Microsoft пен Nvidia OpenAI үшін әлемдегі алғашқы өнеркәсіптік кластерді іске қосты

Microsoft Azure бұлтты платформасы Nvidia GB300 жүйелері негізінде құрылған алғашқы ірі өнеркәсіптік кластерді іске қосты. Жүйе құрамында 4600-ден астам Blackwell Ultra графикалық процессоры бар. Бұл Nvidia шығарған ең озық жасанды интеллект чиптері. Жаңа кластер 37 терабайт жедел жадпен және жоғары өнімділікпен қамтамасыз етіліп, логикалық модельдер, агенттік жүйелер және мультимодальды генеративті ЖИ-қосымшалар үшін бірыңғай есептеу ортасын қалыптастырады. Microsoft мәліметінше, мұндай жүйелер ІІ модельдерін оқыту уақытын бірнеше айдан бірнеше аптаға дейін қысқартады.
Microsoft корпоративтік вице-президенті Нидхи Чаппеллдің айтуынша, бұл серіктестік ChatGPT әзірлеушісі OpenAI сияқты клиенттерге жаңа буын инфрақұрылымын бұрын-соңды болмаған ауқым мен жылдамдықта енгізуге мүмкіндік береді.
Nvidia-ның гипермасштабты және жоғары өнімді есептеу бөлімінің вице-президенті Ян Бак: «Бұл бірлесіп жасалған жүйе — GB300 негізіндегі әлемдегі алғашқы өнеркәсіптік кластер. Ол триллиондаған параметрі бар OpenAI модельдерін қолдау үшін суперкомпьютер деңгейіндегі есептеу қуатын қамтамасыз етеді және жеделдетілген есептеулер үшін жаңа стандарт орнатады», — деді.
Microsoft бас директоры Сатья Наделла: «Бұл тек бастамасы. Біз бүкіл әлемдегі деректер орталықтарымызда жүздеген мың GB300 жүйесіне дейін кеңеюді жоспарлап отырмыз және микрочиптен бағдарламалық қамтуға дейінгі бүкіл инфрақұрылымды қайта ойластырып жатырмыз. Мұндағы мақсатымыз — келесі буындағы ЖИ жүйелерін толық қолдау», — деп атап өтті.
Seeking Alpha басылымының мәліметінше, бұл хабарландыру Nvidia, Microsoft және OpenAI арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтты. Бұған дейін Nvidia OpenAI-мен бірлесіп өз чиптері негізінде қуаты кемінде 10 гигаватт болатын деректер орталықтарын салуға және іске қосуға $100 млрд-қа дейін инвестиция салатынын мәлімдеген.
Microsoft та деректер орталықтарының инфрақұрылымына инвестицияны арттырып келеді. 2025 қаржы жылының соңында (30 маусымда аяқталған) компанияның күрделі шығындары $88,7 млрд болды, ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында тағы $30 млрд жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 50%-ға көп, деп жазады Seeking Alpha.
10 қазандағы саудада Nvidia акциялары 3%-дан астам қымбаттап, тарихи рекорд жаңартты. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны шамамен 45%-ға өсті.
Microsoft акциялары аздап төмендегенімен, жыл басынан бері олардың жалпы өсімі шамамен 24%-ды құрайды.








