Meta рекордтық табысы туралы хабарлап, болжамын көтерді. Акциялары 11% шарықтады

Meta Platforms, Facebook пен Instagram желілерінің иесі, екінші тоқсандағы табыс пен пайда бойынша болжамдардан асып түсті және ағымдағы кезеңге күтілгеннен де мықты болжам ұсынды. Бұл — компанияның негізгі табыс көзі саналатын жарнама бизнесі жеткілікті түрде жылдам өсіп жатқанын және жасанды интеллектке бағытталған агрессивті инвестицияларын қолдауға қауқарлы екенін көрсетеді. Ал жасанды интеллект өз кезегінде Meta-ның сатылымын арттыруға көмектесіп жатыр.
Егжей-тегжейлі
Meta Platforms 2025 жылдың екінші тоқсаны бойынша рекордтық табысы турал мәлімдеді — бұл Уолл-стрит сарапшыларының күткенінен 6% жоғары болды, деп хабарлайды Reuters. CNBC LSEG деректеріне сілтеме жасап, сатылым жылдық мәнде 22% өсіп, $44,8 млрд орнына $47,52 млрд-қа жеткенін атап өтті. Бір акцияға шаққандағы пайда сарапшылардың болжамынан 20% жоғары болып, $5,92 орнына $7,14 құрады. Сонымен қатар, Facebook-тің бас компаниясы саналатын Meta-ның жарнама табысы $43,97 млрд-тық болжамнан асып, $46,56 млрд-қа жетті, деп қосты CNBC. Компанияның екінші тоқсандағы жалпы шығындары $27,08 млрд-ты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 12% көп.
Meta бас директоры Марк Цукерберг тоқсандық есеп жарияланғаннан кейінгі конференц-қоңырауда компанияның негізгі табыс көзі саналатын жарнама бизнесіне жасанды интеллекттің айтарлықтай ықпал етіп жатқанын айтты. «Осы тоқсанның мықты нәтижелері көбіне ЖИ арқасында мүмкін болды — ол біздің жарнама жүйеміздің тиімділігі мен кірістілігін айтарлықтай көтерді», — деп келтіреді CNBC оның сөзін.
Компания ағымдағы тоқсанға арналған табыс болжамын да көтерді: енді болжам $47,5–50,5 млрд диапазонында. Бұл аралықтың төменгі шегі де Уолл-стриттің консенсус болжамынан ($46,14 млрд) жоғары. Бұған қоса, Meta 2025 жылға арналған капиталды шығындар бойынша болжамының төменгі шегін $64 млрд-тан $66 млрд-қа дейін көтерді, бұл жасанды интеллект саласындағы бәсекенің үдеуіне байланысты. Жоғарғы шегі бұрынғысынша — $72 млрд. Компания персоналға жұмсалатын шығындар мағызы жағынан екінші болатынын атап өтті, ал 2026 жылы жалпы шығындар 2025 жылмен салыстырғанда одан да көп өседі деп күтілуде. Осы жаңа бағдарларды ескере отырып, Meta 2025 жылға арналған жалпы шығындар болжамын нақтылап, оны $113–118 млрд орнына $114–118 млрд диапазонына өзгертті. Ал төртінші тоқсан бойынша нақты болжам берілген жоқ, бірақ Meta бұл кезеңде табыс өсімі үшінші тоқсанмен салыстырғанда баяу болуы мүмкін екенін ескертті.
Бұл нені білдіреді?
Meta-ның тоқсандық мықты нәтижелері компанияның жарнама бизнесі жасанды интеллектті дамытуға бағытталған ауқымды инвестицияларды жабуға жеткілікті жылдам өсіп жатқанын көрсетеді, деп жазады Bloomberg. Meta ЖИ-бәсекесіне агрессивті түрде қаржы құйып отыр. Соңғы айларда Цукерберг кең көлемді ЖИ-экспансияны бастаған: компания OpenAI, Apple және Google секілді алпауыттардан негізгі мамандарды тарту үшін $100 млн-нан асатын бонустар ұсынып, деректер орталықтарының құрылысын бастап, жаңа есептеу қуатын қолдау мақсатында энергетикалық келісімдер жасасып жатыр, деп жазады Financial Times. Сәрсенбіде жарияланған видеосында Цукербергтің айтуынша, Meta-ның мақсаты — жай ғана рутинаны автоматтандыру емес, адамдарға өз таңдауы арқылы әлемге ықпал етуге көмектесетін «жеке суперинтеллект» құру. MarketWatch мәліметінше, тоқсандық есептің алдында инвесторлар мен нарық қатысушылары Meta-ның ЖИ бағытындағы миллиардтаған шығынын ақтай ала ма, соны жіті бақылауда ұстап отыр.
«Meta-ның жасанды интеллект құралдары жарнама бизнесін нығайтып, компания миллиардтаған қаржы жұмсап жатқан суперинтеллект секілді ауқымды жобаларға қарамастан, елеулі табыс әкеліп отыр», — деді eMarketer-дің аға сарапшысы Минда Смайли Reuters агенттігіне берген пікірінде. Алайда оның айтуынша, «мұндай ірі көлемдегі ЖИ-шығындар инвесторлардың тарапынан нақты нәтиже күтілетін жағдайда алаңдаушылық тудырып отыр». Смайли сондай-ақ Meta-ның мықты нәтижелері цифрлық жарнама нарығының әзірге сауда баж салығының айтарлықтай қысымын сезінбегенін көрсететінін атап өтті.
«Қазіргі ЖИ-бәсекесі кей тұста дербес компьютерлер, браузерлер, іздеу жүйелері мен смартфондар кезеңіндегі технологиялық серпілістерді еске салады, — деді Forrester сарапшысы Майк Пру Bloomberg-ке берген түсіндірмесінде. — Бірақ басты айырмашылық — бұл үдерістің әлдеқайда жылдам жүруінде: Meta мен өзге компаниялар ұмтылып жатқан ЖИ өз даму қарқынын өзі жеделдетіп отыр». Оның айтуынша, бұл жарыста жеңіске жету үшін компаниялардан ауқымды қаржылық салымдар талап етіледі — «ең терең қалталарға үңілуге тура келеді».
Акциялардың жай-күйі
Тоқсандық есеп жарияланғаннан кейін Meta акцияларының котировкасы постмаркетте 11%-дан астамға шарықтап, $773 болды. инвесторлар Цукербергтің барған сайын өршіл болып келе жатқан ЖИ-жоспарлары ақырында нәтиже беріп, тұрақты жарнама бизнесіне артық шығын түсірмейді деп үміттеніп отыр, деп жазады FT. 30 шілдедегі сауда жабылғаннан кейін Meta-ның нарықтық капитализациясы шамамен 19% артты. Салыстыру үшін, АҚШ-тың басты қор индексі S&P 500 осы кезеңде екі есе аз өсім көрсетті.
MarketWatch дерегінше, Meta қағаздарын қадағалайтын 72 сарапшының 62-сі оларды сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight), тоғыз сарапшы ұстауға (Hold) кеңес берсе, тек біреуі ғана сатуды (Sell) ұсынады.








