McKinsey: Инвесторлар қадағалауы тиіс 13 технология

McKinsey консалтинг компаниясы жыл сайынғы Technology Trends Outlook 2025 есебін жариялады — онда жаңа нарықтарды қалыптастырып, инвестициялық мүмкіндіктер туғызатын 13 озық технологиялық тренд көрсетілген. Бұл — алдағы онжылдықтың болжамы емес, капитал ағыны қазірдің өзінде байқалып жатқан бағыттар. Былтыр бұл сегменттерде жұмыс істейтін компанияларға ондаған миллиард доллар инвестиция құйылған. McKinsey есебін инвесторлар үшін жол көрсеткіш карта деуге болады. Бұл есепте алдағы жылдары қандай жаңа көшбасшылар, тұрақты экожүйелер мен инновациялық серпілістер пайда болуы мүмкін екені көрсетілген. Барлық 13 тренд осы материалда тарқатылып жазылған.
Агенттік жасанды интеллект
2024 жылғы акционерлік капитал инвестициясы: 1,1 млрд доллар
McKinsey-дің негізгі трендтерінің бірі — агенттік жасанды интеллект. Күрделі тапсырмаларды өз бетімен жоспарлап, орындай алатын ЖИ. Ол клиенттерге қызмет көрсету, бағдарламалау және киберқауіпсіздік сияқты салаларда барған сайын жиі қолданыла бастады. Мұндай шешімдерді енгізіп жатқан компаниялардың қатарында — OpenAI (Operator), Google (Gemini 2.5 Flash), Salesforce (Agentforce), Darktrace бар.
Былтыр агенттік ЖИ-ға салынған инвестиция классикалық ЖИ платформаларымен салыстырғанда азырақ болғанымен, бұл нарық тез өсіп келеді. Тек бір жылдың ішінде бос жұмыс орындарының саны 985%-ға артты. Көптеген шешімдер әлі де пилоттық жоба деңгейінде болғанымен, McKinsey бизнестің практикалық мысалдарға қызығушылығы жоғары екенін атап өтуде және жақын арада агенттік ЖИ бизнес процестерге белсенді енгізіледі деп күтуде. Агент ЖИ-дің әлеуеті — B2B нарығына арналған жаңа құралдарды жасайтын компанияларда.
Жасанды интеллект
2024 жылғы акционерлік капитал инвестициясы: 124,3 млрд доллар
Жасанды интеллект — жаңа экономикалық құрылымды қалыптастырып жатқан ең капиталды көп қажет ететін тренд. 2025 жылдың бірінші тоқсанында ЖИ-мен айналысатын компаниялар 52 млрд доллар тартты, оның ішінде SoftBank-тың OpenAI-ға құйған 40 млрд доллары — венчурлық тарихтағы ең ірі мәміле болды.
Саланың ірі ашық компанияларының қатарында — Microsoft, Nvidia, Amazon, Meta, Alphabet, Palantir, ServiceNow, SAP және Adobe бар. Ең көп коммерциялық нәтиже беріп отырғаны — генеративті және аналитикалық ЖИ. Олар ІТ-ден бөлек, қаржы, өнеркәсіп, медицина және логистика салаларында кеңінен енгізіліп жатыр. Мысалы, Ally Bank банк компаниясы GitLab платформасын енгізді — бұл ЖИ-дің кешенді шешімі бағдарламалық жасақтаманы қауіпсіз және тиімді әзірлеуге, енгізуге және қолдауға көмектеседі — нәтижесінде банк бағдарламалық өнімдерді шығару мен жаңартуды 55%-ға жеделдетіп, шығындарды қысқартты.
Нақты бір салаға мамандандырылған жартылай өткізгіштер
2024 жылғы акционерлік капитал инвестициясы: 7,5 млрд доллар
McKinsey есебіндегі маңызды трендтердің бірі — ЖИ мен күрделі есептеулер үшін жоғары өнімділік пен энергия үнемділікті қамтамасыз ететін бір салаға мамандандырылған чиптер. Олар ЖИ қызметтері, деректер орталықтары мен бұлттық платформалар дамуының технологиялық негізі болуда.
