Nvidia тарихта алғаш $4,5 трлн капитализациялы компания болды

Nvidia акциясы 30 қыркүйек, сейсенбі күнгі саудада жаңа рекорд орнатты. Сауда барысында бағасы 3% қымбаттап, $187,35-ға жетті. Компанияның нарықтық капитализациясы $4,5 трлн-нан асты — бұған дейін мұндай көрсеткішке бірде-бір жария компания қол жеткізбеген.
Акцияның өсуіне не себеп болуы мүмкін?
Сейсенбі күні Nvidia өз акциясына қатысты сарапшылардан екі бірдей жаңа мақсатты баға алды.
KeyBanc сарапшысы Джон Вин Nvidia акциясының таргетін $230-дан $250-ға көтеріп, Overweight рейтингін сақтады, деп хабарлайды Barron’s. Жаңа мақсатты баға чип өндірушінің акциясы тағы үштен бірден артық өсуі мүмкін екенін көрсетеді.
Виннің пікірінше, Nvidia Advanced Micro Devices (AMD) тарапынан туындаған бәсекелестік қатерге жауап беріп отыр. Nvidia жасанды интеллектке арналған процессорлар саласында үстемдікке ие, әрі бұл жағдай өзгеруі екіталай. Сарапшы компанияның келесі жылы жаппай өндіріске шығуы тиіс жаңа буын Rubin атты жасанды интеллект процессорларын шығару жоспарына назар аударды.
«Nvidia Rubin платформасының өнімділігін арттырып, AMD-мен бәсекелестік алшақтығын күшейтуді көздеп отыр. Бұған AMD-ның 2026 жылы артта қалуын қысқарту үшін модульдік MI400 (Helios) шешімін шығармақ жоспары себеп болды. Жеткізу тізбегіндегі ақпаратқа сәйкес, Nvidia Rubin үшін мақсатты өнімділік сипаттамаларын едәуір қатаңдатты», — деп жазды Вин.
Сейсенбі күні Citi сарапшысы Атиф Малик Nvidia акциясының мақсатты бағасын $210-ға дейін көтеріп, оған «сатып алу» ұсынымын берді, деп жазады CNBC. Оның бағалауы компания акциясының тағы 15%-ға өсуін болжайды.
Маликтің пікірінше, Nvidia акциясы жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытудағы белсенді қадамдарының арқасында — жаңа өнімдер шығару мен серіктестіктер құру арқылы — әрі қарай да өсу әлеуетіне ие.
«OpenAI-дың $100 млрд инвестициялық раундына қатысты қосымша мәліметтерді күтіп отырсақ та, Rubin CPX графикалық процессорының таныстырылымынан кейін біз компанияның даму жол картасы мен бәсекелестік позициясына сенімдірек бола түстік», — дейді сарапшы.
MarketWatch дерегінше, жалпы 66 сарапшы Nvidia акциясына баға берген: олардың 60-ы сатып алуды (Buy және Overweight), бесеуі ұстауды (Hold), ал біреуі сатуды (Sell) ұсынады.
Контекст
Nvidia қыркүйек айында Rubin CPX атты жоғары өнімді графикалық процессорын таныстырды. Ол генеративті видеоны үлкен жылдамдықпен өңдеуге қабілетті. Генеративті жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған бұл өнім 2026 жылдың соңында нарыққа шығуы тиіс.
Жақында чипмейкер OpenAI-ға $100 млрд-қа дейін инвестиция салу жоспарын да жариялады. Бұл қаржы жасанды интеллект индустриясының өсуін қолдау үшін ауқымды деректер өңдеу орталықтарын салуға бағытталады. Мұндай қадам компания клиенттері үшін маңызды артықшылық болмақ, деп атап өтеді телеарна.








