БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Майкл Бьюрри неліктен бүгінгі ЖИ дүрбелеңін дотком көпіршігімен салыстырды?

Юлия Котова

Юлия Котова

Oninvest жаңалықтар қызметінің жетекшісі.
Майкл Бьюрри неліктен бүгінгі ЖИ дүрбелеңін дотком көпіршігімен салыстырды?

Инвестор Майкл Бьюрри жаңа блогындағы алғашқы жазбасына «Көпіршіктің басты белгісі — шамадан тыс ұсыныс» деген атау қойып, бүгінгі жасанды интеллектке деген дүрбелеңнің 2000-жылдардың басында жарылған дотком көпіршігінен еш айырмашылығы жоқ екенін түсіндірді.

Оның айтуынша, көптеген инвесторлар дотком дәуіріндегі көпіршіктің қалай пайда болып, қалай құлағанын «ұмытқан немесе мүлде білмейді». Сол кезеңнің өзегі .com доменіндегі сайттар емес, деректерді жеткізетін инфрақұрылымды жаппай салу болған. Бьюрри бұл құбылысты «мания» деп сипаттайды — компаниялар деректерді «әлдеқайда жоғары жылдамдықпен әлемнің түкпір-түкпіріне, әр үйге жеткізуге» тырысты. Байланыс операторлары AT&T секілді алпауыттардан бастап Williams сияқты құбыр инфрақұрылымын салушыларға дейін желілерді кеңейтуге, суасты кабельдерін тартуға ондаған миллиард доллар құйды.

«Ең бастысы — капитал нарықтары, бүгінгідей, деректерді тасымалдау инфрақұрылымын маниакалды түрде кеңейткен көшбасшыларды үлкен ықыласпен қаржыландырды»

Майкл Бьюрри

1999 жылы желілерге қажет маршрутизатор шығаратын Cisco акциялары 125% өсті, ал 2000 жылы компания қысқа уақытқа әлемдегі ең қымбат компанияға айналды. Ол кезде Cisco басшылығы «экономиканы ғана емес, бүкіл қоғамды өзгертетін революцияның ортасында тұрмыз» деп мәлімдеген. 2000 жылы байланыс жабдығының тапшылығы «үйреншікті жағдай» болғандықтан, инвесторларға сұраныс шексіз болып көрінді. Компания басшылары да «интернет-бизнестегі түбегейлі өзгерістер жылдамдап барады» деп сендірген.

Алайда шындық басқа болды: кеңжолақты интернеттің таралуы өте баяу жүрді. Бьюрридің дерегінше 2002 жылға қарай АҚШ-та дотком бумында салынған инфрақұрылымның 5%-дан азы ғана нақты жұмыс істеп тұрған. Соңында көпіршік «ұсыныстың шамадан тыс көптігі мен сұраныстың өте төмендігі» салдарынан жарылды.

2001 жылы Cisco шығынға батып, акциялары 78%-ға арзандады. Инвесторлар сұраныс бәсеңдегенінің анық белгісін күтумен акцияларды сатпай ұстап отырды, бірақ соның кесірінен ақшасынан айырылды.

«Қанша адам бұны жоққа шығаруға тырысса да, бұл жолы да бәрі басқаша емес», — деді Майкл Бьюрри.

Бьюрридің айтуынша ірі компаниялар «алып инвестициялық жоспарлар акция бағасын өсіруге күшті ынталандыру бола алатынын» жақсы түсініп алған. Қазіргі ЖИ бумын алға сүйреп тұрған бестік — Microsoft, Google, Meta, Amazon және Oracle — сондай-ақ OpenAI сияқты жекеменшік стартаптар алдағы үш жылда ЖИ инфрақұрылымына шамамен $3 трлн құюға уәде еткен. «Инвесторлар бұған мәз», — дейді Бьюрри. Оның сөзінше, бүгінгі көпіршіктің де өз «Cisco»-сы бар — «бәріне құрал-жабдық жеткізіп, болашақты кеңінен болжайтын» компания. «Оның аты — Nvidia», — деп жазды Бьюрри. 25 жыл бұрынғы Cisco секілді, Nvidia да ЖИ нарығында көпіршік жоқ екенін айтады.

Контекст

Бьюрри АҚШ-тағы ипотекалық көпіршіктің жарылуын ерте болжап, әйгілі болып, 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы кезінде қыруар табыс тапқан. Оның стратегиясы «Құлдырауға бәс тігу» кітабы мен фильміне негіз болды. Биыл күзде Бьюрри екі жарым жылдық үнсіздіктен кейін әлеуметтік желіге қайта оралып, нарықта жаңа көпіршіктің пайда болғанын ескертті. Ол Meta мен Oracle сияқты гиперскейлерлерді табысты жасанды түрде көтеріп көрсетеді деп айыптап, Palantir мен Nvidia-ның құлдырауына бәс тіккен. Қарашада Бьюрри Scion Asset Management хедж-қорын жауып, мәмілелерін жариялау міндетінен босады және инвестициялық идеялармен бөлісетін ақылы дайджест жариялай бастады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары