Lululemon-да жаңа ірі инвестор пайда болды. Бұл компанияны құтқара ма?

Lululemon Athletica компаниясында жаңа ірі инвестор-активист пайда болды. Elliott Management инвестициялық қоры спорттық киім сатушысының акцияларына $1 млрд-тан астам қаржы салып, компанияға жаңа бас директорды (CEO) іздеу процесіне белсенді араласа бастады. Бұл туралы дереккөздерге сүйеніп The Wall Street Journal мен Reuters хабарлады. WSJ-дың дерегінше Elliott қазір Lululemon-ның ең ірі акционерлерінің біріне айналды.
Осы жаңалықтардан кейін Lululemon акциялары премаркетте шамамен 5% өсті.
Егжей-тегжейлі
WSJ атап өткендей, соңғы айларда Lululemon үшін жағдай оңай емес болып отыр. Өткен аптада компания қазіргі бас директоры Кэлвин Макдональдтың 2026 жылдың қаңтарында қызметінен кететінін жариялады. Сонымен бірге, басшылық бизнесте бірқатар қателіктер бар екенін және оларды түзету қажет екенін мойындады.
Басылым дереккөздерінің айтуынша, Elliott Management тәжірибелі менеджер Джейн Нильсенмен тығыз жұмыс істеп жатыр. Ол бұған дейін Ralph Lauren компаниясында қаржы директоры және операциялық директор қызметтерін атқарған. Қазір Elliott оны Lululemon-ның болашақ CEO-сы ретінде қарастырып отыр.
Контекст
Қазіргі бас директордың кететіні белгілі болған соң акциялар қысқа мерзімге өскенімен, жалпы алғанда Lululemon акциялары соңғы екі жылдағы ең жоғары деңгейімен салыстырғанда шамамен 60% арзандаған. Қазір компанияның нарықтық құны шамамен $25 млрд. Reuters мәліметінше, жаңа CEO таңдау мәселесі директорлар кеңесінде ұзақ әрі қымбат тартысқа айналуы мүмкін.
Компанияның негізін қалаушы әрі ең ірі акционері Чип Уилсон да жаңа басшыны тәуелсіз директорлардың қатысуымен, бизнесті терең түсінетін мамандар арасынан тезірек табуға шақырды. Оның айтуынша, компания өнімге қайтадан нақты көңіл бөлуі керек.
Қымбат легинстері мен athleisure стиліндегі киімімен танымал Lululemon соңғы жылдары Alo Yoga сияқты жас брендтерге және ірі ритейлерлердің арзанырақ жеке маркаларына нарықтағы үлесін жоғалта бастады.
Айта кетейік, Elliott Management бұған дейін де PepsiCo компаниясына инвестиция салып, Phillips 66 айналасындағы акционерлік тартысқа қатысқан.








