Nvidia акциялары БАӘ-ге экспорт лицензиясын алған соң жаңа рекорд орнатты

9 қазандағы саудада чип өндіруші Nvidia акциялары 3,2%-ға қымбаттап, $195,3 деңгейіне жетті. Бұл — олардың биржадағы бүкіл тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Инвесторлар АҚШ-тың Nvidia компаниясына БАӘ-ге бірнеше миллиард долларлық чип экспорттауға рұқсат беру туралы шешімінен кейін акцияларды белсенді сатып алды, деп хабарлайды Bloomberg. Бұл келісім мамыр айында жасалған екіжақты серіктестік аясында Эмираттарда деректер орталықтарын салуға қолдау көрсету мақсатында жүзеге асуда. Өткен аптада The Wall Street Journal дереккөздерге сүйеніп, мәміле тоқтап қалғанын және Nvidia басшысы Дженсен Хуангтың бұған наразы екенін хабарлаған еді. Енді лицензиялар берілді. Алдын ала келісім бойынша, 2025 жылдан бастап БАӘ жыл сайын 500 мыңға дейін озық жасанды интеллект чиптерін импорттай алады. Келісім 2027 жылға дейін жарамды және 2030 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
Инвесторлардың оптимизміне жасанды интеллектке қызығушылықтың артуы және Nvidia серіктесі — әлемдегі ірі жартылай өткізгіш өндіруші TSMC компаниясының мықты қаржылық есебі де әсер етті, деп жазады Barron’s. Хуанг CNBC арнасына берген сұхбатында жасанды интеллект технологияларына сұраныс экспоненциалды өсіп жатқанын айтты. «Біздің ең заманауи Blackwell чипіне сұраныс өте жоғары. Біз жаңа инфрақұрылым құру кезеңінің, жаңа өнеркәсіптік революцияның басында тұрмыз деп ойлаймын», — деді ол.
Жыл басынан бері Nvidia компаниясының нарықтық құны шамамен 45%-ға артты. Салыстыру үшін, АҚШ-тың негізгі қор индексі S&P 500 осы кезеңде 14,5%-ға ғана өскен.
Cantor Fitzgerald талдаушысы Nvidia акциялары алдағы уақытта тағы 60%-ға қымбаттайды деп болжайды. Ол бейсенбі күні мақсатты бағаны $240-тан $300-ға дейін көтеріп, Overweight рейтингін растады, бұл акцияны сатып алуға кеңес беруді білдіреді, деп хабарлайды CNBC. Cantor Fitzgerald бағалауынша, Nvidia жасанды интеллект инфрақұрылымына деген сұраныстың «жарылғыш» өсуінен ең көп пайда көретін компаниялардың бірі болып қала береді. Бұл нарық 2030 жылға қарай $3–4 трлн көлеміне жетуі мүмкін. Талдаушының пікірінше, бұл — «көпіршік» емес, жаңа инвестициялық циклдың бастауы. Қосымша өсім драйвері ретінде ол Nvidia мен OpenAI арасындағы серіктестікті атады. Осы жоба аясында Nvidia $100 млрд-қа дейін инвестиция салып, OpenAI-дің өз бетінше жұмыс істейтін «гиперскейлерге» айналуына мүмкіндік береді.








