Кэти Вуд төрт жылдық үзілістен кейін Alibaba акцияларын сатып алды

Бұрын-соңды серпінді технологияларға батыл инвестицияларымен танымал болған Кэти Вуд басқаратын қорлар төрт жылдық үзілістен кейін Alibaba компаниясының акцияларын қайтадан сатып ала бастады. Бұл инвестиция Вудтың Қытайдың интернет-компанияларына қайта оралуының белгісі болуы мүмкін — оның қорлары 2021–2022 жылдардағы құлдырау кезінде бұл сектордағы қатысуын едәуір қысқартқан болатын.
Егжей-тегжейлі
Кэти Вуд басқаратын ARK Investment Management басқарушы компаниясы 22 қыркүйекте өзінің екі биржалық қорлары арқылы Alibaba компаниясының америкалық депозитарлық қолхаттарын (ADR) 16,3 миллион долларға сатып алғанын күнделікті есебінде хабарлады. 23 қыркүйекте Нью-Йоркте сатылатын Alibaba акциялары 2021 жылдың қарашасынан бергі ең жоғары деңгейге жетіп, ағымдағы жылдың басынан бері бағасы екі есеге жуық өсті.
Blue Ocean ATS атты америкалық биржадан тыс сауда алаңында Қытайдың электрондық коммерция алыбының акциялары 6%-дан астам өсім көрсетті. Инвесторларға Alibaba басшылығының жасанды жадыға бастапқы 50 миллиард долларлық мақсаттан да көп қаражат бөлу туралы шешімі оптимизм сыйлады.
Кэти Вудтың Alibaba-ға алғашқы инвестициясы 2014 жылға, компанияның IPO-сынан кейін көп ұзамай жасалған. Алайда 2021 жылдың қыркүйегінен кейін Alibaba Пекиннің интернет-компанияларға бағытталған қысымының нысанына айналған кезде, ARK қорлары бұл бөлшек сауда компаниясына инвестиция салуды және акционерлер жиналыстарына қатысуды тоқтатты, деп жазады Bloomberg АҚШ-тың Құнды қағаздар және биржа жөніндегі комиссиясының (SEC) деректеріне сілтеме жасап.
Alibaba акциялары неге тартымды
Alibaba компаниясының табысы аса қарқынды өспей отыр. Кіріс қатарынан төртінші жыл тек бір таңбалы көрсеткіштермен ғана артып келеді. Таза табыс та қуанта қоймайды. Биыл компания екі тоқсан қатарынан Уолл-стриттің болжамын ақтай алмады. Дегенмен Alibaba-ның ішкі e-commerce бизнесі — Taobao (C2C) және Tmall (B2C) — соншалықты табысты, ол басқа бөлімшелердің шығындарын жаба алады. Alibaba акцияларының ағымдағы форвардтық P/E көрсеткіші 16 болғандықтан, бұл қазірдің өзінде жағымды инвестициялық хикая қосымша табыс әкелетін жаңа бағыттармен одан әрі жақсара түсуі мүмкін, деп жазады The Motley Fool порталы.
Вуд тағы қандай қытайлық акцияларды сатып алды
Аптаның алғашқы сауда күнінде Вудтың қорлары сатып алған бес компанияның үшеуі Қытайлық болып шықты: Alibaba-дан бөлек, ол «қытайлық Google» аталып кеткен Baidu-ға (2,9 миллион доллар көлемінде) және роботакси әзірлеушісі Pony AI-ға (2,1 миллион доллар) инвестиция салды.
Baidu акциялары 2025 жылы Қытай қор нарығындағы раллиге кеш қосылғанымен, соңғы үш айда 60%-дан астам өсім көрсетті — бұл көбінесе компанияның ЖЖ-чиптер шығаратын жас бизнесінің арқасында. Pony AI акциялары IPO-дан кейін күрт өзгерістерге ұшырады, бірақ қазір орналастыру бағасынан 60%-ға жоғары деңгейде саудаланып жатыр. Компания әлі де шығынға жұмыс істеп жатқанымен, оның роботакси бағытындағы коммерцияландыру үдерісі назар аударуға тұрарлық, деп жазады NAI Interactive қаржылық аналитика платформасы.
«Вудтың сатып алулары қосарланған стратегияны көрсетеді. Alibaba мен Baidu сынды мойындалған алыптардан бағаланбаған құндылықты іздеу және Pony AI сынды тар сегменттегі көшбасшылардың серпінді әлеуетіне бәс тігу. Геосаяси тәуекелдер сақталып отырғанына қарамастан, қытайлық технологиялық компаниялардың акцияларындағы елеулі түзетулер кейбір инвесторлар үшін ұзақ мерзімді кіріс нүктелерін қалыптастыруы мүмкін. Айта кетерлігі, бұл үш компания да жасанды жадымен байланысты — бұл ARK Invest инвестициялық тұжырымдамасына толықтай сәйкес келеді, өйткені ЖЖ трансформациялық технология ретінде қарастырылады», — делінген жарияланымда.








