Кэти Вуд TSMC компаниясына ірі инвестиция жасады. Оның қадамы қаншалықты сәтті?

Morgan Stanley мен Wells Fargo секілді ірі инвестициялық банктер Тайвань өндірушісінің акцияларын сатып алуға кеңес беруде.
Жаңашыл технологияларға инвестиция салумен танымал Кэти Вуд басқаратын қорлар әлемдегі ең ірі чип өндіруші — TSMC (Taiwan Semiconductor Manufacturing Company) компаниясына деген салымдарын бір жыл ішінде алғаш рет айтарлықтай арттырды. 2024 жылдың үшінші тоқсанынан бері Вудтың қорлары бұл компаниядағы үлестерін негізінен қысқартып келген еді. Вуд — Apple мен Nvidia-ның маңызды серіктесі саналатын TSMC акцияларының арзандауына қызығушылық танытқан Уолл-стриттегі жалғыз танымал инвестор емес.
Егжей-тегжейі
Кэти Вудтың флагмандық Ark Innovation және Ark Next Generation Internet биржалық қорлары 19 мамыр күні TSMC компаниясының шамамен 200 мың америкалық депозитарлық қолхатын (ADR) сатып алды. Вуд ақпанда да TSMC-дегі үлесін арттырған, алайда бұл жолғы сатып алу 2024 жылдың маусымынан бергі ең ірісі саналады.Bloomberg-тің есептеуінше, бұл сатып алынған көлем — Вудтың басқаруындағы қорлар наурыз айының соңында иелік еткен TSMC акцияларының жалпы көлемінің 87%-ына тең.
Бұл сатып алулар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінде уақытша бітім орнап, геосаяси кернеу азайған сәтке тұспа-тұс келді. Сонымен қатар, Дональд Трамп Сауд Арабиясы мен БАӘ-мен жасасқан жасанды интеллект саласындағы келісімдер де нарыққа оң әсер етті. Бұл жағдайлар TSMC-нің Nvidia-ның негізгі жеткізушісі ретіндегі болашағын жақсартады деп атап өтті агенттік.
Уолл-стрит TSMC туралы не ойлайды?
Кэти Вуд болашақтың технологияларына батыл инвестициялар жасаудың символы болып қалса да, оның негізгі қоры — Ark Innovation кейінгі бес жылдың көп бөлігінде Nasdaq Composite индексінен төмен көрсеткіш көрсетті. Алайда TSMC акцияларын тартымды деп санайтын жалғыз Вуд емес.
Миллиардер Стэнли Дракенмиллер басқаратын Duquesne Family Office инвестициялық компаниясы 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында TSMC-ке салған қаржысын көбейтті. Ал Apple мен Nvidia-ның негізгі серіктесі саналатын компанияның акцияларына деген қызығушылығын Tiger Global Management хедж-қоры да арттырды. Бұл қорды Чейз Коулман басқарады және ол хедж-қор әлеміндегі ең ықпалды инвесторлардың бірі саналады. Бұдан бөлек, Tiger Management хедж-қорынан бастаған портфельді басқарушы Роберт Карр үшін де TSMC акциялары 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы ең ірі сатып алу болды.
Morgan Stanley инвестициялық банкі мамыр айының басында TSMC акцияларын «ең үздік инвестициялық идея» мәртебесіне қайта ие етті. Америкалық техногиганттардың жасанды интеллектке (AI) бағытталған қомақты шығындарын жалғастыруы банк сарапшыларының оптимизмін арттырды. «Meta мен Microsoft компанияларының AI-ға жұмсалатын капиталдық шығындарына қатысты сенімді болжамдарын ескере отырып, біз TSMC-ті үздік таңдау деп қайта бағалап отырмыз», — деді Morgan Stanley сарапшысы Чарли Чан. Ол тайвань өндірушісінің акцияларын «нарықтан жоғары» (overweight) рейтингпен сатып алуға ұсынды.
TSMC акциялары жақында Wells Fargo банкі ұсынған «AI: инфрақұрылым және сервистер» атты 25 акциядан тұратын инвестициялық портфельге енді. 2025 жылы жасанды интеллектпен байланысты акциялардың түзетілуінен кейін, инвесторлар бұл секторға қайта назар аударуы керек, деді банк сарапшысы Кристофер Харви.
StockBrokers.com компаниясының инвестициялық зерттеулер директоры Джессика Инскип мамыр айының ортасында TSMC акцияларының ұзақ мерзімді перспективасын оң бағалады. Дегенмен, Инскип мүмкін болатын бағалардың төмендеу қаупін шектеу үшін опциондармен абайлап әрекет ететін стратегияны ұстанатынын айтты. Оның сөзінше, TSMC акциялары қазіргі уақытта «қарсылық деңгейіне» жеткен — бұл актив бағасы жиі тоқтап, тіпті төмендей бастайтын техникалық шек.
Контекст
TSMC сәуір айында рекордтық табыс туралы есеп берді: табыс көлемі бір жылда 48%-ға өсіп, 349,6 миллиард тайвань долларына (10,7 миллиард АҚШ долларына) жетті. Компания өсімнің нақты себебін айтқан жоқ, бірақ бұған дейін 2025 жылға дейін серверлер мен жасанды интеллект процессорларынан түсетін табысты екі еселеуді жоспарлағанын мәлімдеген.
Алайда мұндай қарқынды өсім уақытша болуы мүмкін. Кейбір сатып алушылар АҚШ тарапынан сауда шектеулерінен қауіптеніп, алдын ала көптеп сатып алуы ықтимал. Дональд Трамп шетелдік чиптерге баж салығын салу жоспарын бірнеше рет мәлімдеген, ал TSMC АҚШ-тағы өндіріс қуатына 165 миллиард доллар инвестиция салғанына қарамастан, бұл саясаттан босатыла ма — белгісіз, деп жазды Barron's мамыр айының басында.
Қазіргі сәтте TSMC-тің америкалық депозитарлық қолхаттарының бағасы жыл басымен салыстырғанда 3,4%-ға төмен. Бұл көбіне сауда-саттықтағы тұрақсыздыққа байланысты. Дегенмен, FactSet мәліметі бойынша, сарапшылардың басым көпшілігі — 47-ден 46-сы TSMC акцияларын сатып алуға кеңес береді («Buy» және «Overweight» рейтингтерімен).








