Merck, Chevron, AT&T: Barron’s нарықтан арзанырақ жеті сапалы акцияны атады

Barron’s нарыққа қарағанда арзанырақ саудаланатын жеті сапалы акцияны таңдады. Орта есеппен олар P/E мультипликаторы бойынша (акция бағасының жылдық пайдаға қатынасы) нарықтан 40% төмен.
Наурыздан бері алыпсатарлық, «сапасы төмен» қағаздар «сапасы жоғары» компаниялардың қағаздарынан 50 пайыздық пунктке озып кетті, деп есептеді UBS талдаушылары. Басылым олардың жазбасына сүйенеді. Бірақ банк 2026 жылы инвесторларға басымдықты ауыстыруды ұсынады: «Сапасы төмен акциялардың күрт өсуі жоғары белгісіздік пен нарықтың қатты қызған фонында тұрақсыз көрінеді».
Сапалы активтер дегеніміз — бизнесі тұрақты, болжамды, табысты, қарызы аз компаниялардың акциялары, деп жазады Barron’s. Тізім жасалғанда еркін ақша ағымының кірістілігі (free cash flow yield), ROE (меншікті капиталдың табыстылығы) сияқты көрсеткіштер ескерілді. Сондай-ақ инвестбанкалардың жаңа рейтингтері пайдаланылды.
Қай акциялар тізімге кірді?
— Фармацевтикалық компания Merck. Оның қатерлі ісікке қарсы иммундық жауапты күшейтетін Keytruda атты ең көп сатылатын препараты он жылдан бұрын іске қосылған. Негізгі патенттер 2028 жылдан бастап аяқтала бастайды. Соған қарамастан, қарашада Wells Fargo талдаушылары компания акциясын сатып алуды ұсынды. Олар өсім 2030-жылдарға дейін жалғасады деп күтеді, дейді Barron’s. Merck еркін ақша ағымын M&A мәмілелеріне белсенді жұмсап жүр. Мақсат — Keytruda сатылымы төмендеуі мүмкін кезеңді өтеу. Компанияның жобалар мен зерттеулер портфелі алдағы 18 айда маңызды нәтижелер беруі тиіс, деп жазады басылым.
— Мұнай алыбы Chevron 2025 жылы мұнай бағасы түскеніне қарамастан акциясын 4% өсірді. UBS бағалауынша, қазір ол барлау және өндірумен айналысатын компаниялар арасында көшбасшы. Hess-ті сатып алу және Exxon-мен дауды реттеу Chevron-ға Гайанадағы өте ірі қорларға жол ашты. Brent бағасы барреліне орташа $70 болса, компанияның еркін ақша ағымы келесі бес жылда жылына 10% өседі, деп болжайды UBS.
— Онлайн-саяхат брондау қызметін ұсынатын Expedia Group еркін ақша ағымының кірістілігі жағынан тартымды. Биыл жыл басынан бері акциясы 53% өсті. Бірақ Уолл-стритте ол аса танымал емес. Barron’s дерегінше, талдаушылардың тек үштен бірі ғана акцияны сатып алуға кеңес береді. Компания ауқымы бойынша бәсекелесі Booking Holdings-тен қалып қояды. Әсіресе қонақүй сегментінде әлсіз. Бұл сегмент ұшақ билеті мен көлік жалдаудан әлдеқайда табысты. Дегенмен, қарашада CEO ауысқаннан кейін Expedia брондаулар бойынша нарық күткеннен әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетті. Сол күні акция 18% көтерілгенін басылым еске салады.
— UGG брендіне ие аяқ киім өндірушісі Deckers Outdoor жақын уақытта негізгі брендин ауыстыруы мүмкін. Себебі Hoka кроссовкаларына сұраныс өсіп келеді, дейді Barron’s. Жыл басынан бері Deckers акцияларының құны екі есе азайды. Соған қарамастан, қарашада Stifel оларды сатып алуды ұсынды. Компания Hoka сатылымын жылына шамамен 10–13% өсіре алады деп сенеді. Ал UGG өсімі жылына 1–5% болады деп күтеді.
