БастыЖаңалықтарSmall Caps
Бөлісу

Компаниялар криптовалютаға инвестиция салуда «эфирге» көбірек басымдық беруде

Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

Компаниялар криптовалютаға инвестиция салуда «эфирге» көбірек басымдық беруде

Кейбір криптовалютаға инвестиция салатын компаниялар инфляциядан қорғану құралы ретінде биткойнның орнына Ethereum-ге (эфир) көбірек сенім арта бастады. Reuters-тің жазуынша, бұған бағаның салыстырмалы қолжетімділігі, технологиялық сенімділік және стейкинг арқылы қосымша табыс табу мүмкіндігі себеп. Соңғы айда Ethereum табыстылық жағынан биткойнды бірнеше есеге озып кетті. Дегенмен, сарапшылар мұндай үрдіс қысқа мерзімді болуы мүмкін екенін ескертіп, абай болуға шақырады.

Егжей-тегжейлі

Reuters агенттігі реттеуші органдарға берілген есептер мен ашық деректерге сүйене отырып жасаған талдауына сәйкес шілде айының соңында корпоративтік қазынашылықтар баланстарында 3,5 млрд долларға жуық сомаға 966 304 Ethereum токенін ұстаған. Ал 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 116 мың токеннен аз болған.

Атап айтқанда, капитализациясы 3,5 млрд доллар болатын Bitmine Immersion майнинг компаниясы тамыз айының басында эфир активтерін 2,9 млрд долларға дейін ұлғайтты. Бұл оны әлемдегі Ethereum-ды ең көп ұстайтын корпоративтік инвесторға айналдырып отыр. Сонымен қатар, ол криптовалюта активтері көлемі бойынша әлемде үшінші орында тұр, деп жазады Icobench.com. Ал капитализациясы 85 млн доллар болатын GameSquare медиаплатформасы акцияларын сатып, түскен қаражатты эфирге инвестициялау мүмкіндігін қарастырып жатқанын Business Insider нақтылайды.

Reuters-тің түсіндіруінше биткойннан айырмашылығы, эфир тек бағасының өсуі арқылы ғана емес, сонымен қатар стейкинг арқылы да табыс әкеледі — яғни Ethereum блокчейніне токендерді орналастырып, желінің жұмысын қолдап, марапат ретінде табыс табуға болады. Стейкингтен табыс жылына 3–4% аралығында.

Bit Digital бас директоры Сэм Табар: «Эфир» өсім әлеуеті мен «көк чип» мәртебесін ұштастыра алады. Ол институционалды инвесторлар үшін жеткілікті ірі актив, бірақ әлі де дамудың басында тұр — сондықтан жоғары табыс әкелуі мүмкін», — дейді.

Ethereum — жай ғана криптовалюта емес, децентрализденген қаржы (DeFi) саласының базалық инфрақұрылымы. Оның негізінде несиелік сервистер, трейдингтік протоколдар, стейблкойндар мен басқа да қаржы құралдары жұмыс істейді, деп түсіндіреді Reuters.

Innovating Capital венчурлық компаниясынан Энтони Георгиадес: «Егер биткойн — бұл цифрлық алтын болса, «эфир» — бұл DeFi үшін мұнай секілді. Ол жай ғана жинақ құралы емес, бүкіл криптоэкономика құрылатын актив», — дейді.

Инвесторлардың қызығушылығы және сарапшылардың сақтығы

Reuters атап өткендей, АҚШ-тың ҚҚК (SEC) стейкингке қатысты ұстанымын ішінара жұмсартқанына қарамастан, осы саладағы нормативтік база әлі де қалыптасу үстінде. Running Point Capital компаниясынан Майкл Шульманның айтуынша: «Әрбір стейкингтен түскен сыйақы комплаенс тұрғысынан сұр аймаққа айналуы мүмкін».

BitMine мен GameSquare компаниялары Ethereum-ге қызығушылық білдіргеннен кейін олардың акциялары тиісінше 3679% және 123% өсті, деп хабарлайды Reuters. Бұл крипторынқпен байланысты активтерге деген жоғары сұранысты көрсетеді.

Алайда сарапшылар бұл өсімді асыра бағаламауға шақырады. AJ Bell компаниясының сарапшысы Дэн Коутсворт: «Мұндай котировкалардың көтерілуі — бұл әдеттегі «мем-эффект», яғни ажиотаж іргелі көрсеткіштерден озып кетеді», — дейді.

Бұдан бөлек, криптовалюталардың жоғары құбылмалылығы мен реттеудегі белгісіздік оларды дәстүрлі компаниялар үшін онша қолайлы емес инвестициялық құралға айналдырады.

Straitsberg басқарушысы Анудж Карниктің пікірінше: «Көптеген қаржы директорлары өтімді активтерді эфирге ауыстырмайды. Бұл — тек тәуекелі жоғары және тұрақсыздыққа дайын технологиялық компаниялар үшін қолайлы, нишалық құрал».

Контекст

Business Insider-дың мәліметінше соңғы апталарда биткойн табыстылық бойынша эфирден қалып қойды. 2025 жылы биткойн тарихи максимумдарын жаңартқанына қарамастан, соңғы айда ол бар болғаны 10% өскен. Ал осы кезеңде эфир 54% өсім көрсетті.

Bitcoin Policy Institute заңгері Зак Шапиро бұған бірнеше себеп бар екенін айтады: «Бұл — едәуір дәрежеде алыпсатарлық мәміле. Ал ұзақ мерзімде не болатынын көреміз», — дейді ол эфир раллиіне пікір білдіре отырып.

Атап айтқанда, АҚШ Сенатында стейблкойндардың эмиссиясы мен айналымын реттейтін GENIUS Act заңы қабылданғаннан кейін, нарықта стейблкойндардың болашағына деген оптимизм артты, дейді Шапиро.

Сонымен қатар, жаңа инвестициялық өнімдер іске қосылғаннан кейін институционалды инвесторлар белсенді әрекет ете бастады. Соңғы апталарда әлемдегі ең ірі басқарушы компаниялар — BlackRock, Fidelity және Grayscale — эфирге арналған споттық ETF-терді іске қосты, бұл капиталы мол инвесторлардың назарын аударды. The Block мәліметінше, Ethereum спот ETF-тері бойынша сауда көлемі 123,5 млрд долларға жеткен.

Дегенмен, Шапиро бұл үрдістің уақытша болуы мүмкін екенін ескертеді. Оның пікірінше, сұраныстың бір бөлігі болашақтағы ықтимал оң факторларға деген үмітпен және белгісіздікпен байланысты. «Реттеушілік жағдай айқындалған сәтте бұл өсім бәсеңдеуі мүмкін», — дейді сарапшы.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары