Micron ЖИ-ға арналған жадқа сұраныс артқан соң болжамын жақсартты. Акциялар 8% өсті

АҚШ-тағы ЖИ-процессорларға арналған жад чиптерінің ірі өндірушісі Micron Technology алдағы тоқсанға өте оң болжам берді. Бұл ЖИ саласындағы сұраныстың күрт өсуі және жеткізілімнің шектеулі болуы компанияға өнім бағасын көтеруге мүмкіндік беріп отырғанын көрсетеді, деп жазады Bloomberg. Осы жаңалықтан кейін Micron акциялары қосымша саудада қатты қымбаттады.
Егжей-тегжейлі
Micron 2026 қаржы жылының екінші тоқсанында (ақпанда аяқталады) түсім $18,3–19,1 млрд болады деп күтеді. Ал сарапшылардың орташа болжамы небәрі $14,4 млрд еді.
Түзетілген пайда компанияның есебінше бір акцияға $8,22–8,62 аралығында болады. Нарық консенсусы болса, тек $4,71 деңгейін күткен.
Осы болжамдар бірінші тоқсанның есебімен бірге жарияланғаннан кейін, сәрсенбі күні постмаркетте Micron акциялары 8%-дан астам өсті, бағасы $246-дан жоғарылады. Айта кетейік, негізгі сауда сессиясында 17 желтоқсанда акциялар 3%-ға төмендеген, бұл ИИ-ға қатысты технологиялық акциялардағы жалпы сатылыммен байланысты болды.
2025 жылдың басымен салыстырғанда Micron акцияларының бағасы 168%-ға қымбаттап отыр.
Компания қалай есеп берді
2026 қаржы жылының бірінші тоқсанында (27 қарашада аяқталды) Micron-ның түсімі 57%-ға өсіп, $13,6 млрд болды. Уолл-стрит тек $13 млрд күтті.
Түзетілген пайда бір акцияға $4,78 болды, ал сарапшылар $3,95 деп болжаған.
Сонымен қатар Micron капиталдық шығындардың өсетінін хабарлады. Сұранысқа ілесу үшін компания 2025 қаржы жылында жаңа зауыттар мен жабдықтарға $13,8 млрд инвестиция салған және биыл бұл шығынды тағы арттырмақ.
«Micron — ЖИ дамуы үшін аса маңызды жад жеткізушісі, — деді компанияның бас директоры Санджай Мехротра. — Біз клиенттердің жад пен деректерді сақтау жүйелеріне деген сұранысын өтеу үшін өндіріс қуаттарын кеңейтіп жатырмыз».
Нарықтағы жағдай
Bloomberg атап өткендей, ЖИ платформаларына арналған компоненттерге сұраныс жеткізілім мүмкіндігінен асып түсіп отыр. Бұл Micron сияқты компаниялар үшін тиімді жағдай.
Тіпті дербес компьютерлерде қолданылатын қарапайым жад чиптерінің өзі тапшы бола бастады. Себебі өндірушілер ресурстарын ИИ-ға арналған заманауи чиптерге бағыттаған. Dell Technologies пен HP келесі жылы жад чиптері жетіспеуі мүмкін екенін ескертіп, бұл компоненттер бағасының өсуіне әкелуі ықтимал екенін айтқан.
Бұл жағдай Micron-ның клиенттермен келіссөздегі позициясын күшейтті.
«Жақын уақытта жад бағаларының төмендеуін күту қиын», — дейді Bloomberg Intelligence сарапшысы Джейк Сильверман.
Micron ЖИ бумының басты ұтушылардың бірі саналады, себебі оның жоғары жылдамдықты жады (HBM) нейрожелілерді оқытуда қолданылатын чиптер мен жүйелердің ажырамас бөлігі болып отыр.