Бұл саланы қазіргі таңда Nvidia басқарып тұр, бірақ Amazon, Google және Microsoft өздерінің ЖИ-ге арналған арнайы чиптерін жасап, бәсекеге түсуде. Сонымен қатар, Cerebras, Groq және SambaNova Systems секілді болашағы бар стартаптар да пайда болуда. McKinsey деректеріне сәйкес ЖИ бағытындағы дата-орталықтардың қуаты 2030 жылға қарай жыл сайын 33%-ға өседі. Дегенмен технологиялардың тез өзгеруі сұраныстың тұрақтылығына қатысты сұрақтар туғызуда.
Озық байланыс технологиялары
2024 жылғы акционерлік капитал инвестициясы: 44,2 млрд доллар
McKinsey талдаушылары озық байланыс технологияларына төмен энергия тұтынатын сымсыз желілерді, 5G және 6G ұялы жүйелерін, жаңа Wi-Fi стандарттарын және төмен орбитадағы спутниктерді жатқызады.
5G енгізілуі 6G үшін негіз дайындап қойды, ал жеке сымсыз желілер нарығы 2032 жылға қарай 32,86 млрд долларға жетіп, жыл сайын 23% өседі деп болжануда. Дата-орталықтардың жылдам өсуі оптикалық талшықты желілерге сұранысты арттырды — бұл ЖИ, шеткі есептеу және ақылды қызметтер үшін негізгі инфрақұрылым. Бұл нарықта негізгі ойыншылар — Cisco, T-Mobile, Apple, Nvidia және SpaceX. Олар желілік бөліктеу технологияларын дамытып, құрылғылардың энергия тұтынуын азайтады, тиімді фотондық коммутаторлар жасап, смартфондарды тікелей спутникпен байланыстыру қызметтерін енгізуде.
Бұлтты және шеткері (перифериялық) есептеулер
2024 жылғы акционерлік капитал инвестициясы: 80,8 млрд доллар
Ақпараттық инфрақұрылым архитектурасы — есептеулер мен деректерді өңдеу орталықтандырылған дата-орталықтар мен шеткі құрылғылар арасында бөлінеді, бұл деректерді тасымалдау шығындарын оңтайландырып, процестердің тұрақтылығын арттырады. Бұл саладағы негізгі трендтер — гибридті салқындату жүйелері, таратылған есептеулер (мысалы, AWS Trainium), жергілікті бұлттардың дамуы және киберқауіпсіздік шараларын күшейту.
McKinsey болжамынша 2030 жылға қарай дата-орталықтардың есептеу қуатына сұраныс 3 еседен аса артады. Нарықты Amazon Web Services, Google Cloud, Microsoft Azure сынды ірі бұлттық провайдерлер ғана емес, жаңа ойыншылар да түрлендіреді. Мысалы, CoreWeave компаниясы Nvidia жеделдеткіштеріне негізделген бұлттық шешімдерді ұсынып, табысын 737%-ға арттырып, 2025 жылы IPO өткізді.
Иммерсивті технологиялар
2024 жылғы акционерлік капитал инвестициясы: 6 млрд доллар
Иммерсивті технологиялар дамуының негізгі факторлары — ақылды көзілдіріктер мен құрылғылардың дамуы (Meta Quest 3, Apple Vision Pro, Snap Spectacles), сезімтал интерфейстердің жетілуі және жасанды интеллектпен интеграция. Олар тек ойын-сауықта ғана емес, медицинада (VR-оқыту және хирургия), өндірістік прототиптеуде де қолданылады (мысалы, New Balance прототиптерді жасау уақытын 45 күннен 7 күнге қысқартты).
Meta мен Google жаңа буын AR-көзілдіріктері мен аралас шындық платформаларына инвестиция салуда, Apple жасанды интеллект негізінде цифрлық аватар жасай алатын Vision Pro құрылғысын шығарды. Virtuix және Contact CI сынды стартаптар VR-дегі тактильдік кері байланысты дамытуда.
