«Мен биткоинның табысын жек көрем»: Баффет пен өзге нарық гурулары криптовалюта жайлы

2025 жылдың шілдесінде криптовалюта нарығының капитализациясы алғаш рет $4 трлн-нан асты. Уолл-стриттегі ірі инвестициялық банктер мен активтерді басқарушы алпауыттар бұл активтен табыс табудың жолдарын тауып жатыр. Алайда биткоин мен басқа криптовалюталарға деген көзқарас бәрінде бірдей емес: кейбір нарық шеберлері бұл салаға сақтықпен қарайды, ал енді біреулері мүлде қарсы. Танымал инвесторлар криптовалюталар туралы не айтты — осы материалда.
Скептиктер
Цифрлық активтердің ең танымал сыншыларының бірі — инвестиция патриархы Уоррен Баффет. Ол биткоинды бір кездері «екі еселенген егеуқұйрық уы» деп атап, тіпті бүкіл әлемнің биткоиндарын $25-ке сатып алмас едім деген. Баффеттің бұл сыны оның құндылыққа негізделген инвестициялау қағидаттарына сүйенеді — ол ақша ағынын жасайтын, жұмыс орындарын құратын немесе нақты пайда әкелетін активтерді ұнатады. Оның пікірінше криптовалюталар тек баға құбылмалығын тудырып, ешқандай құндылық өндірмейді.
Berkshire Hathaway компаниясының вице-төрағасы Чарли Мангер (2023 жылы қайтыс болған) әріптесін толық қолдады:
«Әрине, мен биткоинның табысына қарсы болып, ұрылар мен бопсалаушылар үшін қолайлы валютаны құптай алмаймын. Біреудің жай ғана ауада жаңа қаржы құралын ойлап тапқаны үшін миллиардтаған долларды құр босқа бере салу маған ұнамайды. Мұның бәрі жиіркенішті және өркениет мүдделеріне қайшы», – деген еді ол.
Тағы бір ашық сыншы — Vanguard компаниясының бұрынғы басшысы Тим Бакли. Ол басқарушы ретінде компания клиенттеріне криптовалюта өнімдерін ұсынбайтынын мәлімдеген. Бакли биткоинның табыс не дивиденд әкелмейтінін, ал акциялар мен облигациялар болашақта нақты ақша қайтарымын қамтамасыз ететінін алға тартып, цифрлық монеталарды «спекулятивті активтер» деп атады. Оның әріптестері биткоин инвестициялық портфельдерде «хаос тудыруы мүмкін» деген.
2024 жылдың ортасында Баклидің орнына Vanguard бас директоры болып Салим Рамджи келді. Бұрын ол BlackRock-тың ETF-бизнесін басқарған және iShares Bitcoin Trust (IBIT) биткоин қорын іске қосқан. Жаңа басшы Vanguard-та крипто-ETF шығарылмайтынын нақты айтты. Бірақ 2025 жылдың шілдесінде Vanguard Strategy компаниясының (биткоинның ең ірі корпоративтік иесі) негізгі институционалдық инвесторына айналды. Бұл парадокс индекс қорларының стратегиясына байланысты болды: Strategy Nasdaq 100 және басқа индекстерге енгізілген соң, Vanguard қорлары бұл акцияларды индекстік талаптарға сәйкес сатып алуға мәжбүр болды.
Қолдаушы
Әлемдегі ең ірі хедж-қор – Bridgewater Associates-тің негізін қалаушы Рэй Далио бастапқыда биткоинға күмәнмен қараса да, кейіннен оны абайлап қолдаушыға айналды. 2020 жылы ол биткоинның жоғары құбылмалылығы мен шектеулі қолданылуын сынаған. Алайда 2021 жылы «What I Think of Bitcoin» атты эссесінде былай деп жазды:
«Биткоин — өте тамаша өнертабыс. Компьютерлік бағдарлама арқылы жасалған жаңа ақшаның түрі ретінде ол он жыл ішінде қарқынды дамып, әрі төлем құралы, әрі капиталды сақтау амалы ретінде танылды. Бұл — таңғажайып жетістік».
Далионың бұл көзқарасы әлемдік қарыз дағдарысының күшею қаупімен байланысты өзгерді. Ол бойынша егер дәстүрлі ақшаның құнсыздануы орын алса, инвесторлар алтын мен биткоин сияқты балама активтерге жүгінеді.
Биткоинды инвестициялық құрал ретінде қарастырғанда Далио 80%-ға дейін құлдырау қаупін ескертеді. Ол биткоинды «болашағы бұлдыр, ұзақмерзімді опция» деп атайды және инвестициялық портфельдің тек 2%-ын ғана осы активке бөлуді ұсынады. Бірақ басты сенімді актив ретінде алтынды қалайды.
