Мойындау сәті: Microsoft-пен келісімнен кейін Уолл-стрит Nebius жайлы не дейді?

Уолл-стрит сарапшылары жасанды интеллектке арналған бұлт провайдері Nebius Group-тың Microsoft-пен жасаған келісімін компания үшін бетбұрыс сәт деп атады. Олардың пікірінше, «Яндекс» негізін қалаушылардың бірі Аркадий Волож құрған стартап пен технологиялық алпауыт арасындағы келісім алдағы жылдары Nebius табысының басты драйверіне айналады.
Егжей-тегжейі
— DA Davidson сарапшысы Алекс Платт Microsoft-пен келісімді Nebius үшін мойындау сәті деп бағалады. Оның айтуынша, бұл компанияның ірі келісімдерінің басы болуы мүмкін. Ол Nebius қызметіне жаңа буын бұлт — ЖИ-ға бағытталған неоклауд сегментінде басқа да гиперскейлерлер мен ЖИ зертханалар қызығушылық танытуы ықтимал екенін айтты. Компания деректер орталықтарының қуатын жаңа жобалар арқылы кеңейтіп жатыр. «Бұл келісім тағы да Nebius-тың неоклауд нарығындағы жетекші ойыншы екенін көрсетті», — деді Платт Bloomberg-ке. Ол жақын болашақта Nebius тағы бір ірі клиент тарта алады деп күтеді. DA Davidson акцияларды «сатып ал» деген ұсынысты растады, мақсатты бағасы — 75 доллар (8 қыркүйектегі жабылудан 17% жоғары).
— Goldman Sachs те Nebius акцияларына «сатып ал» деген рейтингін растады, мақсатты бағасы — 77 доллар. Банк келісімді акциялар үшін маңызды катализатор деп атады. Олардың пікірінше, келісім Nebius-тың ЖИ-инфрақұрылым бизнесінде, әсіресе GPU қуатын жалға беру қызметінде (GPU-as-a-Service) табыс өсімін жеделдетеді. Goldman бұл мәміленің ауқымы мен қаржыландыру шарттары компанияға жоспарланғаннан жылдам кеңеюге мүмкіндік береді деп есептейді. Келісімнен түсетін қаржы құрылыс шығындарын жабуға көмектеседі. Банк шарттар жоғары маржаны қамтамасыз етеді және 2026 жылдан бастап Nebius ЖИ қызметтерінің жылдам өсуіне негіз болады деп атап өтті.
— BWS Financial сарапшысы Хамед Хорсанд Nebius акцияларының мақсатты бағасын 90 доллардан 130 долларға дейін көтеріп, «сатып ал» деген ұсынысты растады. Оның жаңа бағасы соңғы жабылудан 26%-ға, ал келісім жарияланғанға дейінгі бағадан үштен бірге жоғары. Хорсандтың айтуынша, келісім Nebius үшін маңызды кезең болды және ұзақмерзімді табыс әлеуетін айқындап, қуат арттыру жоспарларындағы тәуекелдерді азайтты. Ол Microsoft-тың Нью-Джерсидегі Nebius нысанының қуатының басым бөлігін пайдаланатынын атап өтті. Сарапшы компания болашақ деректер орталығы жобалары арқылы жаңа ірі клиенттер тартуға жақсырақ мүмкіндік алды деп санайды.
Контекст
Нидерландыда құрылған ЖИ стартап Nebius Group-ты қазақстандық Аркадий Волож («Яндекс» негізін қалаушы) ашқан. 8 қыркүйекте компания Microsoft-пен ЖИ-инфрақұрылымын ұсыну бойынша көпмиллиардтық келісім жасады. Бес жылдық келісім аясында Nebius Microsoft-қа 17,4 млрд долларлық GPU-қуат береді. Егер қосымша ресурстар сатып алынса, жалпы сома 19,4 млрд долларға жетуі мүмкін. Microsoft бұл қуатқа 2025 жылдың соңында іске қосылатын Нью-Джерсидегі жаңа деректер орталығы арқылы қол жеткізеді.
Келісімнен кейін Nebius акциялары 9 қыркүйекте Nasdaq-та 50%-ға жуық қымбаттап, 95,7 долларға жетті. Бұл жаңа рекорд болды. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны шамамен 250%-ға артты.
Қазіргі баға Уолл-стрит консенсусынан (89,4 доллар) 7%-ға жоғары. Nebius акцияларын бақылайтын барлық бес сарапшы «сатып алуды» ұсынады (төртеуі Buy, біреуі Overweight).








