Meta WhatsApp-қа жарнама енгізбек. Бұл инвесторлар үшін неге маңызды?

Facebook пен Instagram арқылы жарнамадан табыс табатын Meta Platforms компаниясы 16 маусымнан бастап жарнаманы ай сайын 3 млрд-тан астам адам пайдаланатын WhatsApp мессенджерінде де кезең-кезеңімен енгізе бастады. Бұл қадам табысты арттыруға мүмкіндік береді, алайда WhatsApp-ты құрғандардың «қосымшада ешқашан жарнама болмайды» деген уәдесіне қайшы келеді.
Егжей-тегжейлі
hatsApp-тағы жарнама қосымшаның сол жақтағы төменгі бұрышындағы «Статус» бөлімінде көрсетіледі, деп хабарлайды компания. Бұл шешім жарнаманы жеке чаттардан бөлек орналастырып, пайдаланушылардың жекелік кеңістігін сақтауға мүмкіндік береді. «Бұл бизнестің бұрыннан келе жатқан сұранысы еді, бірақ пайдаланушылардың жеке кеңістігін сақтау маңызды», — деді WhatsApp-тағы іскерлік коммуникациялар жөніндегі вице-президент Никила Сринивасан.
Жарнаманы баптау үшін WhatsApp пайдаланушылардың орналасқан жері мен құрылғы тілі секілді деректерін, арналарға жазылу және жарнамамен өзара әрекеттесу туралы ақпаратты қолданатын болады.
Financial Times еске салғандай, 2014 жылы Facebook (қазіргі Meta) WhatsApp-ты $19 млрд-қа сатып алғанға дейін, сервистің теңқұрушысы Брайан Эктон «Ешқандай жарнама! Ешқандай ойын! Ешқандай айла!» деп уәде берген еді. Ал Meta бұл ұстанымнан бас тарту туралы шешімді жарнаманы жеке хат-хабарларға кедергі келтірмейтіндей етіп орналастыру мүмкіндігі пайда болған кезде қабылдағанын айтты.
Сондай-ақ Meta енді арна әкімшілеріне өз арналарының іздеу жүйесінде жарнама секілді жылжытылуына мүмкіндік береді — бұл App Store немесе Google Play-дегі жарнама тәсіліне ұқсас. Бұдан бөлек, олар эксклюзивті контентке қолжетімділік үшін ай сайынғы жазылым ақысын ала алады. Meta бұл жазылымдардан әзірге комиссия ұстамайды, бірақ болашақта 10% ұстап отыруды жоспарлап отыр.
Meta неге WhatsApp-қа жарнама енгізіп жатыр?
Осы уақытқа дейін Meta компаниясы WhatsApp-ты монетизациялауға бағытталған күш-жігерін негізінен Facebook пен Instagram-дағы хат алмасуға жетелейтін жарнамаларға (click-to-message ads) шоғырландырып келген, деп еске салады CNBC. Сәуір айында Марк Цукерберг бұл функция туралы: «Компаниялар мен клиенттер арасындағы хат алмасу — бизнесіміздің жаңа тірегіне айналуы керек», — деген болатын.
Оның айтуынша, WhatsApp-тың ай сайынғы аудиториясы 3 млрд-тан асып кеткен, оның ішінде 100 млн-нан астамы — АҚШ-та. Компания деректеріне сүйенсек, жарнама орналастырылатын «Статус» бөліміне күн сайын шамамен 1,5 млрд адам кіреді. Meta WhatsApp-тан түсетін табысты нақты ашып айтпайды, бірақ CNBC жазуынша, сарапшылар мессенджердің жылдық табысын бизнестің ақылы құралдары арқылы шамамен $500 млн–$1 млрд аралығында деп бағалаған. Жарнамадан түсетін болашақ табыс мөлшері де нақты аталмаған.
Meta Platforms соңғы тоқсандық есебінде жарнамадан түскен табысы $41 млрд-тан асқанын хабарлады. 2024 жылы компания жарнамадан 2023 жылмен салыстырғанда 22%-ға артық табыс тапқан — бұл көрсеткіш $160 млрд-тан асып, жалпы жылдық кірістің шамамен 98%-ын құрады.
Жексенбі күні, Meta WhatsApp-қа жарнама енгізу жоспарын жарияламай тұрып, Oppenheimer сарапшылары компания акцияларының нысаналы бағасын $665-тен $775-ке көтерді. Бұл — шамамен 10%-дық өсу әлеуетін білдіреді. Олар жарнама нарығындағы жағдайдың жақсаруына назар аударып, Meta-ның жарнама табысы Instagram, Stories және видео арқылы күткеннен жоғары деңгейде монетизацияланған жағдайда одан әрі өсуі мүмкін екенін атап өтті.
Акциялардың жай-күйі
Инвесторлар WhatsApp-та жарнама іске қосылатыны туралы жаңалыққа оң реакция білдірді: дүйсенбі күнгі саудада Meta акциялары 2,9% өсіп, $702,1-ге жетті. Жыл басынан бері олар шамамен 20% көтеріліп, технологиялық сектордың Nasdaq Composite индексінен озды.
Meta акцияларын сатып алуға 71 сарапшының 61-і кеңес береді, деп жазады MarketWatch. Портфельде ұстап тұруды — 7 сарапшы, ал тек 2-еуі ғана сатуды ұсынады. Дегенмен, Уолл-стрит әзірге Meta акцияларының әрі қарай өсуін күтпейді: консенсус мақсатты бағасы бір акция үшін шамамен $700-ды құрайды, бұл ағымдағы нарықтағы құнымен шамалас.