Киберқауіпсіздік пен цифрлық сенім
2024 жылғы акционерлік капитал инвестициясы: 77,8 млрд доллар
Бұл салада ең көп сұранысқа ие — цифрлық сәйкестендіру, шифрлау, қауіп-қатерлерді бақылау технологиялары және қорғалған транзакциялар үшін блокчейн тұғырнамалар.
Киберқауіпсіздік шешімдері нарығында бәсекелестік артуда. Ірі компаниялар инновациялық стартаптарды сатып алып, экожүйелерін кеңейтуде — мысалы, Cisco Splunk-ты сатып алды. Қауіпсіздікке инвестиция салған компаниялар ұтады — олардың акциялары бәсекелестерге қарағанда 245 пайыздық тармаққа артық өседі. Блокчейн мен токенизация тез енгізілуде: JPMorgan Kinexys платформасын валюталық есеп айырысулар үшін интеграциялады, ал BlackRock BUIDL токенизацияланған қорын шығарып, АҚШ цифрлық қазынашылық бағалы қағаздар нарығының 40%-дан астамын иеленді. Бұл сала әлі де нормативтік өзгерістер мен инвестициялық мүмкіндіктер бойынша ең серпінді салалардың бірі.
Кванттық технологиялар
2024 жылғы акционерлік капитал инвестициясы: 2 млрд доллар
Қазір кванттық компьютерлердің қолданбалы міндеттері шектеулі, бірақ болашақта олар фармацевтика, қаржы, логистика және киберқауіпсіздік салаларын күрделі процестерді модельдеу және үлкен деректерді талдау арқылы түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Ірі ойыншылар қателерді азайту мен кванттық жүйелерді ауқымдау бағытында жұмыс істеуде. 2025 жылы Google Willow чипін, Microsoft Majorana 1 процессорын, AWS Ocelot жүйесін таныстырды. IBM Еуропада алғашқы кванттық есептеу деректер орталығын ашты, ал Nvidia зерттеу орталығын салып жатыр. McKinsey кванттық технологиялар жақын болашақта қаржы, химия, денсаулық сақтау мен көлік саласына елеулі әсер етеді деп болжап отыр.
Робототехника
2024 жылғы акционерлік капитал инвестициясы: 7 млрд доллар
Негізгі тренд — ЖИ-ді біріктіру. Бұл роботтарға жаңа тапсырмаларға бейімделуге және адамдармен әрекеттесуге мүмкіндік береді. Олар енді көп салалы болып барады. Үйренеді, объектілерді таниды, күрделі маршруттармен қозғалады және бұрын адам еңбегі қажет болған жерлерде жұмыс істей алады. Көпшілікке енуін кадр тапшылығы мен қауіпсіздік стандарттарының болмауы тежеп тұр. Дегенмен McKinsey робототехника көптеген салаларды өзгертетін әлеуетке ие деп санайды.
Бұл сегментте ең жылдам өсіп жатқан — «сервис» роботтары, олардың өсімі жылына 20–35%. Boston Dynamics, Tesla, Amazon, Covariant, Figure AI секілді компаниялар ақылды роботтарды зауыттарға, логистикаға, медицинаға және қоғамдық тамақтану саласына енгізуде. Мысалы, GXO Logistics қойма операцияларына Digit гуманоидты роботтарын енгізуге келісім жасады.
Жаңа буын көлігі
2024 жылғы акционерлік капитал инвестициясы: 131,6 млрд доллар
Ірі компаниялар өздігінен жүретін көліктерді, дрондарды және әуетаксилерді коммерциялық іске қоса бастады. Alphabet-ке тиесілі Waymo Лос-Анджелес пен Остинде роботакси қызметін кеңейтті, Kodiak Robotics Техаста жүргізушісіз жүк колонналарын іске қосты, ал Amazon мен Walmart дронмен жеткізуді дамытты. Archer Aviation және Joby Aviation секілді стартаптар eVTOL-таксилерді ұшыруға дайындалып жатыр, Lime мен басқа микромобильдік ойыншылар электросамокаттар мен e-велосипедтер паркін кеңейтуде.
