдырды. Yahoo Finance-тың дерегінше бұл кейінге шегеру сауда келісімі бойынша қосымша келіссөздер жүргізуге уақыт береді, сондай-ақ осы күзде Трамптың ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу мүмкіндігін арттырады. Кездесу қазан айының соңында Оңтүстік Кореяда өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық ұйымының саммитінде болуы ықтимал.
Yahoo Finance түсіндіргендей, мерзімді ұзарту мамыр айында келісілген базалық мөлшерлемелердің — Қытай тауарларына 30% және америкалық тауарларға 10% — жақын арада сақталатынын білдіреді. Осылайша бұрынғы үш таңбалы тарифтерге қайта оралудан аулақ болу мүмкін болады. Дегенмен, болат пен кейбір медициналық бұйымдар сияқты жекелеген санаттар бойынша баж салығы саудадағы кедергілердің орташа деңгейін жоғары күйде ұстай бермек.








