Micron акциялары тағы 120%-ға өсуі мүмкін деп күтілуде. Компания бағасын не көтереді

Жад микросхемаларын өндіруші Micron компаниясының акциялары бойынша бірқатар ірі банк мақсатты бағаларын көтерді. Олардың кейбірі компания акцияларының өсу әлеуетін 121%-ға дейін бағалап отыр. Бұл — жыл басынан бері акциялар 210%-дан астам өсіп үлгергеніне қарамастан айтылған болжам. CNBC жазуынша, сарапшылар бұл бағаларын компанияның қаржы жылының бірінші тоқсаны бойынша жарияланған, нарық күткен көрсеткіштерден айтарлықтай жоғары болған қаржылық есебінен кейін жаңартты. Сонымен қатар Micron пайда мен маржалық көрсеткіштер бойынша да сарапшылар болжағаннан әлдеқайда оптимистік болжам ұсынды.
18 желтоқсандағы сауда барысында Micron акциялары 16%-ға күрт өсті.
Ежей-тегжейі
— Rosenblatt Securities Micron акцияларының мақсатты бағасын $300-ден $500-ге дейін көтеріп, «сатып алу» ұсынысын сақтап қалды. Бұл — сарапшылар арасындағы ең жоғары баға және 17 желтоқсандағы жабылу бағасымен салыстырғанда 121% өсу әлеуетін білдіреді.
— JPMorgan сарапшылары да ұқсас пікір білдіріп, қолайлы баға конъюнктурасын атап өтті. Банк Micron акцияларының мақсатты бағасын $220-дан $350-ге дейін көтерді. Бұл болжам акция бағасының 55%-ға өсуін көздейді.
— Morgan Stanley Micron-ның қаржылық нәтижелерін, Nvidia-ны есепке алмағанда, АҚШ-тағы жартылай өткізгіштер саласындағы тарихтағы табыс пен таза пайда бойынша ең күшті өсім деп атады.
«Егер ЖИ нарығы біз күткендей өсе берсе, алдағы 12 айда ЖИ трендінен түсетін пайда тек процессор өндірушілермен шектелмей, әлдеқайда кең таралады. Ал ең үлкен ұтысты дәл жад микросхемалары сегменті көреді», — деп жазды сарапшылар.
Morgan Stanley Micron Technology акцияларының мақсатты бағасын $338-ден $350-ге дейін көтеріп, «сатып алу» (Overweight) рейтингін сақтады. Бұл баға да қазіргі деңгейден 55% жоғары.
— Bank of America сарапшылары да өз болжамдарын жаңартты. CNBC дерегінше, олар Micron акциялары бойынша ұсынымды «бейтараптан» «сатып алуға» ауыстырды. BofA талдаушысы Вивек Арья мақсатты бағаны $250-ден $300-ге дейін көтерді, бұл 17 желтоқсандағы жабылу бағасынан 33% өсім әлеуетін көрсетеді.
«Біз көзқарасымызды екі негізгі бағыт бойынша қайта қарадық. Біріншіден, жад нарығындағы циклдің тұрақтылығы ұсыныстың шектеулі өсуі мен ЖИ тарапынан сұраныстың артуы есебінен 2026 күнтізбелік жылына дейін сақталады. Сонымен қатар жоғары жылдамдықты жад (HBM) сегменті 2028 жылға қарай үш есе өсуі мүмкін», — деді Арья.
Ол сондай-ақ Bank of America Micron компаниясының «баланс сапасына» қатысты бағасын да жаңартқанын атап өтті. «Компания еркін ақша ағынының маржасын 30% деңгейінде көрсетіп отыр, оң ақша ағынына ие және Chips Act талаптары аяқталғаннан кейін шамамен бір жыл ішінде акцияларды кері сатып алу көлемін айтарлықтай арттыра алады», — деп жазды ол. Chips Act — бұл жартылай өткізгіштер саласын қолдауға бағытталған АҚШ-тың мемлекеттік бағдарламасы, ол субсидиялар алу үшін капиталды пайдалануға белгілі бір шектеулер қояды.
Дегенмен, Арья Micron үшін тәуекелдер де сақталатынын ескертті. «Компания басшылығы 2026 жыл бойы және 2027 жылдың басында DRAM (жедел жад) және NAND (флеш-жад) нарықтарында баға жағдайы жалпы алғанда қолайлы болады деп күтеді. Алайда қазіргі уақытта DDR4 және DDR5 чиптерінің спот бағалары $25–50 аралығында ерекше жоғары деңгейде тұр. Уақыт өте келе олар клиенттермен жасалатын ұзақмерзімді келісімшарттардағы бағаларға, яғни $10-нан төмен деңгейге жақындауы мүмкін. Бұл жад сегментіндегі акциялардың құбылмалылығын арттыруы ықтимал», — деп түсіндірді сарапшы.
Компания акцияларын қадағалап отырған 40 сарапшының 33-і оларды сатып алуға кеңес береді, алтауы бейтарап көзқараста, біреуі сатуды ұсынады.