Саланың қиындықтары — зарядтау инфрақұрылымының қымбаттығы (бір станцияға $2000–$100 000), аккумуляторлар үшін литий жетіспеушілігі және автономды жүйелерге сенімнің төмендігі. АҚШ-та пилотсыз көліктерге тұтынушылық сенім индексі 100 ұпайдан 39 ұпайды құрайды. McKinsey болжауынша бұл сектор технологиялық серпілістер, жаңа қауіпсіздік стандарттары және көлік жүйелеріне ЖИ енгізу арқылы өседі.
Биоинженерия
2024 жылғы акционерлік капитал инвестициясы: 57,3 млрд доллар
Биоинженериядағы басты бағыт — CRISPR гендік редакциялау технологиясы. 2023 жылдың соңында ол АҚШ-та орақ тәрізді жасушалық анемияны емдеуге мақұлданды.
Нарық көшбасшылары — Adaptyv Biosystems (ЖИ мен робототехниканы қолдана отырып ақуыз жобалау), EVERY (жануарларсыз ақуыз өндіру), Shinobi Therapeutics (регенеративті медицинаға арналған биологиялық каркастар жасау). 21st.BIO компаниясы медицина мен тамақ өнеркәсібіне арналған ақуыздарды өнеркәсіптік өндіруге зауыттар салып жатыр. Биотехнологиялар енді жаппай енгізілу сатысына өтуде: Casgevy препаратының мақұлдануы, биоматериалдар мен ЖИ шешімдеріндегі жетістіктер әртүрлі салаларға таралуын жеделдетуде. Дегенмен бұл сала да технологияларды реттеу қажеттілігі мен қоғамдық пікірге қатысты сын-тегеуріндермен бетпе-бет келуде.
Ғарыштық технологиялар
2024 жылғы акционерлік капитал инвестициясы: 9,3 млрд доллар
Зымырандар мен спутниктерді ұшыру құнының төмендеуі ғарыштық технологияларды қолжетімді әрі тиімді етті. Мысалы, Жер маңындағы орбитаға жүкті шығару құны қазір $1400/кг, ал SpaceX компаниясының Starship жобасы қайта пайдалануға және жиі ұшуға байланысты бұл бағаны $10–30/кг-ге дейін төмендетпекші.
Starlink (SpaceX) және Kuiper (Amazon) жобалары аясында коммерциялық спутниктік интернет дамуда, спутниктік деректерді ЖИ-мен біріктіру байланыс, экология және қорғаныс салаларында жаңа мүмкіндіктер ашуда. Спутниктік суреттерді талдау уақыты 57 минуттан бірнеше секундқа дейін қысқарды. Ғарыштық технологиялар әлі де тәжірибелік кезеңін бастап өткеруде. Көп компаниялар прототиптерді тестілеп жатыр және жылдам өтелімділікке бағытталмаған. Ең қарқынды даму қорғаныс, энергетика, телекоммуникация және құрылыс салаларында, әсіресе АҚШ, Қытай, Еуропа және Таяу Шығыс елдерінде байқалуда.
Тұрақты энергетика
2024 жылғы акционерлік капитал инвестициясы: 223,2 млрд доллар
McKinsey төмен көміртекті экономикаға көшу үшін бұл саланы негізгі деп атауда. Электр энергиясына сұраныстың артуы, соның ішінде дата-орталықтардың көбеюі, энергия жүйелерін жаңғыртуды және жаңа буын технологияларын енгізуді талап етеді.
Ұлыбританиялық Oxford PV компаниясы перовскит негізіндегі күн панельдерін 24,5% тиімділікпен шығара бастады — бұл дәстүрлі кремний панельдерінен едәуір жоғары. Тағы бір бағыт — жасыл сутегін кең ауқымда өндіру (Қытай әлемдік электролизатор қуатының 60%-ын бақылайды) және e-отын нарығын кеңейту (Швейцариялық Synhelion компаниясының алғашқы зауыты Германияда іске қосылды). Сондай-ақ, шағын модульдік реакторлар (Oklo, TerraPower) мен ядролық синтез (Commonwealth Fusion Systems) жобаларына ірі инвестициялар тартылып жатыр.








