Лабубу қуыршақтарын өндіруші қысымға ұшырап, акциялары құлдырады

Лабубу қуыршақтарының өндірушісі ретінде танымал қытайлық Pop Mart International компаниясының акциялары вирусқа айналған , «сюрприз-қораптар» нарығына бақылауды күшейту туралы мемлекеттік БАҚ-та жарияланған үндеуден кейін төмендеді. Morgan Stanley Pop Mart-ты Қытай мен Гонконг бойынша фокус инвестициялар тізімінен алып тастады, ал Jefferies Қытайдағы коллекциялық ойыншықтар сегменті үшін қиындықтар болуы мүмкін деп ескертті.
Егжей-тегжейлі
20 маусымда Гонконгтағы сауда сессиясының ашылуында Pop Mart акциялары 6,2%-ға төмендеп, кейін сәл қайта көтерілді. Екі күн ішінде жалпы төмендеу 9%-ды құрады. Бұл құлдырауға Қытай Коммунистік партиясының ресми басылымы «Жэньминь жибао» себеп болды. Газет жабық қаптамада сатылатын коллекциялық ойыншықтарға бақылауды күшейту керек екенін жазды. Бұл форматта сатып алушы ішіндегі ойыншықты алдын ала білмейді.
Pop Mart бизнесі дәл осы модельге негізделген. Компания ойлап тапқан немесе лицензиямен алған кейіпкерлері бар «сюрприз-қораптар» дүние жүзінде сатылуда. Азулы, бұзық, күлкілі эльф Лабубу ерекше танымалдыққа ие болды. Әлеуметтік желілерде бұл қуыршаққа жұлдыздардың қызығушылығы арқасында сұраныс артқан. «Жэньминь жибао» бұл форматтың балалар мен жасөспірімдер арасында кең тарап жатқанын атап өтіп, кәмелетке толмағандарды импульсивті шығындардан қорғау үшін реттеуді күшейтуді ұсынды.
Ұқсас өнімдер шығаратын Bloks Group акциялары да Гонконгта 9,7%-ға арзандады.
Сарапшылар не дейді
Morgan Stanley себептерін нақтыламастан, Pop Mart акцияларын Қытай мен Гонконг бойынша негізгі инвестициялық идеялар тізімінен шеттетіп, орнына сақтандыру секторының PICC P&C қағаздарын енгізгенін хабарлады. Айта кетейік, бір апта бұрын ғана Morgan Stanley Pop Mart-тың мақсатты бағасын 224-тен 302 гонконг долларына дейін көтеріп, ұзақмерзімді өсуге сенім білдірген болатын.
Bloomberg агенттігіне пікір білдірген UOB Kay Hian Hong Kong атқарушы директоры Стивен Люн: «Газеттегі пікір инвесторлардың көңіл-күйіне қысым жасап, компания бизнесінің қызып бара жатқанын көрсетті. Дегенмен, бұл тікелей билік тарапынан айтылған сөз емес, сондықтан оны жұмсақ ескерту ретінде қабылдауға болады», — деді.
Jefferies сарапшысы Энн Лин: «Қысқа мерзімде pop-toy сегментінің барлық акцияларына қысым түседі, әсіресе жыл басынан бері жоғары нәтиже көрсеткен компанияларға», — деп ескертті.
Morningstar сарапшысы Джефф Чжан: «Лабубу өндірушісіне қатысты қауіптер асыра сілтенуі мүмкін, себебі компанияның негізгі аудиториясы — ересек адамдар, ал бұл реттеуші қысымның шектеулі әсері болатынын көрсетеді. Сонымен қатар, Pop Mart-тың басты өсімі шетел нарықтары арқасында күтілуде, сондықтан Қытайдағы реттеудің қаупі шектеулі», — деген пікір білдірді.
Контекст
Pop Mart акциялары үшін 9%-дық құлдырау айтарлықтай үлкен соққы емес, себебі 2025 жылдың басынан бері олар 160%-ға өсті. Ал өткен жылы басталған «лабубу-мания» кезінде акциялар 340%-ға қымбаттап, Гонконг биржасындағы ең жылдам өсіп жатқан қағаздардың бірі болды.
Соңғы бір жылда компанияның табысы үш есе, ал кірісі екі есе артқан. Лабубуға деген қызығушылық әлі де жоғары: маусым айында Қытайда өткен аукционда оның толық өлшемді нұсқасы $150 мыңға сатылды.
2025 жылы Pop Mart кірісті 50%-дан артық арттырып, шетел сатылымын екі есе көбейтуді жоспарлап отыр.