— Телеком-провайдер AT&T 2021–2022 жылдары медиа және спутниктік ТВ активтерінен шығып, бағытын өзгертті. Barron’s айтуынша, компания еркін ақша ағымын қарызды азайтуға, дивидендке және кабель операторларымен бәсекеде талшықты интернетті дамытуға жұмсады. Соңғы екі жылда AT&T акциялары нарықтан озып жүрді. Бірақ қыркүйекте төмендеді. Басылым мұны кіруге ыңғайлы сәт деп санайды. Қарашада KeyBanc компания қағаздарын сатып алуды ұсынды. Олардың ойынша, мобильді бизнеске қатысты қорқыныш асыра айтылған. «Мобильді байланыс пен үй интернетін» бірге ұсыну маржаны өсіреді және клиент кетуін азайтады. Barron’s сондай-ақ AT&T дивиденд кірістілігі 4,6% екенін атап өтеді.
— Автоконцерн General Motors соңғы екі жылда нарықтан алға шықты. Басылым есептеуінше, акция бағасы 135% өсті. Электромобильдерге сұраныс баяулап жатыр. Кейбір жеңілдіктер де тоқтатылды. Бірақ Barron’s жазуынша, GM бұл бағытқа Ford сияқты қатты бәс тіккен жоқ. Сондықтан үлкен шығыннан аман қалды. Желтоқсанда Morgan Stanley GM акциясын сатып алуды ұсынды. Олар компанияның іштен жанатын қозғалтқышы бар, табысы жоғары модельдерге көбірек көңіл бөлгенін айтты. Бұл акциялардың P/E көрсеткіші небәрі 8. Ал S&P 500 үшін ол 25. Мақалада акцияға шаққандағы пайда жылына 15% өседі деп күтілетіні жазылған.
— Omnicom Group жарнама компаниясы соңғы екі жылда нарықтан қатты қалып қойды. Бұған жарнама нарығына қатысты алаңдаушылық әсер етті. Сондай-ақ Amazon сияқты цифрлық алыптардың ықпалы күшейді, деп түсіндіреді Barron’s. 2025 жылдың басынан бері Omnicom акциясы шамамен 7% төмендеді. Қарашада Omnicom Interpublic-ты сатып алатынын жариялады. Осылайша әлемдегі ең ірі жарнама холдингі құрылады. Бұдан бөлек, компания шығынды қысқартпақ. Мысалы, кеңселер мен қызметкерлер санын азайтады. UBS есебінше, 2027 жылға қарай үнемдеу жылына $1 млрд-қа жетеді. Табыстылық өседі. Сонымен бірге $2 млрд көлемінде акцияны кері сатып алу жоспарланған. Omnicom қағаздары жақында P/E 7 деңгейінде саудаланды. Barron’s мұны өте тартымды баға деп санайды.
Сапалы ETF
Акциялардан бөлек, Barron’s сапалы акцияларды іріктейтін ETF қорларына да назар аударды. Олар да нарыққа қарағанда арзанырақ саудаланып жатыр.
— Pacer U.S. Cash Cows 100 ETF портфелін FCF yield көрсеткіші бойынша құрады. Бұл көрсеткіш компанияның нарықтық құнына қатысты қанша еркін ақша ағымын жасап отырғанын көрсетеді. Қордың мультипликаторы шамамен 15. Ал оның негізіндегі индекс өте жақсы динамика көрсетіп келеді, деп жазады Barron’s.
— Bank of America-дан Джаред Вудард екі жыл бұрын ғана іске қосылған VictoryShares Free Cash Flow ETF қорын жоғары бағалайды. Ол қазірдің өзінде S&P 500-ді бірнеше пунктке басып озған. Бұл қордың алгоритмі алдымен компанияларды FCF yield бойынша таңдайды. Одан кейін түсім мен пайданың өсуіне қарай іріктейді. Оның P/E мультипликаторы 14.








