Миллиардерлер АҚШ акцияларына қызығушылықтарын азайтты. Олар қайда инвестиция құюда?

АҚШ әлі де миллиардерлер үшін негізгі инвестициялық бағыт болып қала берсе де, американдық компаниялардың акцияларының кірістілігіне деген оптимизм 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеді. Бұл туралы Швейцарияның ірі банкі UBS жыл сайын жүргізетін сауалнамада көрсетілген. Дүниежүзіндегі ең бай адамдар назарын басқа дамыған нарықтарға және нақты активтерге ауыстырып, Азияға көбірек бет бұруда.
Егжей-тегжейлі
Келесі 12 айда Солтүстік Америкада ең үлкен кіріс әлеуетін 63% респондент көреді. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 80% болған. Ал бес жылдық перспективада оң бағалаушылардың үлесі 65%-ға жетеді, бұл 2024 жылғы 68%-дық деңгейге сәйкес.
АҚШ нарығының қысқа мерзімді тартымдылығы төмендесе, миллиардерлердің басқа аймақтарға қызығушылығы артып келеді. 40% респондент Батыс Еуропаны келесі жылы ең жақсы мүмкіндік деп санайды — бұл Үлкен Қытайға (34%) және басқа Азия-Тынық мұхиты аймақтарына (33%) қарағанда жоғары. 2024 жылы Еуропаға тек 18%, ал Үлкен Қытайға 11% респондент мән берген.
Бірақ бес жылдық перспективада приоритеттер түбегейлі өзгереді: миллиардерлердің жартысына жуығы Азия-Тынық мұхиты аймағы (51%) мен Үлкен Қытайды (48%) ең перспективалы деп санайды. Ал Батыс Еуропаға ұзақ мерзімді мақсат ретінде тек 30% қызығушылық танытады — аймақтың экономикалық және саяси құрылымдық проблемалары әсер етеді, деп хабарлайды UBS.
Миллиардерлер қандай активтерге инвестиция құяды
Азияға сенім артқан миллиардерлер қайтадан тәуекелге барады. 42% миллиардер дамушы нарықтардағы акцияларды (Emerging Markets, EM) келесі жылы көбейтуді жоспарлап отыр, өйткені кірістілік ұзақ уақыт артта қалғаннан кейін қалпына келе бастады. EM-дегі позицияларын қысқартуды тек 2% көздейді. Дамыған нарықтарда (Developed Markets) сатып алу қызығушылығы да жоғары — 43% респондент үлесті арттыруды жоспарлап отыр, бірақ мұнда скептиктер көп — 7% инвестициясын азайтуды ойлайды.
Миллиардерлердің жеке компанияларға қатысты көзқарасы бөлінген. Private Equity секторында 49% үлесті көбейтуді жоспарлайды, ал 20% қысқартуды ойлайды. Private Debt саласында үлесті арттыруды 33%, азайтуды 22% жоспарлап отыр.
Хедж-фондарға да айтарлықтай қызығушылық бар: 43% миллиардер портфеліндегі үлесті арттыруды жоспарлайды, ал 18% азайтуды ойлайды. UBS хабарлауынша, хедж-фондтар қолданатын стратегиялар — өскен және төмендеген акциялардың бағасы арасындағы айырмашылықтан пайда табу — бүгінгі акция кірістілігіндегі тұрақсыз айырмашылық жағдайында тиімді көрінеді.
Инфляциядан қорғану үшін ірі капитал нақты активтерге ағады: 35% респондент инфрақұрылымға, 32% алтын мен бағалы металдарға инвестицияны арттырады. Фиксирленген кірістілік құралдары тұрақты аймақ болып қала береді: дамыған елдерде облигациялардағы позициясын 52%, дамушы елдерде 66% миллиардер сақтап қалады.
Миллиардерлердің пікірі
«Солтүстік Америка — бірінші инвестициялық бағыт деп есептемеймін, нарықтың тереңдігі мен инновациясына қарамастан, — дейді бір еуропалық миллиардер. — Географиялық концентрация бізге тәуекел тудырады, ал ең жақсы мүмкіндік диверсификацияда. Біз нақты активтерге көңіл бөлеміз — олар құндылық береді және волатильділік немесе инфляция кезінде қорғаныс болады. Қазір акциялар облигацияға қарағанда қызықты болуы мүмкін, бірақ біздің басымдық — тұрақтылық пен сенімділік. Хедж-фондтар — қосымша құрал. Негізгі стратегия — капиталды болашақта құнын сақтай алатын активтерге байлау, әсіресе қазіргі жаһандық дағдарыстар кезеңінде».
Неден қорқады
Келесі жылы басты қауіптер ретінде миллиардерлер сауда баждары (66%), ірі геосаяси қақтығыстар (63%) және саяси белгісіздікті (59%) атайды. Қорқыныштар тұрғылықты жерге байланысты өзгереді: АТР-да 75% респондент сауда соғысы мен баждан қорқады, Солтүстік және Оңтүстік Америкада 70% миллиардер басты тәуекел ретінде жоғары инфляция мен геосаяси қақтығыстарды санайды.








