Microsoft есебінің «Mic drop» әсері: сарапшылар мақсатты межені көтерді, өсім күтуде

Microsoft-тың кварталдық есебі Уолл-стритте үлкен ықыласпен қабылданды. Бұған басты себеп — Azure бұлтты қызметінің күтпеген жылдам өсуі мен жасанды интеллектіні монетизациялау қабілетінің дәлелденуі болды. Бұл жолы компания бұрын-соңды болмаған нәтижелерге қол жеткізді және болжамдардан әлдеқайда жоғары табыс көрсетті.
2024 жылғы 31 шілдеде жетекші инвестициялық банктер бірінен соң бірі Microsoft акцияларының мақсатты бағаларын көтерді. Бұған дейін акцияларға сақтықпен қараған кейбір сарапшылар енді «сатып алуға» кеңес бере бастады. Орташа таргет енді Microsoft-тың акциялары тағы 15%-ға өсетінін көрсетеді. Бейсенбіде компанияның нарықтық құны уақытша 4 трлн доллардан асып түсті.
KeyBanc
KeyBanc сарапшысы Джексон Адер бұрынғы бейтарап ұстанымынан бас тартып, енді Microsoft акцияларын «сатып алуға тұрарлық» деп бағалады. Ол акцияға 630 $ мақсатты баға қойды, бұл — 30 шілдедегі жабылу бағасынан 23% жоғары.
Оны Azure бұлтты қызметінің 39%-ға өскені ерекше қуантты. Бұл — нарықтың орташа күткен 34,4%-дық өсімінен едәуір жоғары.
Адер өз жазбасында былай деді:
«Azure-дың өсуі барлық күмәнді сейілтті. Соңғы екі тоқсанда бұл сегмент күткеннен 500 млн $ және 700 млн $ артық табыс әкелді. Бұл — диван жастығынан Monday.com деңгейіндегі компанияны тауып алғанмен бірдей».
Bank of Americ
BofA сарапшысы Брэд Силлс Microsoft-тың акцияларын сатып алуға кеңесін растады. Ол мақсатты бағасын 585 доллардан 640-қа көтерді. Яғни, шамамен 25% өсу әлеуетін көрсетеді.
«Microsoft тағы да мықты тоқсанды артта қалдырды. Azure мен Office бағыттарында тұрақты өсу байқалды. Бұл өсім негізінен тікелей сатылымдардан түскен, яғни серіктестік арналары арқылы қосымша мүмкіндік бар деген сөз. Бұл — компанияның қосымшалар мен инфрақұрылымдағы жасанды интеллектінің артықшылықтарын көрсететін айқын дәлел. Көпжылдық перспективада Microsoft табысын жыл сайын орта есеппен 15–19%-ға арттыра алады», - деді Брэд Силлс.
Goldman Sachs
Goldman Sachs сарапшысы Кэш Ранган есептен кейін Microsoft акцияларын «сатып алуға» кеңесін растады және таргетін 550 долларда 630 дейін көтерді.
Ол компанияның барлық салада нарық үлесін арттыра алатынын айтты: «Бұл тоқсан біздің болжамымызды дәлелдеді: ЖИ бүкіл технологиялық стекті қамтып жатыр. Microsoft GPU-есептеулердегі көшбасшылықтың арқасында өнім желісінің маржасы жоғары сегменттеріне сұранысты арттыра алды. Агенттік ЖИ дәуірінде Microsoft барлық бағытта пайда көреді — сақтау, дерекқорлар, қосымшалар және OpenAI-пен бөлісетін кірістер есебінен».
Morgan Stanley
Morgan Stanley сарапшысы Кит Вайс Microsoft-тың табысы нарық күткеннен де тұрақты өсетінін болжайды. Ол акцияның таргетін 530 доллардан 582-ге көтерді. Бұл 13% өсу мүмкіндігін көрсетеді.
Оның айтуынша: «Microsoft өз позициясын бағдарламалық жасақтама нарығындағы ұзақмерзімді трендтерде айқын көрсетті. Негізгі сұрақ — бұл өсім қаншалықты тұрақты болмақ? Біздіңше, ол ұзаққа созылады».
Wells Fargo
Wells Fargo да таргетін 600 доллардан 650-ге дейін көтерді. Майкл Террин бұл бағамен 26% өсім мүмкіндігін болжап отыр.
Ол былай дейді: «Azure-дың өсімі күткеннен төрт пайыздық тармаққа жоғары болды. Ал келесі тоқсанға болжанған 37% өсім (біздің 34% бағалауымыздан жоғары) 2026 қаржылық жылы үшін мықты бастама бола алады».
Wolfe Research
Wolfe Research сарапшысы Алекс Зукин Microsoft-тан нарық өте жоғары нәтиже күтті дейді. Бірақ компания ол үмітті де асырып түсті.
Оның пікірінше: «Бұл тарихи жетістік болды. Azure және басқа бөлімшелер бойынша ең үлкен нәтиже көрсетілді. Бұл платформа, турасын айтсақ, «жанып кетті». Жоғары сұраныс пен жеткізу тізбегіндегі жақсартулар Azure-дың 2026 жылы жеделдеу әлеуетін арттырады. Есептен кейін Microsoft-тың табысы мен пайдасында қос таңбалы өсімді тұрақты түрде көрсете алатынына сеніміміз арта түсті».
Ол таргетті 650 доллардан 675-ке дейін көтерді. Бұл қазіргі бағадан шамамен 33% жоғары.
Evercore
Evercore ISI де Microsoft үшін Outperform рейтингін сақтап қалды. Сарапшы Кирк Матерн мақсатты бағаны 545 доллардан 625-ке көтерді. Бұл — шамамен 22% өсу мүмкіндігі.
Ол Azure нәтижелерін «Mic drop» деп сипаттады: «ЖИ Azure-дың өсуіне күтілген деңгейде әсер етті. Бірақ есеп Microsoft-тың бұлтты қызметтері аясында ЖИ-дің нақты «аурасын» қалыптастырып жатқанын көрсетті. Бұл Azure ғана емес, жалпы коммерциялық келісімшарттар бойынша да көрініс тапты. Жаңа келісімдер көлемі жылдық есепте 30%-ға, ал Commercial RPO 35%-ға артты. Соңғы айларда Microsoft акциялары қымбаттағанымен, біз компанияның ЖИ-ді тиімді монетизациялауда сирек кездесетін артықшылыққа ие екеніне сенімдіміз».








