Meta Манхэттен аумағындай суперинтеллект үшін дата-орталық салады. Бұл қанша тұрады?

Meta Platforms жасанды интеллект саласындағы бастамаларын қолдау үшін бірнеше ауқымды дата-орталықтар салып жатыр және оларға жүздеген миллиард доллар жұмсамақ. Бірінші дата-орталық 2026 жылы іске қосылады деп күтілуде, деп хабарлады Meta бас директоры Марк Цукерберг. Оның айтуынша, компания қуаты бір гигаваттан асатын дата-орталықтарды алғашқы болып іске қосуы мүмкін. Мұндай қадамдар Meta-ның адам интеллектіне тең немесе одан да асып түсетін ЖИ құруға талпынысының бір бөлігі.
Егжей-тегжейлі
Meta Platforms компаниясының Огайо штатындағы жаңа дата-орталығы қуат тұтыну бойынша барлық қазіргі нысандардан асып түседі — ол 1 гигаваттан асады, деп жазды Meta бас директоры Марк Цукерберг Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасында. «Біз алғашқы дата-орталықты «Прометей» деп атадық, ол 2026 жылы іске қосылады, — деп жазды ол 14 шілде, дүйсенбі күні. — Сонымен қатар біз бірнеше «Титан» кластерін де салып жатырмыз».
Сәуір айында Meta биылғы жылы капиталдық шығындарға $72 млрд-қа дейін жұмсауы мүмкін екенін мәлімдеген болатын — басты назар ЖИ және оны қолдайтын дата-орталықтарға аударылуда, деп еске салады Bloomberg. 14 шілдедегі жазбасында Цукерберг компанияның суперинтеллектті дамытуға арналған қуаттылыққа «жүздеген миллиард доллар» инвестиция салуды көздеп отырғанын айтты. «Бізде бұл жобаны жүзеге асыруға қажет капитал бар», — деп сендірді ол.
Бәсекелестермен салыстырғандағы ауқым
Цукерберг өз жазбасында сараптамалық SemiAnalysis фирмасына сілтеме жасап, Meta қуаты 1 гигаваттан асатын «суперкластерді» алғаш салып жатқан компания болатынын айтты. Қазіргі дата-орталықтардың көпшілігі бірнеше жүз мегаватт қана тұтынады. OpenAI мен Oracle да бірнеше гигаваттық жобалар әзірлеуде — бұл жылына 900 000 үй шаруашылығын қамтамасыз етуге жеткілікті, деп есептейді Carbon Collective. Мұндай ауқым адам интеллектімен тең немесе асып түсетін суперинтеллектке жету үшін қажет деп саналады. Бұған дейін Цукерберг Meta-ның бұл мақсатқа бәсекелестерінен бұрын жетуі тиіс екенін мәлімдеген болатын.
Контекст
Meta-ның бұрынғы ЖИ-жобаларының сапасына қатысты сындардан кейін Цукерберг энергетикалық қуаттылыққа, есептеу мүмкіндіктеріне және білікті мамандарды тартуға салынатын инвестицияны арттырды — бұл қарқынды дамып келе жатқан генеративті ЖИ саласындағы бәсекелестікке бейімделу үшін қажет. Соңғы айларда ол жеке өзі «суперинтеллект» — адамнан кем түспейтін, кейде артық қабілеттер көрсететін жүйелерді құрумен айналысатын сарапшылар тобын жинады. Мұндай модельдерді әзірлеу орасан зор ресурстарды қажет етеді, сондықтан дата-орталықтар мен Nvidia секілді жеткізушілерден алынатын чиптер үшін қызу бәсеке жүріп жатыр, деп түсіндіреді Bloomberg.
Meta-ның жаңа бөлімшесі — Superintelligence Labs құрамына Цукерберг OpenAI, DeepMind (Google құрамында) және өзге де жетекші ЖИ-компаниялардан тартқан қызметкерлер кіреді. Meta жуырда Scale AI компаниясының 50%-дан сәл аз акциясын $14,3 млрд-қа сатып алды — бұл компания ЖИ-ді үйрету үшін деректер жиынтығын жасаумен айналысады. Оның тең құрылтайшысы Александр Ван Meta-да бас ЖИ-директор қызметіне тағайындалды. Сонымен қатар, Цукерберг GitHub-тың бұрынғы бас директоры Нэт Фридман мен Apple-ден Роуминг Панды өз жағына тартты. Bloomberg-тің мәліметінше, Панның өтемақысы $200 млн-нан асты.
Инвестор үшін маңызы неде?
Meta жасанды интеллектке белсенді түрде инвестиция құюда, өйткені бұл технология компанияның жарнама бизнесін едәуір күшейтті — енді жарнаманы көбірек әрі қымбатырақ сатуға мүмкіндік бар, деп еске салады D.A. Davidson сарапшысы Гил Лурия Reuters-ке берген сұхбатында. Сонымен бірге ол қазіргі кезеңде мұндай инвестициялар ұзақмерзімді мақсат — озық ЖИ-модель жасау жарысына бағытталғанын және оған уақыт қажет болатынын атап өтті.
Meta-ның таланттар үшін агрессивті күресі қысқамерзімді қаржылық тәуекелдер тудыруы мүмкін, деп есептейді Rosenblatt Securities сарапшысы Бартон Крокетт. Оның пікірінше Meta мұндай шығындарды көтере алса да, «кадрлар үшін қажытатын күреске капитал жұмсау — онша жақсы идея емес». Мұндай қадамдар компанияның табысының тұрақты өсімі мен шығындар тиімділігіне сенетінін көрсеткенімен, «маржаның қысқаруы Meta үшін барған сайын елеулі тәуекелге айналуда», деп жазды сарапшы. Егер маржа төмендей бастаса, инвесторлар Meta акцияларына деген көзқарасын өзгертуі мүмкін, деп ескертті ол.
Ал UBS сарапшысы Стивен Джу компания акцияларының бағасына әлеуетті жаңа табыс көздері әлі кірмегенін айтады. «Біз капиталдық және, мүмкін, көп бөлігі операциялық шығындарды болжамдарымызға енгізіп қойдық, бірақ осы ИИ-бастамалардан түсетін ұзақ мерзімді табыс көздерінің ешқайсысы қазіргі Уолл-стрит үлгілерінде көрініс тапқан жоқ», — деп жазды Джу 26 маусымдағы Investor’s Business Daily келтірген жазбасында.








