Piper Sandler Nvidia акцияларын есеп берер алдында сатып алуға кеңес беруде

Piper Sandler инвестбанкі Nvidia-ның екінші тоқсандағы мықты нәтижелерін күтуде және акция бағасының өсу әлеуетін көріп отыр. Бұған жартылай өткізгіштерге тұрақты сұраныс, Microsoft, Alphabet және Meta компанияларының Nvidia GPU-ларын қолданатын деректер орталықтарын кеңейту жоспарлары және Қытайға озық жасанды интеллект чиптерін жеткізуді қайта бастау факторлары әсер етуі ықтимал. Piper Sandler-дің оң бағасын басқа да талдаушылар, соның ішінде Bernstein, Wells Fargo және KGI Securities қолдап отыр.
Егжей-тегжейлі
Piper Sandler CNBC-ға хабарлағандай, Nvidia акцияларын сатып алуға кеңес беріп, «Overweight» («нарықтан жоғары») рейтингін растады. Бұл қадам екінші тоқсандағы мықты нәтижелер күтіліп отырған сәтте жасалды.
Аналитик Харш Кумар мақсатты бағаны $180-нан $225-қа дейін көтерді. Бұл қазіргі деңгейден шамамен 23% өсім әлеуетін білдіреді. Жыл басынан бері Nvidia акциялары 34%-дан астам қымбаттады.
Кумардың айтуынша мұндай оптимизмге АҚШ-тың ірі гипермасштабты бұлтты провайдерлерінен келген соңғы оң сигналдар әсер еткен. Microsoft, Alphabet және Meta Platforms келесі жылы күрделі шығындарын едәуір ұлғайтуды жоспарлап отыр және бюджетінің қомақты бөлігін деректер орталықтарын Nvidia графикалық процессорларымен жабдықтауға бөлмек. Сондай-ақ, Қытайға экспорттық лицензияның қайта берілуінен кейін түсетін табыс компанияның деректер орталықтары сегментіндегі негізгі өсім драйверіне айналуы мүмкін.
Nvidia 27 тамызда тоқсандық есебін жариялайды. FactSet сауалнамасына қатысқан сарапшылардың болжамынша компанияның бір акцияға шаққандағы пайдасы $1, ал түсімі $45,76 млрд болады.
Piper Sandler өсім драйверін неден көріп отыр?
Кумардың айтуынша Nvidia өз чиптеріне жоғары сұранысты тіркеуі тиіс.
«Біз әлі де Nvidia-ның сұраныс ұсыныстан асып түсетін жағдайда тұрғанына сенеміз және бұл жыл соңына дейін жалғасуы ықтимал. Қытайсыз да, АҚШ-тағы жоғары өнімді есептеулер (HPC) шешімдеріне сұраныс компанияның соңғы архитектурасын жеткізу мүмкіндігінен жоғары. Бұл жағдайды Nvidia-ның жаңа серверлік стеллаждарға көшуі және GB200 моделінің іске қосылуының кешігуі одан әрі қиындатып отыр», — деді сарапшы.
Басқа талдаушылар не деп отыр?
LSEG деректеріне сәйкес Nvidia бойынша пікір білдіретін 65 сарапшының 58-і компания акцияларын сатып алуды ұсынудс.
Апта басында бірден үш талдаушы компанияның бағалы қағаздарына оң баға берді. Bernstein сарапшысы Стейси Разгон Nvidia акцияларын сатып алу ұсынысын растады және мақсатты бағаны $185 деңгейінде қалдырды, бұл 12 тамыздағы жабылу бағасы $183-ке жуық.
Wells Fargo мақсатты бағаны $185-тен $220-ға дейін көтеріп, «нарықтан жоғары» рейтингін сақтады. Бұл бағалау акциялардың 20% өсуін білдіреді.
KGI Securities мақсатты бағаны $186-дан $207-ға дейін көтеріп, «нарықтан жоғары» рейтингін растады. Бұл болжам шамамен 13% өсім әлеуетін көрсетеді.