Жанкүйер
ARK Invest компаниясының негізін қалаушы әрі CEO-сы Кэти Вуд криптовалюталарды үздіксіз қолдайтын аз ғана инвесторлардың бірі. Жеке капиталының кемінде ширегі биткоинда сақталған. 2024 жылы нарықтағы құбылмалыққа қарамастан Вуд криптоинвестицияларын ұлғайтуды жалғастырды.
Оның басқаруымен ARK Invest және 21Shares компаниялары АҚШ-та алғашқы спот-биткоин ETF — ARKB-ны іске қосты. Бұл қор 2025 жылы 25%-дан астам өсім көрсетті. Жазда Вуд ARKB мен Coinbase акцияларын тарихи максимумда сата отырып, Ethereum негізіндегі қорларға инвестиция көлемін арттырды.
Вуд биткоинды «цифрлық алтын» ретінде сипаттайды және оның дәстүрлі активтерден артықшылығына сенеді. Сонымен қатар, Ethereum экожүйесінің болашағына да сенім білдіріп, 2032 жылға дейін альткоинның капитализациясы $20 трлн-ға жетуі мүмкін дейді.
Фанат
Strategy компаниясының негізін қалаушы Майкл Сейлор криптовалюта фанаты саналады. Оның компаниясы биткоинға жай ғана инвестиция салып қойған жоқ — ол осы активтің ең ірі корпоративтік иесіне айналды: 2025 жылдың шілдесі бойынша Strategy-дің балансында 607 770 биткоин бар.
Сейлордың үлгісінен кейін 60-тан астам жария компаниялар, соның ішінде Trump Media & Technology Group та биткоин сатып алды. 2024 жылғы Bitcoin конференциясында Сейлор биткоинның 2045 жылы $13 млн-ға дейін қымбаттайтынын болжады. Кейін бұл болжамын 2046 жылы $21 млн-ға дейін көтерді — бұл биткоинның барынша шектеулі ұсынысымен (21 миллион монета) символдық түрде сәйкес келеді.
Сейлор биткоинды электр қуаты мен автокөлік секілді тарихи технологиялық жаңалықтармен салыстырады:
«Бұрын адамдар кез келген жаңашылдыққа скептикпен қарады — бұл қалыпты реакция. Биткоин пайда болғанға дейін экономика жалған ғылым болатын: ракушкалармен, шыны моншақтармен, қағазбен және қарыз құралдарымен заңдылық орнатуға тырысқан», – дейді ол.
Прагматиктер
Кейбір ірі инвесторлар криптовалютаға сын көзбен қарағанымен, толығымен бас тартпайды. JPMorgan Chase басшысы Джейми Даймон биткоинды «алаяқтық» деп атап, криптовалютамен айналысқан қызметкерлерді жұмыстан шығарам деп қорқытқан.
«Мен әрдайым криптовалютаға, биткоинға қарсы болдым. Олардың жалғыз пайдасы — қылмыскерлер мен есірткі сатушылар үшін. Ақша жуу, салықтан жалтару — міне, қолданылу аясы», – деген еді ол.
Алайда 2025 жылы банк клиенттерге биткоин сатып алуға рұқсат етті. Енді криптоактивтер акциялар мен жылжымайтын мүлікпен қатар клиент капиталының құрамдас бөлігі ретінде ескеріледі. Маусымда JPMorgan Coinbase-тің Base блокчейнінде JPMD деген депозиттік токен іске қосты.
Даймон өз пікірінің өзгермегенін айта отырып, клиенттердің жеке шешім қабылдауға құқығы барын мойындайды. Дегенмен ол биткоинның «ішкі құндылығы жоқ» екенін ескертуді жалғастырып келеді.
Goldman Sachs активтерді басқару бөлімінің бас инвестициялық директоры Шармин Моссавар-Рахмани де криптовалютаға сенбейді:
«Біз криптовалютаны инвестициялық активтер класына жатқызбаймыз», – дейді ол. Биткоинды 1630-жылдардағы қызғалдақ қызуын еске саларлық спекуляция деп сипаттайды.
Соған қарамастан, 2024 жылдың соңында Goldman Sachs биткоин мен Ethereum-ға қатысты ETF-терге $2 млрд көлемінде инвестиция жасаған. 2025 жылы банк бұл үлесін ұлғайтып, BlackRock-тың IBIT биткоин-ETF-індегі 30,8 млн акциясымен ең ірі институционалдық инвесторға айналды.
Goldman Sachs-тың цифрлық активтер бөлімі басшысы Мэтью МакДермотт институционалдық сұраныстың артып келе жатқанын және банк клиенттеріне криптовалюта саудасын кеңейтуді қолға алғанын мәлімдеді. Қазір банк алғашқы биткоинмен қамтамасыз етілген несиені де ұсынып отыр.
Ірі банктердің басшылығы криптовалютаға күмәнмен қарағанымен, олардың операциялық бөлімшелері бұл нарыққа белсенді кірісіп жатыр. Бұл — қаржы индустриясының жаңа шынайылығы: беделін сақтап қалу мен өзгермелі нарыққа бейімделу арасында тепе-теңдік табу.








