Bernstein Майкл Бьюрримен келіспеді: Nvidia чиптері қанша уақыт қызмет етеді?

Ірі технологиялық компаниялар ЖИ үшін қолданылатын Nvidia чиптерін алты жылдық мерзіммен амортизациялау керек пе деген сұрақ инвесторлар арасында дау тудырды. «Игра на понижение» фильмінің прототипі Майкл Бьюрри бұл чиптердің қызмет ету мерзімі қысқарақ деп санайды, ал Bernstein аналитигі Стейси Разгон алты жылдық амортизацияның орынды екенін айтады. Бьюрридің пікірі оның ЖИ-нарығығың қызып кеткені туралы ескертуімен үндес. Оның дерегінше қор индекстері әдетте инвестициялық бумдардың ортасында шегіне жетеді, ал капиталдық шығындар тағы бір-екі жылға өскеннен кейін күрт құлдырау басталады.
Егжей-тегжейлі
Белгілі инвестор Майкл Бьюрри мен Bernstein аналитигі Стейси Разгон арасында технологиялық компаниялардың деректер орталықтарында қолданылатын Nvidia жасанды интеллект чиптерінің нақты шығындалу және амортизациялау мерзімі қаншалықты дұрыс есептелетініне қатысты дау өршіді, деп жазады Barron’s.
2008–2009 жылдардағы ипотекалық дағдарыс алдында нарыққа қарсы дәл ставка жасағаны үшін танымал болған және «Игра на понижение» фильміндегі басты кейіпкердің прототипіне айналған Бьюрри 10 қарашада компаниялар жабдықтың экономикалық қызмет ету мерзімін асыра көрсетіп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша графикалық процессорлар (GPU) алты жылдық амортизациялық мерзім бойынша есептен шығарылады, бірақ олардың нақты қызмет ету уақыты әлдеқайда қысқа.
Амортизация активтің құнын бірден емес, пайдалану кезеңіне бөліп есептеуге мүмкіндік береді. Мерзім неғұрлым ұзақ болса, жыл сайынғы шығын да азаяды, тиісінше компания пайдасы жоғары көрінеді — Бьюрридің пікірінше, бұл қаржылық есептілікті бұрмалайды.
Разгон болса, бұл пікірмен келіспейді. «Ірі бұлттық провайдерлердің көпшілігіндегі амортизациялық саясат толықтай орынды көрінеді», — деді ол 17 қарашадағы жазбасында, GPU алты жыл бойы тиімді жұмыс істей алатынын атап өтіп.
Аналитиктің айтуынша шамамен бес жыл бұрын шығарылған және шамамен сонша уақыт жұмыс істеп келе жатқан Nvidia A100 жеделдеткіштері әлі де жақсы тиімділік көрсетуде. Саладағы дереккөздер мұндай чиптердің жиі алты-жеті жыл, кейде одан да ұзақ қызмет ететінін растайды.
«Есептеу қуаты шектеулі жағдайда A100-ге сұраныс жоғары күйінде қалып отыр», — деп қосты Разгон. GPU-қуаты бар бұлттық жеткізушілерде A100 бойынша бос ресурстар дерлік қалмаған.
Нарық не дейді
Әлемдегі ЖИ және жоғары өнімді есептеулерге арналған ең ірі бұлттық инфрақұрылымдардың бірін басқаратын CoreWeave компаниясының басшылығы да осы айда ескі GPU-ларға деген сұраныстың сақталып отырғанын айтты. Компания үш жылдық модельдер болуына қарамастан, H100 чиптерін пайдалану бойынша келісімді бұрынғы бағамен дерлік — бар болғаны 5% ауытқумен — ұзартуға қол жеткізген.
Microsoft бас директоры Сатья Наделла GPU-лардың күткеннен ұзақ қызмет ету себептерін түсіндірді. «Алдымен сіз оларды оқытуға, кейін дерек генерациясына, содан соң инференске қолданасыз», — деді ол The Dwarkesh Podcast подкастында. Инференс — алдын ала оқытылған модельдер негізінде жауап алу процесі. «Бұл — бір рет қолданылатын, кейін сөреде шаң жинайтын жабдық емес», — деп атап өтті Наделла.
Контекст
Бьюрри 16 қарашада жасанды интеллект нарығының шамадан тыс қызғаны туралы жаңа ескерту жариялады, деп жазады Business Insider. Ол S&P 500 компанияларының АҚШ ЖІӨ-сі мен амортизацияға түзетілген 35 жылдық капиталдық шығындар графигін жариялап, экономиканың жаңа инвестицияларға қаншалықты тәуелді екенін көрсетті.
Бьюрридің дерегінше қор индекстері тарихи түрде инвестициялық бумдардың ортасында шегіне жетеді, ал капиталдық шығындар тағы бір-екі жыл бойы өсіп, одан кейін күрт құлайды. Оның графигінде дотком көпіршігі жарылар алдындағы Nasdaq шыңы, ипотекалық дағдарысқа дейінгі S&P 500 көрсеткіші және мұнай бағасы құлар алдындағы S&P 500 Energy секторы атап көрсетілген.
Бьюрри Nasdaq 100 индексінің осы тоқсандағы рекордтық деңгейіне — шамамен 26 000 тармаққа — назар аударып, нарық қазіргі инвестициялық циклдің шыңына жақындаған болуы мүмкін екенін айтады. Оның қорытындысы бойынша акциялар шарықтау шегіне жақындап үлгерді, ал OpenAI, Meta және басқа да компаниялар ЖИ-инфрақұрылымға триллиондар құюды енді ғана жоспарлап отыр.
Егер бұл тарихи паттерн қайталанса, ЖИ-дағы инвестициялық дүрбелең ең көп дегенде екі жылға созылып, одан кейін түзету немесе тіпті рецессия болуы мүмкін, дейді Бьюрри.
Инвесторлардың ЖИ-бумына шамадан тыс соқыр сенім білдіріп, қауіп белгілерін елемей отырғанын көрсету үшін Бьюрри жазбасына «Сақиналар әміршісі» фильмінен мем де қоса тіркеді.








