Microsoft өз ЖИ моделін сынауда, бұл OpenAI-мен бәсекені күшейтеді

Microsoft өз ішінде толық әзірленген алғашқы жасанды интеллект моделін — MAI-1-preview-ді сынай бастады. Компанияның корпоративтік блогында хабарланғандай, ол Copilot ассистентінің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. CNBC мәліметінше, бұл OpenAI-мен бәсекелестікті күшейтуі мүмкін. Microsoft осы стартапқа 13 млрд доллардан астам қаржы салған.
Егжей-тегжейі
Microsoft өзінің MAI-1-preview моделін ашық сынақтан өткізе бастады. Ол Copilot ассистентін жетілдіруге арналған. Тест LMArena сайтында жүріп жатыр, онда қолданушылар жаңа әзірлемелерге баға береді. 28 тамызда Microsoft моделі мәтіндік үлгілер арасында 13-орынға тұрақтап, Anthropic, DeepSeek, Google, Mistral, OpenAI және xAI өнімдерінен кейін орналасты.
«Алдымызда үлкен мақсаттар тұр — модельдерді жетілдіру, есептеу қуатын арттыру жоспары және Microsoft өнімдері арқылы миллиардтаған пайдаланушыға қол жеткізу», — деп жазды X желісінде компанияның ЖИ бөлімінің басшысы Мустафа Сулейман.
Бәсекелестік пе, серіктестік пе?
Бұған дейін Microsoft Bing, Windows 11 және басқа негізгі өнімдеріндегі ЖИ функциялары үшін OpenAI модельдеріне сүйеніп келген. Алайда CNBC дерегінше, енді компания бұл тәуелділікті азайтуға тырысуда.
Сонымен қатар Microsoft OpenAI-дің басты серіктесі болып қала береді: ол стартапқа 13 млрд доллардан астам инвестиция салған, ал OpenAI өз үлгілерін іске қосу үшін Microsoft бұлтын пайдаланады. Дегенмен екі компанияның түрлі бағытта бәсекелесе бастағаны байқалады. Өткен жылы Microsoft OpenAI-ді ресми түрде бәсекелестер қатарына енгізді. Бұрын бұл тізімде Amazon, Apple, Google және Meta сияқты ірі компаниялар ғана болатын. Ал OpenAI соңғы уақытта жүктемені азайту үшін CoreWeave, Google және Oracle бұлттық қызметтерін пайдалана бастады.
Акциялар
Microsoft акциялары 28 тамызда 0,5%-ға қымбаттады. Жыл басынан бері өсім 20%-дан асты. MarketWatch деректеріне сәйкес, Уолл-стрит сарапшылары бағалардың тағы 25%-ға өсуін күтуде. 97% сарапшы бұл бағалы қағаздарды сатып алуды ұсынады.








