Криптонарық бір айда құнының бестен бірін жоғалтып, жыл басындағы деңгейге оралды

Криптонарық капитализациясы бір айдан сәл астам уақытта шамамен 20% құлдырап, жыл басынан бергі өсімді жойды, деп есептеді Bloomberg.
6 қазанда криптовалюталардың жиынтық нарықтық құны шамамен $4,4 трлн-ға жеткен еді. Алайда, содан кейінгі құлдыраудан соң жыл басынан бергі өсім бар болғаны 2,5% деңгейінде қалды, деп хабарлады CoinGecko. Қазір цифрлық активтер құны Трамп билікке келген кездегі деңгейден де төмен, ал ол кезде криптовалюталарды қолдаған мәлімдемелері биткоин бағасын 35% өсірген болатын, деп атап өтті агенттік.
Криптовалюталар тарихи максимум жаңарғаннан кейін бар болғаны бірнеше күн ішінде құлдырай бастады. Мұндай құлдырауға себеп, $19 млрд көлеміндегі кредиттік салмақпен ашылған позициялардың жойылуы, бұл инвесторлардың сенімін әлсіретті. Қазір трейдерлерде нарықтың қалпына келуіне деген сенім белгілері жоқ, деп жазды Bloomberg.
Биткоин 3 қараша, дүйсенбіден бері 9,5% жоғалтты, бұл оны наурыздан бергі ең нашар апталық нәтижеге жеткізді, деп атап өтеді агенттік. Жұма күні ол қайтадан $100 000-дан төмен түсіп, мәтін жарияланған сәтте сол шамада саудаланып жатты. Нарықтағы жаппай сатылым бүкіл криптосекторды қамтығанымен, ең үлкен жоғалтулар токендерге — яғни биыл онсызда артта қалып келе жатқан ұсақ әрі құбылмалы альткоиндерге тиесілі болды.
Алда не болмақ?
Нашар көңіл-күйге қарамастан, нарықта тұрақтанудың алғашқы белгілері байқалды. Алты күн қатарынан тіркелген қаражаттың таза кетуінен кейін 6 қарашада АҚШ-тағы спот-биткоин мен эфирге арналған ETF қорларына $253 млн жаңа қаражат құйылды, деді Bloomberg.
SignalPlus серіктесі Августин Фанның айтуынша, егер биткоин мен эфирді есептемесек, криптовалюта нарығы бірнеше ай бойы қысымда тұр. «Біз альткоиндерге немесе DeFi-жобаларға жаңа капиталдың келуі өте аз екенін байқап отырмыз», — деді ол. Сарапшының сөзінше, қысқа мерзімді драйверлердің болмауы мен қауіпсіздік пен реттеу тәуекелдерінің сақталуы ірі инвесторлардың нарыққа қатысуын жақын уақытта әлсіретіп тұруы мүмкін.
BTSE криптобиржасының операциялық директоры Джефф Мэйдің пікірінше, цифрлық активтердің құлдырауына жасанды интеллектке байланысты компанияла акцияларының артық бағаланғаны туралы алаңдаушылық та әсер етті. Ол: «Егер біз ЖИ мен технологиялық компаниялардың қағазы жаппай сатыла бастағанын көрсек, биткоин мен альткоиндердің бағасы одан да қатты құлауы әбден мүмкін», — деп ескертті.








