Microsoft ЖИ-көмекшіге ChatGPT бәсекелесін енгізді. OpenAI-мен арасы нашарлай ма?

Microsoft өз өнімдерінде ChatGPT чат-ботын жасаушы OpenAI-дың бәсекелесінің жасанды интеллектісін қолдана бастады. Компания 24 қыркүйекте оның ЖИ-көмекшісі Copilot енді OpenAI модельімен қатардағы Anthropic стартапының модельдерін де кейбір сұрауларға жауап беру үшін пайдаланатынын хабарлады.
Егжей-тегжейлі
Anthropic моделі алғаш рет ақпаратты талдап, есептер жасай алатын Microsoft 365 Copilot ақылды көмекшісіне енгізілді. Ерте қолжетімділік бағдарламасына қосылған пайдаланушылар OpenAI моделіне балама ретінде Anthropic әзірлеген Claude Opus 4.1 ЖИ моделін таңдай алады.
Anthropic 2021 жылы OpenAI-дің бұрынғы топ-менеджерлері негізін қалаған. Қыркүйектің басында компанияны инвесторлар $183 млрд-қа бағалады.
Қайнау нүктесі
Бұған дейін өнімдерінде негізінен OpenAI модельдеріне сүйенген Microsoft енді бір ғана қызмет жеткізушісіне тәуелді болғысы келмейді, дейді CNBC. Дегенмен Microsoft OpenAI-дың ең ірі инвесторы болып қала береді: стратегиялық серіктестік аясында ChatGPT жасаушысына $13 млрд бөлген. Ал OpenAI өз кезегінде Microsoft-тың Azure бұлттық қуатын пайдаланады.
Алайда Microsoft пен OpenAI арасындағы өзара әрекеттесу құрылымы өзгеріп келе жатыр, деп жазады CNBC. Өткен жылы-ақ Microsoft әзірлеушілерге арналған GitHub Copilot Chat өнімінде OpenAI технологияларымен қатар Anthropic пен Google модельдерін қолдануға мүмкіндік берген. Сондай-ақ, корпоративтік пайдаланушылар Copilot Studio базасында өз агенттерін жасақтау кезінде Claude Sonnet 4 пен Claude Opus 4.1 модельдерін таңдай алады.
Бұған бөлек, Microsoft тамыздың соңында толығымен компания ішінде оқытылған және Copilot көмекшісінің мүмкіндіктерін арттыратын алғашқы өзінің MAI-1-preview ЖИ моделін тестілеуді бастағанын хабарлады. CNBC ол кезде бұл OpenAI-мен бәсекелестігін күшейтуі мүмкін деп жазған.
Microsoft пен OpenAI арасы нашарлап, ЖИ саласындағы ынтымақтастықтың болашағы туралы түрлі көзқарастарға байланысты «қайнау нүктесіне» жақындап келеді, деп жазды The Wall Street Journal маусымда. Газеттің мәліметінше, OpenAI Microsoft-тың өз өнімдері мен ресурстарына бақылауын азайтқысы келеді. Ал қыркүйекте Bloomberg OpenAI-ге сілтеме жасап, компания Microsoft-пен «ауыр» келіссөздерді шешуге және дәстүрлі коммерциялық компанияға айналуға жақындады деп хабарлады.
OpenAI серіктестері көбейіп келеді
Осы айда OpenAI Oracle бұлттық қуатына $300 млрд жұмсауды жоспарлап отырғаны белгілі болды, сондай-ақ компания чип өндіруші Broadcom-пен $10 млрд көлемінде келісім жасасты. Осы аптада Nvidia OpenAI-мен ауқымды дата-орталықтар салу бағдарламасы аясында $100 млрд-қа дейін құяды деп мәлімдеді.








