2025: Жеке инвесторларға арналған Goldman Sachs-тың валютаға қатысты 5 кеңесі

Сарапшылар әлемдік нарықтарда ұзақмерзімді өзгерістің басталғанын атап өтті.
2025 жылдың басынан бері еуро мен британ фунты АҚШ долларына қатысты айтарлықтай күшейді. Goldman Sachs бұл құбылысты уақытша ауытқу емес, валюта тәуекелдерін қайта бағалаудың терең процесінің бастауы деп санайды. Мұндай өзгеріске АҚШ экономикасы өсімінің баяулауы, сауда тарифтерінің артуы және Еуропа мен Ұлыбританиядағы жағдайдың жақсаруы себеп болып отыр. Мамыр айындағы шолуында банк сарапшылары доллардың қысымда қалу себептерін, қай валюталар ұтысқа ие екенін және осы жағдайда жеке инвесторлар не істеуі керек екенін түсіндіреді.
Доллар қолдаудан айырылып жатыр, ал еуро мен фунтқа сұраныс артуда
Goldman Sachs деректеріне сүйенсек, 5 мамырға дейінгі аралықта еуроның доллармен бағамы 9,8%-ға, ал фунттікі 6,6%-ға өсті. Бұл өсімнің негізгі себептерінің бірі — АҚШ экономикасына қатысты болжамдардың нашарлауы. Инвестициялық банктің есебінде былай делінген: «Доллардың әлсіреуі, ең алдымен, АҚШ-тағы саясаттың өзгеруіне байланысты жалғасуы мүмкін. Атап айтқанда, тарифтердің өсуі белгісіздікті арттырып, ЖІӨ өсіміне, корпоративтік табыстарға және тұтынушылардың сеніміне кері әсер етеді».
Осы жағдайға байланысты инвесторлар америкалық активтерден бас тартып, еуропалық нарықтарға бет бұра бастады. «Қазір басқа валюталар — ең алдымен еуро, сондай-ақ фунт пайдасына қарай бағыт өзгеріп жатыр», — дейді Goldman Sachs-тың валюта және нарықтық зерттеулер бөлімінің жетекшісі Камакшья Триведи.
Германиядағы реформалар еуропалық активтерге қосымша серпін берді. Әсіресе, бюджет тәртібін жұмсарту мемлекеттік шығындарды арттыруға жол ашты. Бұл Еуроодақ экономикасының өсуіне деген үмітті нығайтып, еуроның тартымдылығын арттырды.
Неліктен бұл маңызды: қайта бағалау енді ғана басталды
Еуро мен фунттың күрт күшеюіне қарамастан, Goldman Sachs сарапшылары бұл валюталар әлі де толық бағаланбаған деп есептейді. Олардың есебінше, еуроның әділ бағасы — шамамен 1,25 доллар (қазіргі бағамы — 1,12 доллар), ал фунттың әділ бағасы — 1,35 доллар (қазіргі бағамы — 1,33 доллар). Алдағы бір жылға болжам — еуро үшін 1,2 доллар, фунт үшін 1,39 доллар.
«Америкалық активтердің ұзақ уақыт үстемдігінен кейін енді бетбұрыс кезеңі басталды. Бұл — күшейіп келе жатқан үрдіс», — дейді Камакшья Триведи.
Мұндай өзгеріске тек АҚШ-тағы өсімнің баяулауы ғана емес, сонымен қатар америкалық активтердің тұрақтылығына деген сенімнің азаюы да әсер етуде. Goldman Sachs мәліметінше, АҚШ нарығындағы табыс пен кіріс тұрақсыз бола бастады, ал облигациялар қорғаныс құралы ретінде бұрынғыдай тиімді емес. Бұл ретте неміс пен британ мемлекеттік облигациялары сәуір айында нарықтағы құбылмалы кезеңде анағұрлым тұрақты нәтиже көрсетті.
Инвестор не істеуі керек: Goldman Sachs талдауынан 5 негізгі тұжырым
1. Портфельдегі доллардың рөлін қайта қарастыру
Доллар бұрыннан америкалық акциялар мен облигациялар табыстылығы арқасында күшті позицияда болды. Қазір бұл артықшылықтар әлсіреп келеді. Инвесторларға доллардың жетекші рөліне тәуелділікті және оның туындататын тәуекелдерін ой елегінен өткізу маңызды.
2. Портфельді Еуропаға қарай әртараптандыру
«Көптеген жаһандық инвесторлар тым көп америкалық активтерге тәуелді. Бұл теңгерімсіздік жылдар бойы жиналып келді және енді түзетіле бастады», — делінген шолуда. Осы жағдай еуропалық және британдық активтерді портфельге қосуға себеп болады.
3. Қорғаныс құралдарын қайта бағалау
АҚШ облигациялары тұрақсыз жағдайда хедж-құрал ретінде тиімділігін жоғалтып жатыр. 2025 жылғы сәуірде неміс және британ облигациялары (бонды мен гилттер) нарық қысымына жақсырақ төтеп берді. Бұл қорғаныс құралдарын таңдағанда, әсіресе халықаралық стратегияларда, ескеруге тұрарлық жайт.
4. Тек пайыздық мөлшерлемені емес, оның өзгеру бағытын да ескеру
Мөлшерлеме айырмашылығы бұрынғыдай маңызды фактор болып қалса да, сарапшылар оның өзгеру бағыты шешуші екенін айтады. Бүгінде Германиядағы бюджеттік белсенділік пен Англия банкі тарапынан жүргізіліп жатқан қатаң ақша-несие саясатының арқасында Еуропа мен Ұлыбританиядағы кіріс кісі қызығарлық. Айта кету керек, Англия банкі G10 елдері (АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Канада, Италия, Бельгия, Нидерланды, Швеция, Швейцария) арасында ең жоғары мөлшерлемені ұстап отыр.
5. Бағам түзетулерін (коррекцияларды) мүмкіндік ретінде пайдалану
Goldman Sachs пікірінше, кейінгі өсімге қарамастан, еуро мен фунт әлі өз әділ бағаларына жеткен жоқ. Бағаның күрт қозғалысынан кейінгі уақытша түзетулер — еуропалық активтерге енді кіріп жатқан инвесторлар үшін тиімді мүмкіндік болмақ.
«Бұл өзгерістер енді ғана басталып жатыр. Иә, уақытша кері шегіністер болуы мүмкін, бірақ олар Еуропа мен Ұлыбританиядағы үлесін әлі арттырмаған инвесторлар үшін қолайлы сәт береді», — деп түйіндеді Триведи.








