Nvidia «Құлдырауға бәс тігу» фильміндегі инвестордың сынына жауап берді

Nvidia жасанды интеллектке жұмсалатын ауқымды шығындардың экономикасын қорғап шықты. Бұған инвестор Майкл Бьюрри — «Құлдырауға бәс тігу» фильмінің бас кейіпкерінің прототипі — компания чиптерінің өмірлік циклі мен оларға салынған инвестицияның қайтарымы туралы күмән келтіргеннен кейін себеп болды, деп жазады CNBC. Компания ЖИ-процессорларының өмірін ұзартатын арнайы бағдарламалық жасақтаманы қолданатынын, оның көмегімен жаңа нұсқалардағы қолданбаларды ескі чиптерде де іске қосуға болатынын мәлімдеді.
Егжей-тегжейлі
Nvidia қаржы директоры Колетт Кресс тоқсандық есеп жарияланғаннан кейін өткен конференц-қоңырау барысында компания чиптерінің жабдығы ұзақ уақыт бойы өнімді болып қалатынын айтты. Оның сөзінше, ЖИ-чиптің пайдалану мерзімін ұзартуға көмектесетін CUDA-GPU деп аталатын бағдарламалық жүйе бар. Бұл жүйе процесорлардың толық меншіктеу құнын есептегенде компанияға бәсекелестеріне қарағанда елеулі артықшылық береді. «CUDA-ның арқасында біз алты жыл бұрын жеткізген A100 графикалық процессорлары әлі де толық жүктемемен жұмыс істеп тұр», — деді Кресс.
Ол жеке атап өткендей, CUDA платформасы чиптердің экономикалық өмірін шын мәнінде ұзартуды қамтамасыз етеді: клиенттер жаңа буын микросхемалар тиімділігі әлдеқайда жоғары болғанына қарамастан, ескі жабдықтан да ұзақ мерзімді құндылық ала алады.
Бьюрри ЖИ-компанияларын не деп айыптады
Айдың басында Майкл Бьюрри X әлеуметтік желісінде ескерту жасап, Nvidia-ның жабдығын сатып алатын технологиялық алыптар өз қаржылық нәтижелерін жасанды түрде өсіріп көрсетіп отырғанын айтты. Себебі олар есептілікте ЖИ-чиптердің амортизациясын төмен бағалауда. Ал оның бағалауынша бұл чиптер бес жылдан артық жұмыс істеуі екіталай, алайда алты жылдық мерзім бойынша есептен шығарылады. Мерзім неғұрлым ұзақ болса, жыл сайынғы шығын соғұрлым төмен, ал пайда жоғары болады. Қаржыгердің пікірінше дәл осы көрсеткіштер бұрмаланып көрсетілуде.
Nvidia есебі жарияланғаннан кейін Бьюрри тағы бір жазба жариялап, клиенттердің ескі чиптерді қолдана беруі олардың бухгалтерияда көрсетілетін «пайдалы пайдалану мерзімі» ұзарып кетті дегенді білдірмейтінін айтты. Оның пікірінше, бұл — жабдықтың әлі жұмыс істеп тұрғанын оның әлі де құн жасап жатыр деп қате түсіну.
«Қолданылып жатыр екен деп, ол міндетті түрде пайда әкеледі деген сөз емес», — деп жазды Бьюрри. Ол жаңа, қуатты әрі энергияны үнемдейтін GPU-лар шыққаннан кейін ескі чиптердің тиімділігі төмендейтінін түсіндірді. Сол себепті ескі жабдықтың құны компаниялар оны амортизациялап үлгермей жатып-ақ түсіп кетеді, ал технологиялық алыптар қайтадан жаңа инвестиция салуға мәжбүр болады, деп жазады CNBC.
Бұған қоса, Бьюрри Nvidia-ны өз жабдығын сатып алатын технологиялық компанияларды немесе өзі қаржыландыратын, олардан есептеу қуатын жалға алатын ұйымдарды қаржыландыру арқылы айналмалы мәмілелер жасайды деп сынға алды. «Болашақта мұны жұмыс істейтін механизм емес, алаяқтық көрінісі ретінде қабылдайтын болады. Нағыз түпкілікті сұраныс — күлкілі деңгейде аз. Клиенттердің басым бөлігі өз жеткізушілерінің қаржысымен өмір сүріп отыр», — деп жазды ол 20 қарашада.
Айдың басында жарияланған құжаттардан Бьюрридің басқаруындағы Scion Asset Management хедж-қоры үшінші тоқсанда акция арзандағанда табыс әкелетін пут-опциондар сатып алғаны белгілі болды. Ол портфеліне Palantir мен Nvidia акцияларына арналған осындай келісімшарттарды қосты. Инвестор бұл ставкалардан пайда тапты ма, жоқ па, әзірше белгісіз. 10 қарашада Бьюрри қорын АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясында тіркеуден алып тастады.
Сарапшылар не дейді
«Nvidia ірі клиенттердің амортизациялық кестелері шынайылыққа сәйкес келетінін жақсы түсіндірді, себебі бағдарламалық жаңартулар ескі чиптердің өмірін шынымен ұзартуға мүмкіндік береді», — деді Melius Research аналитигі Бен Райтцес конференц-қоңыраудан кейін. Оның пікірін CNBC келтіреді.
Bernstein компаниясының сарапшысы Стейси Разгон да Бьюрридің бағалауымен келіспейді. «Көптеген ірі бұлт провайдерлерінің амортизациясы толығымен орынды көрінеді», — деп жазды ол апта басында, ЖИ-чиптердің алты жыл бойы пайда әкеле алатынын атап өтіп. Аналитиктің сөзінше шамамен бес жыл бұрын шығарылған, осы уақытқа дейін қолданылып келе жатқан Nvidia A100 графикалық үдеткіштері әлі де жақсы тиімділік көрсетіп отыр.
Сонымен қатар Bloomberg колумнисі Крис Брайант ескерту жасайды: Уолл-стрит әуе кемелері мен автокөліктер сияқты жылдам құнсызданатын активтерді қаржыландыруға үйренгенімен, жеке несиелік қорлардың ЖИ-чиптерін несие кепілі ретінде жиі қолдануы алаңдаушылық туғызады. Мұнда қауіптілеу стартаптарға — ЖИ-чиптерін жалға беретін неоклауд-платформаларға берілетін несиелер де бар. Брайанттың айтуынша, Microsoft мұндай неоклауд-келісімдерді $60 млрд-тан астам сомаға жасасқан. Ал ЖИ-чиптің бір жылдық қолданудан кейінгі қалдық құны қандай болатыны — ашық сұрақ, деп жазады аналитик.








