«Қытайлық Nvidia»-ның акциялары құлады – инвесторлар эйфориясы қауіпті ме?

Nvidia-ға балама ретінде өз чиптерін ұсынатын қытайлық Cambricon Technologies компаниясының акциялары күрт арзандады. Бұған компанияның акциялар бағасының рекордтық өсуі аясында нарық қатысушыларына қауіп туралы ресми ескертуі себеп болды. Инвесторлар арасындағы эйфория Cambricon бағасының жасанды көтерілуіне әкеліп, оны жасанды жады (AI) саласындағы нағыз бенефициарлардың бағасынан 12 есе жоғары қойды.
Егжей-тегжейлі
2025 жылдың 29 тамызы күні Шанхай қор биржасында Cambricon Technologies-тің акциялары сауда басталған бетте 9%-ға төмендеді. AI чиптерін жасап шығаратын бұл компанияны нарықтық басылымдар «жаңа Nvidia» деп атаған болатын. Бұл – сәуір айынан бергі ең үлкен құлдырау, ал жалпы нарықта таңертеңгілік саудада айтарлықтай өзгерістер болмады, деп хабарлайды Bloomberg.
Мұндай сатылымға Cambricon тарапынан жасалған мәлімдеме себеп болды. Компания болашақ өнімдер туралы тарап кеткен қауесеттерді жоққа шығарып, америкалық санкциялар жағдайында жұмыс істейтінін және технологиялық даму сатысындағы қиындықтарды еске салды.
«Компанияның акция бағасы көптеген бәсекелестерден озып, тиісті индекстердің динамикасынан әлдеқайда жоғары деңгейге жетті. Акция бағасы компанияның нақты қаржылық көрсеткіштерінен алшақ кетіп, инвесторлар елеулі тәуекелдерге ұшырауы мүмкін», – деп ескертті Cambricon.
Қытайлық Nvidia
Акция бағасының құлдырауына қарамастан, Cambricon қағаздары әлі де бір ай бұрынғы бағадан екі есе қымбат. Соңғы бір жылда олардың бағасы алты есе өскен. GuruFocus мәліметіне сәйкес Cambricon акцияларының қазіргі бағасы болжанған жылдық табыстың 481 есе көрсеткішіне тең (Forward P/E). Салыстырмалы түрде алғанда, бұл көрсеткіш Nvidia үшін – бар болғаны 41.
Осы шарықтап кеткен баға Cambricon компаниясын Қытайдағы ең қымбат жариялы AI-чип өндірушіге айналдырды.
Cambricon акцияларының өсуі Қытайдағы ең перспективалы AI-стартаптардың бірі – DeepSeek өз нейрожүйесінің жергілікті чиптермен толықтай үйлесімді екенін хабарлауынан кейін күшейе түсті, деп жазады Invezz порталы. Сонымен қатар, Вашингтонның америкалық AI чиптерін Қытайға жеткізуге қойған шектеулері де Cambricon-ға деген сұранысты арттырып отыр, деп толықтырды басылым.
Bloomberg-тің мәліметінше бұл өсім материктік Қытайдағы қор нарығы құрылымындағы маңызды өзгерістерді білдіреді. Онда басым бөлігі – жеке инвесторлар, енді тұтынушылық сектордан алыстап, технологиялық секторды дефляция мен сауда шиеленістерінен зардап шеккен экономиканы қалпына келтіру құралы ретінде қарастырып отыр.
Контекст
Аптаның басында Cambricon 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы табысының 4000%-ға өскенін хабарлады. Алайда, бұл әсерлі көрсеткіштерге қарамастан, компания әлі де салыстырмалы түрде шағын ойыншы саналады. Barron's журналы Goldman Sachs болжамына сүйене отырып, 2025 жылы Cambricon шамамен 143 мың AI-чип шығаратынын жазды.
Салыстыру үшін, Nvidia 2024 жылы Қытай нарығында 1 миллионға жуық чип сатса, Huawei – 640 мың чип жеткізген.








