Корея автоконцерндері мен кеме жасаушы компанияларының акциялары саудада шарықтады

Оңтүстік Кореяның автомобиль және кеме жасау компанияларының акциялары Сеулдегі сауда ашылған сәтте күрт өсті. Мұндай қарбалас АҚШ президенті Дональд Трамптың оңтүстіккореялық билікпен кедендік бажд салықтары жөніндегі көптен күткен келісімді бекітіп, елге атомдық суасты қайықтарын жасауға рұқсат бергеннен кейін басталды.
Егжей-тегжейлі
Hyundai Motor және Kia автоконцерндерінің акциялары сауда басталған алғашқы минуттарда тиісінше 12,2% және 9% көтерілді. Бағамдардың өсуі Сеул мен Вашингтон арасындағы шілде айында жарияланған сауда келісімінің түпкілікті бекітіліп, егжей-тегжейі ашылғаннан кейін орын алды, деп хабарлады CNBC.
Трамп пен Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Меннің кездесуінің қорытындысы бойынша АҚШ Оңтүстік Кореядан келетін тауарларға салынатын баж салығын төмендетіп, ал Сеул өз кезегінде $350 млрд көлемінде инвестициялық міндеттеме алатыны жарияланды. Жаңа шарттарға сәйкес Ақ үй оңтүстіккореялық импортқа салынатын баж мөлшерлемесін 25%-дан 15%-ға дейін азайтады. Ал Оңтүстік Корея АҚШ экономикасына $200 млрд тікелей инвестиция және $150 млрд кеме жасау саласындағы бірлескен жобаларға бағыттайды, деп хабарлады телеарна.
30 қазандағы саудада елдің кеме жасау алпауыттарының акциялары да көш бастады. Hanwha Ocean компаниясының бағалы қағаздары 14,9%-ға, Samsung Heavy Industries — 8,3%-ға, ал HD Hyundai Heavy Industries — 7,6%-ға өсті. Оңтүстіккореялық Maeil Business Newspaper басылымы мұндай серпінді Трамптың Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасымен байланыстырады. Онда ол Оңтүстік Кореяның алғашқы атомдық суасты қайығын «Филадельфия верфтерінде» жасауға келіскенін мәлімдеген.
Сарапшылардың пікірі
Samsung Securities сарапшысы Лим Ын Ённың бағалауынша АҚШ баждарының төмендеуі оңтүстіккореялық автоконцерндерге жыл сайын жүздеген миллион доллар үнемдеуге мүмкіндік береді. «Hyundai Motor үшін 2025 жылы баж салығына жұмсалатын 3,1 трлн вон ($2,2 млрд) көлеміндегі жылдық шығын 2026 жылы 2,3 трлн вонға ($1,6 млрд) дейін қысқарады», — деп жазады Maeil Business Newspaper.
KB Securities аналитигі Чон Дон Иктың пікірінше Сеулге арналған атомдық суасты қайығының құны бірнеше миллиард долларға жетуі мүмкін және жоба бір данамен шектелмейді. «Әдетте әскери-теңіз флотының кемелері кезектесіп кезекшілік атқару, экипажды оқыту және техникалық қызмет көрсету үшін кем дегенде үш бірлік болып сериямен жасалады. Мұндай бастама HD Hyundai Heavy Industries, Hanwha Ocean және олардың жеткізушілері үшін нарықты едәуір кеңейтуге қабілетті», — деді сарапшы.
Уолл-стриттің акцияларға көзқарасы
FactSet деректеріне сәйкес аналитиктердің басым көпшілігі Hyundai Motor мен Kia акцияларын тартымды деп санайды. Екі автоконцерн үшін де консенсус-рейтинг — Buy («сатып алу»). Бұл компаниялардың акцияларын сатуға ешбір сарапшы кеңес бермей отыр.
MarketScreener-дің мәліметінше Hanwha Ocean, Samsung Heavy Industries және HD Hyundai Heavy Industries компанияларының консенсус-рейтингтері — Buy немесе Outperform («нарықтан жоғары»). Екеуі де акцияларды сатып алуға ұсыныс болып табылады.








