«Көшбасшылар ауысуы мүмкін». RBC маңызды ескерту жасады

Технологиялық алып компаниялардың нарықтағы жетекшілігіне қарамастан, 2026 жылы өсім көрсететін акциялар мен құнды акциялар арасында бәсеке күшеюі мүмкін, деп есептейді RBC Capital Markets сарапшылары. Бұл туралы Yahoo Finance жазды.
АҚШ қор нарығы стратегиясы бөлімінің басшысы Лори Калвасина бастаған RBC Capital сарапшылары: «Қазір біз құнды акцияларға және жалпы кең нарыққа көбірек мән беріп отырмыз. Өсім акцияларына және “Керемет жетілікке” [Mag7 — ірі технологиялық компаниялар тобы: Alphabet, Amazon, Apple, Meta Platforms, Microsoft, Nvidia және Tesla] қарағанда. Бірақ бұл секторлар арасындағы бәсеке әлі аяқталмағанын есте сақтау маңызды», — деп жазды.
Егжей-тегжейі
RBC Capital Markets пікірінше, биылғы жылы нарық капитализациясы ең жоғары он компания алға шыққанымен, 2026 жылы көшбасшылар өзгеруі мүмкін. Бұған негізінен нарықтағы көңіл-күй әсер етеді.
Калвасина: «Біз қазіргі жағдайды “ЖИ көпіршігі” деп санайтындардың қатарына жатпаймыз, бірақ бұл алаңдаушылық мүлдем негізсіз деп те ойламаймыз», — дейді.
RBC Capital сарапшыларының айтуынша, 2026 жылы нарық фавориттерін анықтайтын негізгі факторлар инвесторларға таныс: еңбек нарығының жағдайы, ЖИ дамуы және саяси тәуекелдер.
Контекст
Құнды акциялардың нарықтағы жетекшілігін сақтауы үшін табыс өсімінің қарқыны кең нарықтың пайдасына өзгеруі керек, деп жазады Yahoo Finance.
RBC Capital Markets сарапшылары S&P 500 индексі үшін 2026 жылдың соңына қойған мақсатты көрсеткіш те басқа сарапшылардың оң болжамдарымен сәйкес келеді. Калвасинаның пайымдауынша, келесі жылдың желтоқсанына қарай S&P 500 7750 пунктке жетеді. Өткен аптада HSBC сарапшылары да 2026 жылға ұқсас болжам жариялап, индекстің мақсатты бағасын 7500 пункт деп көрсетті (қазіргі бағадан 9,5 пайыз жоғары). Deutsche Bank бұдан да жоғары болжам жасап, 2026 жылдың соңына қарай S&P 500 деңгейін 8000 пункт деп белгіледі (соңғы бағадан шамамен 17 пайыз жоғары). Бұл — әзірге ең оптимистік болжам.








