БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Лабубу маниясы: Pop Mart пайдасы 400%-ға өсті. Акциялар әлі де өсе ма?

Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

Лабубу маниясы: Pop Mart пайдасы 400%-ға өсті. Акциялар әлі де өсе ма?

Қытайлық ойыншық өндіруші Pop Mart Лабубу қуыршақтарына болған дүрлігудің арқасында табысын күрт арттырды. Вирустық хитке айналған «құлағы үшкір, тісі шығыңқы» ойыншық-монстрлар компания акцияларын жылдың басынан бері 200%-дан астамға қымбаттатты. Сарапшылардың есебінше қазіргі бағаларда қағаздардың тағы да шамамен 11% өсім әлеуеті бар.

Қаржылық көрсеткіштер

2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында Pop Mart-тың табысы 204%-ға өсіп, 13,9 млрд юаньға ($1,9 млрд) жетті. Ал таза пайдасы 397%-ға ұлғайып, 4,6 млрд юаньға шықты. Bloomberg-тің келтірген ақпараты бойынша бір жыл бұрынғы өсім небәрі 62% болған.

Мұндай нәтижеге әлемдік нарықтағы Лабубу ойыншықтарына деген дүрлікпе себеп болды. «Соқыр қорап» (blind box) форматындағы сатылым — яғни сатып алушы қаптаманы ашпайынша қандай ойыншық алғанын білмейді — олардың тартымдылығын арттырды.

Ойыншықтардың танымалдығына әлеуметтік желілер мен жұлдыздардың қызығушылығы қосымша серпін берді. Лабубудың жанкүйерлері арасында K-pop тобы Blackpink-тің әншісі Лиса, поп-әнші Рианна және футбол жұлдызы Дэвид Бекхэм бар.

Лабубу Pop Mart-тың The Monsters брендіне кіреді. 2025 жылдың екінші тоқсанында бұл франшиза компанияға 4,81 млрд юань ($670 млн) табыс әкеліп, жалпы кірістің 34,7%-ын қамтамасыз етті. Сонымен қатар Molly және Crybaby секілді тағы төрт франшиза әрқайсысы 1 млрд юаньнан астам табыс әкелді, деп хабарлайды Reuters.

Акциялардың жағдайы

18 тамызда қаржылық есеп жарияланар алдында Pop Mart акциялары 5%-дан астамға қымбаттап, Гонконг биржасында (HKEX) бір айлық консолидациядан шықты, деп жазады Bloomberg. Алайда 19 тамызда инвесторлар пайдасын бекіте бастады — қағаздар 1,4%-ға арзандап жабылды.

TipRanks деректері бойынша сарапшылар Pop Mart акциялары бойынша соңғы рейтингті «сатып алу» деп берді, мақсатты баға — 312 гонконг доллар. Қазіргі бағасы шамамен 280 доллар болғандықтан, әлі де 11% көтерілу мүмкіндігі бар.

2025 жылдың басынан бері Pop Mart акциялары 213%-ға, ал 2024 жылдың наурызынан бері — яғни компания алғаш рет мықты нәтижелер көрсеткеннен соң — 1000%-дан астамға өсті, деп жазады Bloomberg.

Компанияның нарықтық капитализациясы 377,1 млрд гонконг долларына ($48,3 млрд) жетіп, әлемдік ойыншық индустриясының бірнеше алыптарынан асып түсті. Олардың қатарында «Трансформерлерді» шығаратын Hasbro, Barbie брендінің иесі Mattel және Hello Kitty франшизасымен танымал Sanrio бар, деп атап өтеді SCMP.

Контекст

Pop Mart 2010 жылы кәсіпкер Ван Ниннің бастамасымен құрылып, алғашқыда гонконгтық суретші Касин Лун ойлап тапқан Лабубу ойыншықтарын сатудан бастаған. Бүгінде компанияның 571 дүкені бар (оның 40-ы 2025 жылдың алғашқы жартысында ашылды) және әлемнің 18 елінде 2600-ге жуық автоматтандырылған «робот-дүкені» жұмыс істейді, деп жазады Reuters.

Лабубу ойыншықтары «эмоциялық құндылықтың» символына айналды — экономикалық тұрақсыздық жағдайында жастар арзан әрі көңіл көтеретін дүниелерге көбірек мән беруде. Сарапшылар мұны 1990-жылдары Жапонияда дағдарыс кезінде кең тараған kawaii мәдениетімен салыстырады, деп жазады SCMP.

Дегенмен жылдам өсім проблемаларды да туындатты. Нарықты қолдан жасалған көшірмелер басты, ал екінші нарықтағы бағалар шарықтады. Тіпті 2025 мамырында Лондонда сатып алушылар арасындағы төбелестерден кейін Pop Mart сатылымды уақытша тоқтатуға мәжбүр болды, деп түйіндейді SCMP.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары